Жылда желтоқсан айының басында әлем бойынша Халықаралық мүгедектер күні атап өтіледі. Бұл күні дүние жүзіндегі мүгедектердің құқықтары, әл-ауқаты мәселелері талқыланады. Халықаралық мүгедектер күні аясында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Аяла» әлеуметтік қызметтер орталығы КММ-мен бірлесіп «Қуану – бұл өмір сүруді білдіреді!» атты салтанатты шара ұйымдастырды.
Алматыдағы Түрксіб ауданында орналасқан «Махинур» мейрамханасына мүгедектігі бар 100 шақты бала мен олардың ата-аналары қонақ ретінде шақырылып, оларға арнайы дастархан жайылды, ән шырқалып, ойындар ойнатылды, балалар билеп, бір серпіліп қалды. Ұйымдастырушылар балалар үшін ерекше мереке сыйлады. Кішкентай қонақтарға мерекелік сыйлықтар үлестірлді. Олар анимациялық шоу және жас таланттардың, қазақстандық эстрада жұлдыздарының, сондай-ақ орталық қызметкерлерінің қатысуымен қойылған концертті тамашалады. Шараға Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты ұйғыр, күрт, түрік, дүнген, т.б мәдени орталықтардың басшылары, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
«Аяла» әлеуметтік қызметтер орталығы КММ-нің директоры Нұрғайым Дүйсебаеваның айтуынша, ерекше балаларға арналған мұндай шаралар Наурыз, Құрбан айт, Жаңа жыл секілді әр мереке сайын өткізіліп тұрады.
«Аяла» әлеуметтік қызметтер орталығы КММ – 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға және тірек қимыл аппараты бұзылған кәмелет жастан асқан ересек азаматтарға, сондай-ақ неврологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Біздің орталық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесімен 5 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Мүгедектер күнін мен мейірім мен қамқорлық мерекесі деп атар едім. Өйткені біздің мақсатымыз барша қоғамға арамыда осындай ерекше балалардың бар екеніне назар аудартып, оларға қамқорлық жасауға шақырамыз. Орталығымыздағы балалар мұндай мерекелік шақыртуларды қуана қабылдайды.Өйткені олар әлеуметтік жағынан бейімделген», – дейді Нұрғайым Тоқанқызы.
Шара барысында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Махинур Исраилова балаларды мерекемен құттықтап оларға жылы сөздерін арнады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін үнемі айтып келеді. Мемелкет басшысы 2022 жылды Балалр жыоы деп атаған еді. Осы орайда елімізде, қаламызда балаларымыздың болашағын кемел етуге бағытталған жобалар іске асырылып жатыр. Әсіресе ерекше балаларға деген қамқорлық арта түсті. Жас ұрпақтың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Сондықтан біз де өз тарапымыздан ерекше балаларға, олардың ата-анасына қолау білдіріп, сәл де болса қол ұшын бергіміз келеді. Бүгінгі салтанатты шара ерекше балаларға көңіл бөліп, оларды қуантуға арналып отыр», – деді Махинур Исраилова.
Анықтама: Халықаралық мүгедектер күнін атап өту өткен ғасырдың 80-жылдарында, Біріккен Ұлттар Ұйымы 1983-1992 жылдарды мүгедектердің онжылдығы деп жариялаған кезде басталды. Қазіргі таңда мүгедектік бүкіл планетаның тұрғындары үшін өзекті мәселе болып қала береді. Қазақстанда мүгедектігі бар жандардың саны 651, 9 мыңнан асады. Алматыда 150 мыңдай мүгедек адам тұрады.
Айнұр СЕНБАЕВА