Жұмысқа кіріскен бір топ мәжілісмен атқарушы биліктен сапалы заң жобасын әуел бастан-ақ талап ете бастағаны белгілі. Оның ішінде мемлекеттік тіл мәтініне баса назар аудару қажеттігін айтып, осыны ұдайы қаперге ұстауды ескерткендер болып еді. Олардан әсіресе халықаралық құжаттардағы қазақ тілінің мәртебесіне немқұрайды қарамау керектігі сұралған. Алайда заң жобалау жұмысындағы орысша оратын әдетті айта-айта жойылар дегенімізбен, ауру болып дендеген бұл әдет еш қалмайтынға ұқсайды. Кеше Мәжілісте осы мәселе төменгі палатаның тағы алдынан шықты.
Есте болса, өткен жолы ғана депутаттың бірі мемлекеттік тілдегі ақау себебінен әрбір төртінші заң жобасы кері қайтарылатынын айтып, әсіресе халықаралық шарттарда қазақ тілінің қадірін кетірмеуді сұраған болатын. Кешегі Мәжілісте тілге қатысты осы мәселеге тағы назар аударылды. Тағы да халықаралық құжаттағы қазақ тілінің көрінісіне қынжылыс білдірілді. «Қазақстан мен Үндістан арасындағы шарт біздің еліміздің астанасында жасалыпты. Маған түсініксіз болатыны: бұл құжат әрқайсысы орыс, хинди және ағылшын тілдеріндегі нұсқамен жасалыпты. Сонда қазақ тілі қайда қалды? Үндістан Қазақстанға келіп отырып, құжатты өз тілінде ойып тұрып жаздырыпты. Біз еліміздің ордасында отырсақ та неге өз тілімізде шарт жазбадық?» – деп кейіді ассамблеялық депутат Розақұл Халмұрадов мырза. Әйтсе де әділет министрі лауазымын енді игере бастаған Берік Имашев мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселені аудармашы арқылы естіп, сосын бұған дейінгі шенеуніктердің әдетіне салып «мақұл, мақұл» деген емеурін білдірді. Әйтсе де Берік Мәжитұлы халықаралық шарт қазақ тілінде жасалуы, сол тілде қол қойылуы керектігін құптайтынын айтқанымен, қазіргі орысшаға орағытатын әдеттің негізгі себебін тағы қылаңдатты. «Өйткені кей жағдайда мәтіндерде бірізділік сақталмай жатады, содан амалсыз...», – дей беріп еді, бұған Розақұл мырза бой бермеді. «Жо-ға! Қолданыстағы тіл заңының 4-бабы бар, сонда айтылады, мемлекеттік тілді ісқағаздар жүргізуде қолдану керек деп. Шарт – ісқағазға жатады.
Мемлекеттік органдар мемлекеттік тілдің халықаралық мәртебесін нығайтуға міндетті деп жазылған. Ал тілдің халықаралық беделін көтерудің бірден-бір жолы – халықаралық шарттар. Ал біз керісінше кетіп барамыз. Елбасы хинди тіліндегі құжатқа қол қояды екен, біз неге қазақ тіліндегі шартқа Үндістан басшысының қолын қойдырмаймыз. Бұған кім мүдделі болуы керек сонда?», – дейді Розақұл Сатыбалдыұлы. Әділет басшысы мәселені әріге апарғысы келмегенін танытып, бәріне бас шұлғумен құтылды. Алайда бұдан кейінгі халықаралық келісімдер де ондай «аурудан» ада емес екен.
Кежегесі кері кетіп тұрған дәл осындай тағы бір халықаралық құжаттағы кілтипанды Алдан Смайыл да алдыға тартты. Ол Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде жасалған хаттамаға көз жүгірте отырып, алшақтыққа қатысты ғылыми сараптамаларға сүйенді. «ҰҚШҰ шеңберінде ұлттық әскерлерде бұйрық беру, ісқағаздарын жүргізу, техника мен қару-жарақты оқып үйрену әр елдің ана тілінде жүргізіледі. Мұны құқықтық реттеу керектігін сарапшылар жазыпты. Екіншіден, шарт орыс тілінде бір түпнұсқалық данамен ғана жасалады. Сосын ол ұйымға мүше елдерге таратылады. Бұдан түсінеріміз: орыс тілінен басқа тілдегі мәтіндер түпнұсқа болып саналмайды. Яғни олардың заңдық күші жоқ. Сондықтан менің ойымша, хаттамаға қазақ, армян, өзбек, тәжік тілдеріндегі мәтін де тұпнұсқа ретінде саналатыны туралы тармақша енгізу керек-ау», – деп мәселені төтесінен қойды депутат Алдан Смайыл. Алайда қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов мырза сілтемені ҰҚШҰ жарғысына жасап, қазақ тілін халықаралық шартқа еш киліктірмей қойды. «Біз әрине, қазақ тілін сөзсіз сыйлаймыз. Қолданамыз, басшылыққа аламыз. Алайда халықаралық ұйым өз ережесімен әрекеттенеді», – дейді министрдің орынбасары. «Әйтпесе...» деп барып тоқтады ол.
Заң жобасындағы қазақша мен орысшаның алшақтығына қатысты тағы бір мәселені Рамазан Сәрпеков те көтеріп, мәтінге мұқияттылыққа ол да назар аудартқан болатын. Сөйтіп, айналдырған бір отырыста қаралған 4-5 құжаттың әрқайсысында тілге, мемлекеттік мәтінге қатысты сын айтылды.
Жалпы, мемлекеттік тілдегі мәтінге келгенде мимырттап қалатын, айтыла-айтыла жауыр болса да, мүлдем мандымайтын мәселе – қазақ тілінде заң жобалау мәселесі. Бұл өтірік емес. Десе де, осы тұстағыларға жоғары жақтан «қазақ қазақша заң жобаласын» деген пәрмен келмейінше, ілгеріге ұмтылмайтын тәрізді көрінеді.
Техбайқауға бір жылдық мораторий керек
Ағымдағы жылдан бастап көліктердің техникалық байқауына қатысты енгізілген жаңалық біршама жұрттың жүйкесін жұқартқаны мәлім. Ішкі істерден бәсекелестік ортаға қарай ысырылған автокөліктердің техникалық байқауына қатысты шағымдар мәжілісмендердің құлағына да жетіпті. Әлгіндей шағымдарды басшылыққа алған депутат Виктор Рогалев көліктердің техникалық байқауына мораторий жариялау керектігін көтерді. Ол бүгінгі таңда көлігі бардың бәрі бірдей техбайқаудан өте алмайтындығын айтып, қиыншылықтарға қарсы тетік қабылдауды ұсынады. «Ел аумағында техбайқауға мамандандырылған стансылар жеткіліксіз. Жүргізушілер елді мекендерден жырақта орналасқан орындарға уақытымен қоса, қаражатын шығындап баруға мәжбүр», – дейді депутат. Оның айтуынша, бір жағынан мұндай қиындықтарды жолшыбай тоқтатып, тергей түсетін жол полицейлеріне айтып түсіндіру еш мүмкін емес екен. «Қандай болмасын, жаңа автокөлікті үш жыл бойына техникалық байқаудан өткізуге міндеттемеу керек. Яғни зауыттан жаңа шыққан көлікті үш жыл бойына байқаудың қажеті шамалы. Ал одан кейінгі жылдары жаңалау көлікті екі жылда бір рет өткізсек те жеткілікті. Түйіндей келгенде, осы мәселелерді реттей түсу үшін, қалыптасқан проблемаларды оңтайлы шешу мақсатында көлікке міндетті техбайқауға бір жыл бойына мораторий жарияланса екен», – дейді В.Роголев. Оның айтуынша, бір жылғы мораторий барысында құзыретті министрліктің мүдделі араласуымен тиісті шаралар атқарылып, олқылықтарды жою нормалары қамтылуы шарт.
Мемлекеттік тілдегі мәтін неге мандымайды?
Последние статьи автора