Елдің басты саяси науқаны туралы ақиқат айтылып, сайлау межесі белгіленісімен, партиялардың арасында алғашқы болып «Нұр Отан» үлкен додаға бел шеше кірісті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығындағы елдің ең үлкен саяси ұйымы өткен жұмада кезектен тыс XIV съезін өткізіп, сайлауалды тұғырнамасын бекітті, Мәжіліске түсетін үміткерлерінің тізімін жариялады.
Конституцияға сәйкес, ендігі күні елде кемінде екі партиядан жасақталатын Мәжіліс жұмыс істемек. Сондықтан да бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Өйткені бұл жолы сайлаудың бәсекесіне де, саяси партиялардың жауапкершілігіне де ерекше мүмкіндік берілмек. Әйтсе де, Мәжілістегі басым орынға басқамен таласпастан, «Нұр Отанның» бір өзі жайғасатыны бесенеден белгілі. Бұған партияның 18 жылдық тәжірибесі мен жұрт алдындағы беделі, әлеуеті де, ең бастысы, төрағасының тұлғалық қасиеті де ерекше сеп болатыны айқын. Оның үстіне, «Нұр Отан» бұған дейінгі әлеумет алдында өзіне алған міндеттерін толықтай орындап, іскерлігімен таныла білді. Сондықтан алдағы ұлы додаға «нұротандықтардың» сақадай сай болатынын болжамау еш мүмкін емес.
2017 жылға дейінгі тұғырнама тұғырына қонды
Кезектен тыс съезд барысында алдымен сайлауалды тұғырнаманың басты бағдары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арнап, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қол жеткен жетістіктегі партияның сүбелі үлесін айрықша атап өткен болатын. Сөз арасында осыдан бес жыл бұрынғы халықтық тұғырнаманың толық орындалғанына, күрделі кезеңнің сәтті игерілгеніне назар аударылды. Әйтсе де, кешегі өрелі істерден гөрі, алдағы ұлы межелердің қашан да маңызды болатындығы тағы рас. Осыған орай, «Қазақстан. 2017 мақсаттары» атты ұлттық іс-қимыл жоспарының сайлауалды тұғырнамасы бекіп, онда келешек бесжылдықтың негізгі бағдары сараланды.
«Біздің ортақ міндетіміз – сайлауалды күресте партиялық міндеттеріміздің түбегейлі мазмұнын әр сайлаушыға, әр қазақстандыққа жеткізу. Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығының тарихы бүгін басталады. Сондықтан 15 қаңтардағы парламенттік сайлау – болашақтың ақиқат сәті деуге болады. Мен «Нұр Отан» партиясын қазақстандықтардың қолдайтынына сенімдімін. Бізге, нұротандықтарға, тек жеңіс керек! Ол белгіленген бағдарламаларды орындауды жалғастыру және барлық азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қажет», – деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сонымен, «Нұр Отан» қабылдаған сайлауалды тұғырнамада басымдық негізгі тоғыз бағыт бойынша тармақталыпты. Атап айтқанда, білім мен ғылым саласында балабақшадан бастап, жоғары оқуға дейінгі кезеңнің барлығында сапалы біліммен қамтамасыз етіліп, мұғалім жалақысын арттыруға күш салынатын болады. Ұлт денсаулығын нығайту бағытында елдегі өлім көрсеткішін алдағы бес жылда 15 пайызға азайтып, өмір сүрудің орташа жасын 70-ке апару мақсат етіледі. Білім мен денсаулық саласында жаңа нысандарды іске қосу алдағы бес жыл бойына да жалғасын табатын болады. Тұғырнаманың 2017 жылға дейінгі кезеңінде жаңа әлеуметтік саясатқа да басымдық беріліп, әлеуметтік жәрдемақылар кезең-кезеңімен көтерілетіні қамтылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек пен базалық зейнетақы төлемінің мөлшері күнкөріс деңгейінің 60 пайызына дейін өсетін болады.
Партия тұғырнамасында ауылға да көңіл бөлініп отыр. Мәселен, шалғайдағы тұрғындар табысын арттыру мақсатында ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға барынша мән беріледі. 3 млн теңгеге дейін шағын несиелер жеңілдетілген түрде ұсынылып, өңірге барған бизнеске мемлекеттік қолдау жан-жақты болады. «Ауылдық жерде іспен айналысқысы келетіндер үшін берілетін көмек – 3 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелер. Ал ауылда жұмыс істей алмайтындарды біз мемлекет есебінен қалаларда оқуға шақырамыз, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етіп, жұмысқа орналастырамыз. Мұны жұртқа түсіндіру керек. Бұл – біздің жағдайымызда өте маңызды бағдарлама. Мұнымен қоса, Қазақстанда жұмыссыздар саны мейлінше аз болуы тиіс. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер баршылық. Бірақ ең алдымен адамның өзінің еңбек етіп, өзінің және өз отбасының тұрмысын жақсартуға деген ниеті болуы қажет. 2018 жылы Қазақстан тұрғындарының табыс деңгейі жоғары елдердің тобына енуі тиіс», – деп атап көрсетті партия төрағасы. Бұдан бөлек, ұлттық іс-қимыл жоспарында баспанамен қамту, коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, сосын жастар саясатын индустрияландыру жобасымен ұштастыру мәселелері де жан-жақты қамтылған. Сөз соңында Мемлекет басшысы партиялардың қоғамдағы рөліне де назар аударып, «Нұр Отанның» келешек жолына қатысты көзқарасын білдірді.
«Сайлаудан соң жаңа Үкімет жасақталып, министрліктер мен ведомстволар сапалық тұрғыда жаңарады. Мұның өзі барлық саяси партиялардың жауапкершілігін арттыра түсетіні анық. Бүгінде жаңа жағдайлардағы саяси бәсекелестік мағынасының неде екенін айқын түсінудің маңызы зор. Егер әлемге көз салар болсақ, ХХІ ғасырда табысты партияның күші оның әккілікпен сынай білуінде емес екенін аңғарар едік. Партияның күші оның жұртшылықты сынақтар соқпағынан алып өту, тұрақтылық пен халық бірлігін нығайта білу қабілетінде», – деген Президент «Нұр Отан» алдындағы бес түрлі міндетті де айқындады. Бұлар, біріншіден, партияда кадр саясатының айқын жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте аудан мен облыс департаменті басшысынан бастап, министрге дейінгі мемлекеттік менеджерлердің жауапты қызметтеріне кадрлар іріктеудегі партияның рөлін күшейту қажет. Екіншіден, «Нұр Отан» партиясы стратегиялық мемлекеттік бастамалар жасаудың орталығы болуға тиіс. Үшіншіден, партия басшылығы мен оның Парламенттегі фракциясы қызметінің біртұтас алгоритмі қажет. Төртіншіден, жаңа тұғырнаманың орындалуы партия басшылығының қатаң бақылауында болуы шарт. Бесіншіден, электораттық кезеңде «Нұр Отан» партиясы өзге саяси партиялармен, кәсіподақтармен және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық туралы сайлауалды меморандумы сияқты құралдарды пайдаланатын болады.
Сонымен, сайлауға бел шешіп баратын партияның тұғырнамасы бекіді. Сараласақ, ондай тұғырнамаға «Нұр Отан» әуелден-ақ кіріскені білінеді. Мәселен, бұған дейін партияның «Халық дауысы» акциясы өңір-өңірде айлап өтіп, миллиондаған азаматтар өз аманатын партияға артқан еді. Сол аманаттың иегерлері «Қазақстан. 2017 мақсаттары» атты ұлттық іс-қимыл жоспарының тең авторларына айналып отыр. Оның үстіне, тұғырнама Елбасының «Қазақстан-2020» бағдарламасымен де үндесіп, гүлденген Қазақстанда әрбір азаматтың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталады. Сөйтіп, жаңа парламенттік кезеңді қамтитын нұротандықтардың ұлттық іс-қимыл жоспары 600-ден астам делегаттың бірауыздан қолдауымен бекітілді.
Қуаныш Сұлтанов, мемлекет қайраткері:
– Халыққа керегі – жұртшылықтың әлеуметтік әлеуетін күшейту. Бұл тұрғыда айта кетерлігі, «Нұр Отан» осыған дейінгі халық алдында жариялаған тұғырнамасын толық атқарып шықты. Бұған дейінгі тұғырнама үлкен базаның рөлін көтеріп, болашақтың мүмкіндігін ашуға септігін тигізді. Ендігі уақытта жұртшылықтың әлеуетін арттыру мақсатында жұмыс орындарын көбейту, жаңа технологиялармен жарақтанып, азаматтарды жаңа деңгейде оқыту міндеті тұр. Бұл ретте үлкен қалаларға, үлкен өндірістерге қарай қозғалыс болып жатқаны айқын. Мұны мемлекет өз есебімен пайдаланып қалуы керек. Сайлауалды бағдарламаның ең өзекті, ең сүйекті тұсы да – осы. Сондықтан да «Нұр Отан» қабылдаған тұғырнама халықтың сұранып тұрған қажеттіліктеріне толық жауап береді. Ендеше, сайлау алдындағы бағдарлама халықтың жүрегіне жетеді деп сенемін.
Нұрлан Әлімжан, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, әртіс:
– «Нұр Отан» – біз үшін сенімді болашақ партиясы. Сондықтан да бүгінгі атқарылып жатқанның барлығы бұл ертеңгі болашаққа арналған шара деп білемін. Оған деген сенім де жоғары. Сонымен қатар қазақ жастарының өз болашағын Елбасының жетекшілігіндегі «Нұр Отанмен» байланыстыратынына да сеніммен қарауға болады. Себебі Президенттің көтеріп жатқан бастамалары, партия алдына қойып жатқан мақсаттардың барлығы түптің түбінде жастарға, жастардың игілігіне арналған.
Мұхтар Алтынбаев, сенатор:
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қыруар шаралар атқарылды. Жеткен жетістіктің ішінде Елбасының төрағалығындағы партияның үлесі зор деп білемін. Ендігі мақсат – қабылданған іс-қимыл жоспарын бұған дейінгі қарқынмен, бұған дейінгі деңгеймен жүзеге асыру. Сонымен қатар елдің ауызбіршілігі қашанда ең қажетті дүние. Бұған барлық күштердің мүдделілігі керек. Біздің алдағы жұмысымыз да осыған негізделеді деп ойлаймын. Ал жұртшылықтың әлеуметтік мәселелерінің қалай орындалуы керектігін Президент Нұрсұлтан Әбішұлы айғақтап берді. Біздікі – сол бағдармен жүріп, ондай шараларды сапалы орындау.
Ерлан Қарин, «Нұр Отан» ХДП хатшысы:
– «Нұр Отанның» партиялық тізімі салмақты сақа саясаткерлермен, ұлттың беделді ұландарымен қалыптасып отыр деп айтуға болады. Үміткерлер тізіміндегі тұлғалардың басым көпшілігі – партиялық және мемлекеттік қызметтерде беделді қызмет атқарған, негізінен, тәжірибелі, салмақты тұлғалар. Мұнда ұлт мүддесін қозғай алатын жас қайраткерлер де баршылық. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының алдағы тұғырнамасын тек партия тізіміне енген тұлғалармен өлшеуге болмайды. Яғни партиялық тізімге еніп отырған адамдар ғана ертеңгі үкіметтің саясатын анықтаумен айналыспайтынын, партияның алдағы бағдарына қатысты сараптаманы тек партиялық тізіммен қарастыруға келмейтінін ескерген ләзім. Керісінше, барлық жағдайда партиялық тізімге емес, партияның бағдарламасына көп салмақ түсіру керек деп ойлаймын. Мұнда тоқтала кететін жайт, партияның тұғырнамасының іске асуында болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда сайлауалды тұғырнамада ұлттық, мемлекеттік мәселелер кеңінен қамтылған.
«Нұр Отан» үкілеген үміткерлерін жариялады
Съезд мінберіндегі сөзі барысында Мемлекет басшысы төртінші шақырылым депутаттарының нәтижелі жұмыстарына ризашылығын айтып, олардың көпшілігі қайта сайланатынына да сенім білдірген-ді. Соған сәйкес, 127 кандидатты іріктеп шыққан «Нұр Отанның» тізімінде осының алдындағы Мәжілістің 49 депутаты кірігіпті. Бұл жолғы тізім бойында өткен шақырылымның Ирак Елекеев, Бекболат Тілеухан секілді белсенділері болмағанымен, саяси салмақтылар арасында тың күштер қосылғанын аңғару қиынға соқпайды. Республиканың Мемлекеттік хатшысы – Қ.Саудабаев, облыс әкімдері – С.Дьяченко, Б.Ізмұхамбетов, С.Кулагин, Алматы қаласының әкімі А.Есімов, қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Әшім Мәжіліске үміткерлер арасынан көрінді. Жұрт жазбай танитын танымал тұлғалар, оның ішінде Халық әртісі Ә.Дінішев, әнші Н.Абдуллин, Әлем және Олимпиада чемпиондары Е.Ыбырайымов, О.Шишигина, Ю.Мельниченко, А.Винокуров секілді саңлақтар да саптан табылған. Соған қарап сарапшылар «Нұр Отанның» партиялық тізімі сәтті жасақталған, салмақты сарапталған деп бағалайды.
Дегенмен бекітілген 127 кандидаттың қайсысы келесі жылдың басынан-ақ үлкен саясаттың қарбаласына қызу араласатынын болжауға әлі ертерек. Өйткені Мәжіліске керегі 98 мандат болса, Конституция талаптарына сәйкес, мұның барлығы бірдей жалғыз партиядан жасақталмайтыны белгілі. Ендеше, үміткерлер тізімі бекітілгенімен, алда нұротандық кандидаттарды әлі де іріктеулер күтіп тұр. Оған дейін Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өткен партияның белсенділері сайлау додасына қарай тартылатын болады.