Қазақстан халқы Ассамблеясының кешегі өткен XVII сессиясы «Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» атты тақырыпты қамтыды. Елбасы – Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өткен жиын барысында береке мен бірліктің бастауына қатысты мәселелер талқыланды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, сондай-ақ биылдан бастап жаңа тұрпатта тойланатын 1 Мамыр мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған алқалы жиынның көтерер маңызы зор болатыны түсінікті. Ассамблея мүшелері алдында сөз алған оның төрағасы да кіріспе сөзін осы екі айтулы мерекемен ұштастыра сөйледі. «Тәуелсіздік алған тұста біз таңдауы қиын жолайрықта тұрдық. Біз сол күрделі кезеңде өміршең жолға түсіп, берекелі болашағымызды бекем бірлікпен байланыстырдық. «Тату елде тыныштық орнайды, бейбіт елде береке болады» деген. Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді сара уақыттың өзі дәлелдеп берді. Біз 100 жылға татитын 20 жылда ортақ жауапкершілік жолымен жүріп өттік. Ірі белестерді бірге бағындыра білдік. Мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік. Тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың қазақстандық жолын айқындадық. Мұның бәрі бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Осы жылдары татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болған Ассамблея еліміздің дамуына үлес қосты, әлі де қосып келеді», – деді Елбасы. Бұдан кейін 1 Мамыр мерекесінің ендігі мерейіне тоқталған Елбасы 1 Мамыр ел этностарын одан сайын жақындастыра түсетініне, оның елдегі ең басты мерекенің бірі болатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде Қазақстанда тұратын этнос өкілдеріне олардың тілі мен мәдениетін сақтауға барлық жағдайлар жасалып жатқандығына мән беріп өтті. 22 түрлі этностың тілі бүгінгі күні өзіндік оқу пәні ретінде 180 мектепте оқытылса, 88 мектеп өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілдерінде сабақ өткізеді. 33 мамандандырылған мектеп «үштұғырлы тіл» қағидатымен қызмет етеді. «Қазақстанның жетістігі қашанда біздің шетелдік отандастарымыздың назарында. Бүгінгі күні олардың көпшілігі атамекеніне оралып, өздерінің әлеуетін тек туған Отанында ғана жүзеге асыра алатындарын түсінуде. Соңғы бес жылдың ішінде ғана бізге әртүрлі себептермен шетел асқан ондаған мың отандастарымыз оралды. Мен мұнда оралмандар туралы айтып отырған жоқпын, ол бөлек әңгіме. Мұндағы негізгі әңгіме Қазақстанға қайта оралған 4,5 мыңнан астам орыс, 5 мыңнан астам неміс туралы болып отыр. Тіпті шетелде қалғандардың арасында олардың көпшілігі Қазақстан туралы, өздерінің туған Отаны туралы ең ыстық сезімдерін сақтап отыр», – деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы өткен 20 жыл ішінде әртүрлі сенім ағымындағы қазақстандықтарға теңдей мүмкіндік жасалғанын, соның нәтижесінде діни бірлестіктер саны 700-ден 4,5 мыңға жеткендігін атап өтті. «Біз достықтың бірегей үлгісін құрдық, енді оны сыртқы қатерлерден сақтауымыз керек. Жалпы, қақтығыс деген қайдан шығады? Құдайсыздықтан, ашкөздіктен туады. Құдайдан түскен кітаптарды оқысаңыз, дәстүрлі конфессиялардың бірде-біреуі зорлықты уағыздамайды. Қазақстанда сенім негізіне қарай қастық ойлау жоқ. Бір қызығы, әлемдегі дәстүрлі діндердің ешқайсысы да біздің ұлы даламызда тумаған еді. Бірақ дәл осы ұлы далада шынайы, бейбіт рух өзінің нағыз мекеніне орнықты», – деді Президент.
Ассамблеяға стратегиялық құжат қажет
Бұдан бөлек, Н.Назарбаев ұлтаралық келісім үшін алдағы уақытта да атқарылуы тиіс шараларды тізіп шықты. Ең алдымен – жалпыұлттық бірлікті нығайту жолындағы жұмыстарды жалғастыру. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы өздерінің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы жобасын әзірлеп отыр. Президенттің пікірінше, дәл осы құжатта қазақ елінің толеранттық моделінің ерекшелігіне жауап берілуі шарт. Сонымен қатар Ассамблеяның барлық құрылымы ең бірінші кезекте қазақстандық жастарды бейбітшілік пен келісімнің жоғары жауапкершілік сезіміне тәрбиелеуі тиіс. Бұдан бөлек, Президент Ассамблеяның басым бағыттарының бірі ретінде барлық этностарға қазақ тілін меңгеруге қолдау көрсетуді, елімізде тұратын барлық ұлыстардың мәдениеті, дәстүрі мен тілін сақтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. «Қоғамдағы ұлттық келісім мен тұрақтылықтың нығаюы үшін мен осы жылдар ішінде барлық мәселемен айналысып келемін. Өйткені мұндай тұрақтылықсыз экономикалық өсім де, бірлік те болмайды. Сондықтан да бұл мәселелер әрбір министрдің де, әкімнің де ұдайы назарында болуы шарт. Сонда ғана Қазақстанның тұрақтылығын сақтай аламыз. Бұл бағытта Ассамблея хатшылығы Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып 2020 жылға дейінгі Ассамблея стратегиясын әзірлеп менің бекітуіме ұсынсын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар Қазақстанның этномәдени орталықтарын инновациялық-индустрияландыру идеясына, келешектегі технологиялық секіріске жұмылуға шақырды. Мемлекет басшысы сөзінің соңында халықтың саяси ерік-жігері мен отансүйгіштік қасиеттерін ортақ мақсаттарға жұмылдыру арқылы дамудың жаңа деңгейіне көтерілу қажеттігін еске салып, осындай жағдайда тарихи өлшемдегі ұлы жобаларды іске асыруға қабілет жететінін атап көрсетті. «Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршаңызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз, ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз. Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуі тиіс. Сондықтан да біз тамырын тереңге тартып, Тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет», – деді Елбасы. Сонымен қатар Президент ел бірлігін еселейтін мұндай құндылықтардың отаншылдық сезімін ұлықтайтынына да назар аударды. Сонда Тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болады. «Бұл ретте Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерейлі меже ғана емес, болашаққа бағдар болатын лайықты белес. Еңсе тіктеген еліміздің алдында ұлан асу, биік белестер тұр. Сондықтан да бүгінгі сессияда өзекті мәселелер талқыланып, келелі ойлар айтылатынына сенім мол. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын», – деп аяқтады сөзін Н.Назарбаев.
Бізді біріктіретін қазақ тілі болуы тиіс
Мемлекет басшысының сөзінен кейін Ассамблея мүшелері болашақ бағдарға, стратегиялық жоспарына қатысты пікірлерін айтып, алдағы мұраттар жолында атқарылар шараларды пысықтап шықты. Жиын барысында Ассамблея сессиясына қатысушылар арнайы үндеу қабылдап, соңынан Төраға Нұрсұлтан Әбішұлына қоғамдық һәм халықтық награда ретінде Ассамблеяның «Бірлік» атты алтын медалі табыс етілді. «Қазақтың тарихындағы болмаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Біздің буынға осындай қасиетті ұғымға сүйсініп, осындай қасиетті шараға жұмыс істеу жазылыпты. Сондықтан да біз бақытты ұрпақпыз. Қазақстан этностарының бірлігі, тыныштығы түптеп келгенде қазақ халқының болашағына қажет. Оның ішінде қазақтың өзінің ішкі бірлігі керек. Тарихи қалыптасқан көпұлтты халықтардың барлығына Қазақ елі бас халық болып, ұйытқы болып, дүние еліне үлгі танытып отырмыз. Осы идеяны жастарға аманаттау керек. Америкалықтарға қарасаңыз, оларды біріктіретін бір ғана нәрсе – ағылшын тілі. Бізді де біріктіретін нәрсе – қазақ тілі. Мұнда басқа тілдерді жаншып, қазақ тілінің үстемдігін ғана арттыру туралы мәселе қойылып отырған жоқ. Қайта ұлттарды тілдік бірлік арқылы біріктіру мәселесі қойылып отыр. Осы бағыттан жаңылмасақ, түбінде біз бір ел, бір жұрт, бір халық болып шығамыз. Мен соған сенемін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы сессия жұмысын аяқтап тұрып сөйлеген сөзінде.
Камал Бұрханов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Ассамблея сессиясының бұл жолғысы өзгесінен ерекше болды. Биыл – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Бұл – бір, екіншіден, Ассамблея сессиясы бұған дейін күзде не қыста өтіп келді. Ал биыл 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтуде. Елбасы «1 Мамырға қарай өткізуді дәстүрге айналдыру керек» деп атап өтті. Өйткені үлкен мерекенің алдында Ассамблея сессиясының өткені өте дұрыс шешім болды. Сессияның бүгін болуы да ертерек, негізінен, дәл мерекеге жақын өткізгеніміз жөн. Сессияның тағы бір ерекшелігі – аталмыш шараның кезектен тыс президенттік сайлаудан кейін іле-шала өтуі.
Бақытжан Сағынтаев, Павлодар облысының әкімі:
– Менің ойымша, Елбасының Ассамблея сессиясында берген тапсырмаларының ішіндегі ең маңыздысы – тілге қатысты айтқаны. Ол «Қазақстандағы барлық ұлттардың басын қосатын дүние – тіл» деді. Егер де осы елді таңдап, осы елді шын жүрегімен сүйетін болса, онда ол ұлтты біріктіруші тіл – қазақ тілін білуі керек. Егер қазақ тілін мойындап, соған бойсұнатын болса, онда ол ұлттың өзінің де тілі дамиды, қазаққа да құрмет көрсеткендігі.
Асылы Осман, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Қазақ деген дана халық айтады ғой, «Тең атаның балалары теңдікке шыдағанымен, кемдікке шыдамайды» деп. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсаты – қазақ даласындағы халықтарды теңдікте ұстау. Теңдік мақсатында құрылған Ассамблеямыз кейде өздерінің мүддесін күйттеп кететіні бар. Қазақстанда барлық жағдай жасалған, оларға не жетпейді? Қазір әлем Қазақстанды мойындап, үлгі алып отыр. Ненің арқасында? Біріншіден, қазақ деген халықтың ешкімді бөліп-жармайтын кеңдігінің арқасында. Одан кейін менің Елбасым – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол қазақтан рухтанған, сол қазақтың бойынан жинап алған асыл қасиетінің арқасында.
Елбасы қазақ тілінің мәселесін жыл сайынғы Ассамблея сессиясында айтады. Содан бері ептеген жылжуымыз бар, бірақ қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде әлі де болса өзінің тұғырына қонбай отыр. Енді осы Ассамблея түрткі болып, Елбасымыздың айтқанын орындасақ болады ғой. Алайда әлі ойдағыдай дәрежеге жеткен жоқпыз. Оған себеп – тіліміздің қажеттілігін арттырмай отырмыз. Сұраныс пен талап болмай тұр. Неге біз Президент болу үшін кандидаттардан ғана қазақ тілінен емтихан аламыз? Неге министр болғысы келетіндерден алмаймыз? Осы тұрғыдан қазақ тіліне деген сұранысты арттырып, қажеттілік тудыруымыз керек.
Пікірлерді жинаған Салтан СӘКЕН