Мұғалімдерді кемсіткендерге 252 мың теңге айыппұл салу ұсынылды
Қазақстанда мұғалімдердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, кемсіткендерге айыппұл салу ұсынылды. Оның құны 100 АЕК, яғни, 252 000 теңгені құрауы мүмкін деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мұндай заң жобасы "НҚА Ашылуы" сайтында жарияланған. Оны талқылау 27 маусымға дейін өтеді деп жоспарлануда. Заң жобасына қатысты пікір жазып, қалдыруға болады.
"127 бабы 1-1 бөлімі: "1-1. Кәмелетке толмағандардың тарапынан оқытушының ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиген нұқсан үшін олардың ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады" бойынша толықтырылсын", - делінген заң жобасында.
Одан бөлек, ҚР заңнамасында көрсетілген жағдайларды есепке алмағанда, оқытушыны кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тарту, сондай-ақ мұғалімнен заңда көзделмеген есеп пен ақпаратты талап етудің соңы ескертуге әкеп соғады.
Егер оқытушыға өз қаражаты есебінен оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ететін тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу міндеті жүктелген болса да, ескерту жазылуы мүмкін.
Жоғарыда аталған құқық бұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанатын болса, құқық бұзушы -лауазымды тұлға үшін - 40 АЕК, ал шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін 60-120 АЕК төлеуге міндеттеледі.