Соңғы кезде қоғамның қытығына тиіп жүрген заң жобасының бірі еңбек көші-қоны мәселелерін реттеуге бағытталған құжат болатын. Мәжіліс мақұлдап, Сенаттың қарауына келген осы құжат, негізінен, екі өзекті һәм күрмеулі мәселені қарастырады. Бірі – еңбекші мигранттар, екіншісі – оралмандар. Шетелден келген еңбекші мигранттарға салық салып, оралмандарға бес жыл бойына азаматтық бермейтін заң жобасына біраз жұрт қарсы пікірде. Кеше заң жобасының осы нормасын ары-бері тартқылаған Сенат бес жылдың бір жылын ғана қысқартып, құжатты Мәжіліске қайтарды.
Заң жобасының басты мақсаты еңбек иммигранттарын заңдастыру, көші-қон үдерісіндегі мемлекеттік реттеу мәселелерін жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларда жұмыс істеу үшін еңбек мигранттарына рұқсат беру тәртібі айқындалады. Сосын заң жобасымен еңбекші көшіп келушілерге жеке табыс салығын айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінде төлем жасауын енгізу мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ егерде еңбекші көшіп-қонушы жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы сомасының алдын ала төлемінен асып кеткен жағдайда салық комитетіне жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыруы қарастырылған. Түйіндей айтсақ, құжатқа енгізілген өзгерістердің арқасында елімізге келіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктер заңдастырылады, олардың елде болуын бақылаудың тиімділігі артады. Сондай-ақ кез келген қазақстандық жеке тұлғаға шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат етіледі. Еңбек мигранттарына енгізілетін салықтың арқасында бюджетке түсетін түсім ұлғаяды. Құжатты әзірлеуші тарап Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мигранттарға қатысты енгізген ресми жаңалығы осындай. Ал оралмандар мәселесінің ең түйткілі – «Қазақстан аумағында бес жылдан кем болмайтын мерзімде тұрақты тұрып келген этникалық қазақтарға ғана азаматтық беру». Дәл осы норма сенаторлардың терең талқысына ұласқан болатын. Басынан бастап баяндалық.
Байқағанымыз – атажұртында бес жыл тұрмаған шетелдік қазақтарға азаматтық бермеу туралы норманы Үкімет емес, Мәжіліс депутаттары ұсынған секілді. Сөйтіп, мәжілісмендер «оралман азаматтық алу үшін елімізде бес жыл тұрсын» деген норманы сенаторлар төрт жылға ғана төмендетті. Әлгі төрт жылдың өзі оңай еместігін алға тартқандар министрлік тарапынан мардымды жауап ала алмады. «Біз квотаны алып тастадық. Жеңілдіктерді де сыпырып жатырмыз. Бәлкім, Елбасы «оралмандар «Қазақстанға мен не беремін» деп келуі керек» дегеннен соң бұл, бір жағынан, дұрыс та шығар. Алайда менің түсінбейтінім, неге біздің шеттен келген қандастарымыз бес жыл бойы азаматтығын күтулері керек? Не себеп? Қандастарымызға сонда сенбейміз бе?», – дейді Светлана Жалмағамбетова. Бұған жауап ретінде экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев «оралмандардың өздері Қазақстанда тұрмаққа нақты шешім қабылдағанша әлеуметтік бейімделуі керек» дегенді алға тартады. «Әлемдік тәжірибеде бұл бар. Сосын біз біраз жеңілдіктерді оралманға беріп отырмыз, олар жұмыс істеп, жер алып, төрт жыл бойы бейімделеді, сосын азаматтық алады. Заңға енгізіліп отырған осы норма халықаралық стандарттарға сай», – дейді Ерболат Асқарбекұлы. Ал сенатор Қуаныш Айтаханұлы бұған дейінгі заңнамада оралмандар үшін жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу қарастырылып, ол үш айдан аспайтын мезгілді қамтығанын айта келе, төрт жылдың өзі тым ұзақ екенін алға тартады. «Бір жылға, ары кетсе екі жылға неге түсірмейміз? Мен түк түсінген жоқпын. Бүйтсек шеттегі 5 миллионнан астам қазақты қашан Отанына қайтарамыз?», – дейді Қуаныш Айтаханұлы. Әйтсе де министр Досаев бұл сұраққа да мандытып жауап бермей, «келетіндер келе береді», «халықаралық стандартты сақтап отырмыз» дегеннен ары аса алмады. Ал дәл осы әлемдік тәжірибенің Қазақстанға, оның ішінде оралмандарға түк қатысы болмайтынын министр мырза түсінбейтін не болмаса түсінгісі келмейтін тәрізді. Бұдан бөлек, талқылау барысында Нұрлан Оразалин заң жобасындағы «этникалық қандастарымызға қатысты баптарды тұтастай алып тастау» мәселесін көтерген еді. Алайда олай болмады. Бірқатар өзгерістер енгізілген құжат Мәжіліске қайтарылды. Әйткенмен дәл осы норманы Үкімет емес, Мәжілістің өзі ұсынғандықтан, ол жақтан да енді қайыр болмайтын тәрізді. Тәуелсіздіктен бері миллиондаған қазақ атажұртына оралды. Бұл – үлкен жеңіс. Алайда оралмаған оралмандар қаншама? Оны ойлайтын министрді көре алмадық. Сондықтан да депутаттардың талқылауы барысындағы пікірлерді қаз-қалпында бергенді жөн санадық.
Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Министр мырза мигранттар жөнінде жақсы білетін шығар, алайда оралман мәселесінен мүлдем хабарсыз екенін көрсетті. Мәселеге терең үңілмеген, зерттемеген. Әйтпесе сіз қайдағы халықаралық тәжірибені айтып отырсыз? Ондай Қазақстанға қажетсіз тәжірибемен мен ешқандай да келіспеймін. Өйткені Қазақстанның өз ерекшелігі бар. Территориясы бойынша әлемде 9- орын алатын Қазақстанда халық саны 17 млн ғана. Ал бізге басқасын айтпай-ақ, экономикалық қауіпсіздік үшін 25 млн халық керек. Мұны қалай көбейтеміз? Көбейтудің жолы да оралманды оралту емес пе? Әлем бұл мәселені өз бетінше шешіп жатыр. Франция өзінің бұрынғы отар елдерінен халық алса, Израйль мен Германия қандастарын тартып жатыр. Соның ішінде егер немістердің бағзы замандағы ата-бабасы Германия азаматы болса, олар еш күтпестен азаматтық береді. Біз неге Қазақстандағы жағдайды ескере отырып, қандастарымызды қайтармаймыз? Егер лаңкестік секілді құбылыстардан қорқатын болсақ, ондай отандастарымызды тексеруге бір жыл да жетіп жатыр емес пе? Төрт жыл тым ұзақ.
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бұл заң жобасы жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызды. Әсіресе оралман бауырларымыздың қобалжуын күшейтті. Біз еңбек көші-қоны туралы заңға өзгеріс енгізу қажеттілігін қолдаймыз. Ондайларға қойылатын талаптарды жетілдіріп отыруымыз керек-ақ. Бұл дұрыс, өркениетті елдердің барлығы да ондай талапты қатайтуда. Дегенмен еңбек-көші қонына қатысты талаптардан этникалық көші-қонға, яғни оралмандардың көшіне ешқандай да зиян келмеуі тиіс еді. Бұл – ел тұтастығын қамтамасыз ететін, мемлекеттің назарында болуды қажет ететін саяси мәні бар мәселе. Тағы айтамын, тарихи отанына оралу мақсатындағы көші-қонды біз еңбек көші-қонымен бекерге араластырып отырмыз. Бұл – тым асығыс шешім. Бұл екі көші-қонның айырмашылығы жер мен көктей. Жасыратыны жоқ, еңбек-көші қонымен келетіндер Қазақстанды жарылқайды дегенге сену қиын. Ал этникалық көші-қон елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Түптеп келгенде, біз «оралман» дейтін ұлттың жоқ екеніне елдің көзін жеткізуіміз керек. Қазақстанда қазақ дейтін бір ғана ұлт бар! Осыны ұрпақ жадына сіңіруіміз керек.
Қуаныш АЙТАХАНҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бұрын оралман квота арқылы жеңілдікпен, сосын квотасыз да келе беретін. Соны неге алып тастадық? Сырттағы қазақтардың ішінде біздің Отанымызға аса қажетті мамандар да, зиялылар да болуы заңды әрі бар олар. Неге ең құрығанда соларға жеңілдіктерді сақтамадық? Қиын уақытта қандастарымызға көмек бергеніміз рас. Ал енді өркениетті мемлекет бола отырып, неге оларға қолдан кедергі жасап жатырмыз? Өзбекстандағы 1 млн қазақтың жағдайы қиын. Олар өзбектеніп бара жатыр, қазақ мектептері жабылып, қазақтар өзбек болғанда ғана қызметке алынатын болып жатқан сыңайлы. Осындай ашық саясаттың жүріп жатқанын көре тұрып, кеудеден итереміз бе? Тіпті сол Өзбекстаннан еңіреп келген қазаққа «Сен теріскейге бар, Қызылжарға бар, сен Павлодарда тұр» деп айтудың өзі ұят. Бұл соларды келтірмеудің амалы емес пе? Олай болса, біз нағыз қылмыс жасап отырған жоқпыз ба? Менің білетінім, Үкімет Парламентке ұсынған нұсқада оралмандарға бес жыл күтетін мәселе жоқ еді. Мәжілістен осылай болып келгенін түсінбей қалдым. Бізге мүлдем басқа заң жобасы келіп отыр.
Серік АҚЫЛБАЙ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Егемендік алған уақытта өзіміздің жергілікті жұртымыздың жағдайының нашарлығына қарамастан, біз оралмандарға өтемақы төлеп келдік. «Елім» деп келгендерге шамамыз келгенше мемлекеттік қамқорлықты аямадық. Ал сол сырттан келіп жатқан ағайындарымыздың Үкіметке деген көзқарасы біржақты болмай тұрғаны байқалады. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облысына жіберілген оралмандар төлемақыны алып, сол жерде тұрмай, ұнатқан жерлеріне қарай кетіп жатты. Мұның өзі мемлекеттік саясатты сыйламаушылық емес пе? Ендеше, ондайларға неге қаражат жұмсауымыз керек? Сосын Австрия секілді елдерде азаматтық алу үшін 12 жыл күту керек екен. Әлемдік тәжірибеде ең азы – үш жыл. Біз төрт жыл деп отырмыз. Біз ешкімді де керек қылмай отырған жоқпыз. Келем дегендер әлі де келе береді. Ал нағыз елім, жұртым дегендер баяғыда-ақ көшіп келіп алды. Сондықтан да бәріне бірдей жалпақшешейлік таныту керек емес. Елде тәртіп болуы керек.
Мигранттарды түсінген министр оралмандарды неге ойламайды?
Последние статьи автора