Синоптиктер 3 сәуірде республика бойынша және Қазақстан мегаполистерінде ауа райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Қазгидромет" РМК ресми сайтына сілтеме жасап.
Метеорологтардың мәліметінше, бүгін еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Тек елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде фронтальды бөліктердің әсерінен жаңбыр жауып, оңтүстікте найзағай ойнайды. Сондай-ақ оңтүстік-шығыста қатты жел, оңтүстікте шаңды дауыл, батыста тұман күтілуде. Сонымен қатар Жетісу, Жамбыл облыстарында екпіні 30 м/с-қа дейін жететін қатты жел тұрып, күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жаңбыр жауады. Ал бүгін ел ордасы Астанада күндіз ауа температурасы +12...+14 градусқа дейін көтеріледі. Желдің жылдамдығы секундына 5-10 метр. Синоптиктер дүйсенбіде Алматыда да +14...+16 градусқа дейін жылы болады, деп болжап отыр. Жел аздап күшеюі ықтимал (3-8 м/с). Апта басында Шымкентте найзағай ойнап, жаңбыр жауады деп күтілуде. Күндіз сынап бағанасы +21...+23 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ қалада желдің екпіні секундына 8-13 метрге дейін күшейсе, кей жерлерде секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.