Нұрлан Қоянбаевтың "Қазақша бизнес Түркияда" фильмі көпшілікке өткен жылдың 30 желтоқсанында ұсынылды. Картинаны 2 жыл күткен жұрт алғашқы күндері кинотеатрларға жарыса ағылды. Продюсердің айтуынша, сол кезеңде таңғы сеанстардан бастап түнге дейін билеттер болмаған. Алайда 4 қаңтар күні елімізде митингілер басталып, ақырында фильм көрсетілімі біраз уақытқа тоқтап қалды. Қазіргі уақытта кей кинотеатрлар фильмді қайта көрсетуде. Осы орайда Қоянбаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезіндегі уайымы мен саясатқа көзқарасы жайлы Динара Сәтжанға сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Елімізде әрбір бейсенбі сайын митинг болмайды ғой, 30 жылда бір болады", - деген Қоянбаев демократиялы елде митингілердің болуын заңды деп санайды. Айтуынша, еліміздің әрбір тұрғыны өз ойын ашық білдіре алса, қақтығыстар болмайды.
"Мысалы, Кореяға, Сеулге бардым, көшеден 5 мың адам айқайлап өтіп бара жатыр. Не істеп жатыр? - десем: "Олар бірдеңеге қарсы", дейді. Яғни, митинг болып жатыр, ал мұнда адамдардың өмірі жалғасып жатыр. Демократиялы ел деген сондай болу керек", - дейді кинопродюсер.
Қоянбаев "Қазақша бизнес Түркияда" фильміне 500 мың АҚШ долларын жұмсаған. Айтуынша, кеткен қаражат бүгінде толығымен ақталды. Тіпті, түскен табыс та бар. "Алайда ол байып кететіндей табыс емес", - дейді өзі. Десе де, продюсер қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде өз қалтасын емес, мемлекеттің болашағына алаңдағанын айтады.
"Әрине, уайымдадым. Мемлекет, халық ретінде болашағымызды ойладым. Мен Түркияға бардым, қолдан келгенше кино түсірдім. Киноға шығардық, бірақ халық митингке шығып, одан кейін төтенше жағдай болып, кинотеатрлар жабылып қалды.
Әрбір қазақстандықта табысқа жетуге деген мүмкіндік болу керек. Мен мысалы өз мүмкіндігімді кино түсіру арқылы көрдім. Бірақ мен еңбектенсем де, табысты болу, болмау маған байланысты емес екен. Өз салаңда кәсіби маман болсаң да, табысты болу өзіңе ғана байланысты емес. Қазір біз бәріміз саясатпен айналысуымыз керек болды. Саясатпен айналыспасаң, ол сенімен айналысады. Бұрын жоғарыдағылар ақылды ғой, олар біз үшін шешім қабылдайды, ал мен комедия түсіремін деп ойлаушы едім. Бірақ біздің елде комедия түсіруге ерте екен", - деді Қоянбаев.