Наурызды тойлаймыз деп ізгі амалдарды ұмыт қалдырмайық
Наурызды қазақ халқы атам заманнан барлық жаңашылдықтың басталатын күні ретінде есептеген. Қыстан шыққан егіншілер мол өнім алу ниетімен егін егуге кіріскен, малшылар қойларын қырқып, жылқыларына таңба басып, табынға қосқан. Жалпы дәстүр бойынша, Наурыз мейрамын көшет немесе гүл отырғызудан, арықтарға су жіберуден бастаған. Бүгінде аталмыш мейрамды тойлау тұсы сақталғанымен, ізгі амалдар жасау жағы ұмытылып бара жатқандай.
Қазақстанда Наурыз мемлекеттік мейрам ретінде үш күн бойы аталып өтіледі. Осы үш күннің бір күнін пайдалы істер жасауға арнаса артық болмас еді. Мысалы, бұрын асар жасау жақсы жолға қойылған-ды. Жағдайы төмен адамдарға асарлатып там соғып берген. Кедей-кепшік бүгінгі қоғамда да жоқ емес, демек, соларға қол ұшы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Лениннің туған күнінде өткізіліп жүрген сенбілік бұрынғы қазақтарда Наурызда өтетін. Арықтар тазаланып, ағаш көшеттері отырғызылатын, гүл егілетін. Кейбір шығыс халықтарында бұл күн әлі күнге дейін су немесе гүл мейрамы деп аталады. Ағаш егу кейбір ауылдарда жүргізілгенімен, жаппай қолға алынбай келеді. Бұл игі амал арқылы елімізді көгалдандыру ісіне зор үлес қосуға болар еді.
Көктем шыға елімізде су тасқыны болып, еріген қар сай-салаға кетіп, халықты мазалауда. Мамандар мұны көше бойындағы су ағатын арықтар, жолдардың астымен өтетін суағарлардың мерзімінде тазаланбауынан көреді. Егер су ағатын арықтар дер кезінде қардан, күл-қоқыстан аршылғанда, су жан-жаққа жайылмай, өз жолымен ағар еді. Демек, Наурыздың бір күні арқылы зардабы бәленбай айға жетерлік апаттың алдын алуға болады екен.
Сапарғали Жолаушин, ардагер ұстаз:
– Ертеректе Наурыз мейрамы тек тойлау ғана емес, көптеген пайдалы іс-шаралармен өткізіледі екен. Мұның бәрін ұмыттырған Кеңес өкіметі ғой. Наурызды жоюға тырысты, біздің бала кезімізде кейбір ауылдарда аталып өтетін, онда да арақ ішуден арыға бара қоймайтын. Сондықтан Наурызда жасалатын игі амалдарды жаңғырту қажет. Ұрсысып қалған адамдарды татуластыру деген – өте жақсы дәстүр. Ренжісіп қалып, кешірім сұраудың ретін таппай жүргендер қаншама?!.