Нұр-Сұлтанда үйлерді газға қосу үшін берілетін әлеуметтік көмек мөлшері 11 сәуірден бастап ұлғайтылды. Мұндай бастаманы қала басшысы Алтай Көлгінов ұсынды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған sputnik.kz тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.
"Бұрын тұрмысы төмен отбасылар санаттарына 90 АЕК мөлшерінде ақшалай көмек бөлінетін, бұл – 260 мың теңгеден астам. Енді осы әлеуметтік көмектің мөлшері 130 АЕК-ке дейін – 410 мың теңгеден астам сомаға ұлғайтылды", - делінген хабарламада.
Әлеуметтік көмекті арттыру туралы ұсынысты қалалық мәслихат қолдады.
Әлеуметтік көмектің бұл түрін алуға өтінімді egov.kz ("электронды өтініштер" – "онлайн қызметке тапсырыс беру") портал арқылы қалдыруға болады.
"Ұстау" бағанында тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек, "алушы" бағанында – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы таңдалады.
Еске сала кетейік, елордада жеке секторды газдандыру жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, желілер 9 елді мекенге жеткізілді. Қалған екі аудан бойынша газ тарату желілерін салу жұмысы кезең-кезеңмен жүргізіледі.
Елорданы газдандыру қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға әсер етеді. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам отбасы газға көшті. Бұл қазірдің өзінде 40 мыңнан аса отбасы өз үйін көмірмен жылытпайды дегенді білдіреді. Ал бұл орташа есеппен 40 мың тонна көмірді құрайды. Газға қосылған үйлердің саны күн сайын артып келеді. Сонымен қатар ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі барлық су жылыту қазандығы газға ауыстырылды.