Жаңалықтың бәрін шетелден күтетін әдетімізге нүкте қоятын кез келген сықылды. Қалауын тапса, қазақстандық ғалымдардың да қолынан келері көп. Бүгінге дейін қазақ руханиятына, қазақ ғылымына үлкен үлес қосқан ғалым Мекемтас Мырзахметов әлі де ұлтқа, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай, бергенінен берері көп екендігін тағы да бір дәлелдеді.
Ғалым еліміз үшін тың жаңалық боларлық сөйлейтін қалам ойлап тапты. Иә, кәдімгі сөйлейтін қалам! Идея қазақтікі болғанымен, Жапонияда жасап шығарылған. Жоғары технологиясы мықтап дамыған жапондықтардың өзі қарапайым қазақ ғалымының тың дүниесіне таңдай қағып, қызығушылық танытыпты. Бұл қаламның ерекшеліктері мол. Бір ғана батарейкамен жұмыс істейді. Қаламның ішіндегі аудиотаспаға жазылған сөздерді кітаптың көмегіне жүгіну арқылы тыңдауға болады. Қаламның ұшын кітап бетіндегі нота белгісінің үстіне қойса болды, сөйлей жөнеледі. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін шемішкеше шағып түсіндіреді. 5-сынып пен 9-сыныптың арасындағы өтетін сабақтың бәрі бар. Осының ішінен оқушы өзіне қажеттісін тауып алады.
Мұндай таңғажайып қалам әзірге Жапонияда ғана бар көрінеді. Бірақ сәл өзгешелеу. Олар сөйлейтін қаламды өз табиғатына икемдеп жасаған екен. Біздің ғалымдар осыларды негізге алып, салыстыра отырып, аталмыш қаламды жаңа бағытпен жасаған. Жапондықтар да, Ресей ғалымдары да бұл бастамаға сүйсіне қарап, бас шайқасыпты.
Абайтану саласында тер төгіп жүрген ғалым ерен еңбегін осындай жағымды жаңалыққа арнауды жөн санапты. Бұл туралы Мекемтас Мырзахметовтің өзі былай дейді: «Бізде дін де, басқа жаман нәрселер де қаптап кетті. Содан баланы арашалап қалудың амалын ойлап табу керек болды. Амалдың үлкені – осы. Балаларды қалай оқытамыз, қалай қызықтырамыз деп ары ойландық, бері ойландық. Оқытуын оқытамыз-ау, бірақ нәтиже бермейді. Енді тапсырма беріп қоямыз. Қолында мына сөйлейтін қалам болады. Абайдың әр сөзін талдайды. Оның өлеңінің құрылысы қалай, мазмұны қалай, түсінбейтін қандай сөздері бар, соның бәрін меңгеріп шығады. Өзін-өзі тексереді. Сондай-ақ кітапта қате ме, дұрыс па, соны тексеруге мүмкіндігі бар. Осы жүйе бойынша меңгеріп шығатын болса, ертеңгі күні білімі өте күшті болады. Осы арқылы біз жас ұрпаққа Абайды басқа қырынан таныта аламыз. Сонда ғана Абайға ендей аламыз. Жұмбағын ашамыз... ХХІ ғасырдың көгінде Абайтанудың бағыты осылай жүреді енді».
Расында, Абайдың шығармаларына, діни танымына ғылым докторы деген атағы бар философтардың өзінің тісі бата бермейтіні шындық. Оның мектеп оқушыларына да ауыр соғатыны тағы анық. Сол үшін де бұл жаңалық таптырмайтын көмекші деуге болады. Қазір бізге бала ұғымына, танымына сай жасалынған дүние ауадай қажет-ақ. Өйткені ғажайып жаңалық баланың қызығушылығын тудырары, білмекке деген талпынысын арттырары сөзсіз. М.Мырзахметовтің идеясы бойынша жұмыс істеген топ бұған екі жыл уақыттарын сарп етіпті. Алматыда Абайтану ғылыми-зерттеу орталығында жасалған жаңалық бұрынғы абайтанудан басқаша оқытылады. Мұғалімдерге арналған қосымша оқыту құралы, бағдарламасы және сабақ саны да бар. Ғажайып қалам Dot code технологиясы бойынша жасалған. Кешен аудио оқу құралы болып табылады.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, абайтанушы-ғалым:
– Бұл жаңалығымызды экс-министр Жансейіт Түймебаевқа көрсеткенімізде, жоғары баға беріп, «Қазақстанның бүкіл мектептеріне таратамын» деп отыр еді, кетіп қалды ғой. Егер жаңа министр де қызығушылық танытса, онда қайта көбейтіп, бүкіл мектептерге береміз.
Қазақ баласы үшін таптырмайтын оқу құралының бағасы да анау айтқандай қымбат емес. 7 500 теңге тұрады. Әзірдің өзінде сатып алуға құлшыныс білдіріп отырғандар көп. Баласына Абайдың шығармаларын оқыта алмай діңкелеген ата-анаға енді ғажайып қалам көмекке келмек. Әрине, бұрын-соңды болмаған жаңалыққа аз қаржы жұмсалмайтыны белгілі. «Екі жылғы еткен еңбек пен төккен теріміз ақталады» деп отыр ғалымдар. Әзірге 750 данасы шығарылған. Алғашқы эксперименттік нұсқаға кеткен шығынды «Nurecom» компаниясы көтеріпті. Аталмыш компанияның Директоры Нұралы Құдайбергенұлы бұл жаңалыққа үлкен қызығушылық танытып, демеушілік көрсеткен екен. Талайларды таңғалдырып, тамсандырып отырған жаңалыққа ҚР Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінің куәлігі берілді. Авторлары – Мекемтас Мырзахметов, Шолпан Әбуова, Қалиолла Ахметжан. «Абайтану әліппесі» аталатын зияткерлік меншік обьектісі (ЭЕМ-ға арналған бағдарлама) ретінде тіркелген бұл ғаламат қаламға «Абайтану әліппесі», «Тұлғаны тәрбиелеуді басқаруды автоматтандырудың кешенді жүйесі», Абайдың «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас», «Жақсы ұстаз», «Жақсы бала» атты шығармалары жазылған. Таспаға басылған сөздер Мекемтас Мырзахметовтің дауысымен жазылған. Абайдың әр сөзін талдап, тыңғылықты түсіндіреді. Қара сөздері де бар. Сондай-ақ бұдан бөлек бес кітап, төрт дискі қоса шығарылған.
Мекемтас Мырзахмет сөйлейтін қалам ойлап тапты!
Последние статьи автора