Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық емес қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін пысықтауда. Бұл туралы бүгін вице-премьер Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен ведомствоның алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
 
«2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңге болады. 2023 жылы 561 мың теңгеге дейін жетеді. 2021 жылы орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңге, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді», - деді министр.
Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру міндетін қойғанын еске салды.
2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жетеді деп болжануда. Мәселен, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджетте тиісті шығыстар көзделген. 2021 жылы &ndash 222 млрд теңге, 2022 жылы &ndash 362 млрд теңге, 2023 жылы - 557 млрд теңге.
Сонымен қатар, 2020 жылдың өзінде дәрігерлердің орташа жалақысы 30%, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20% өсті.
Денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы айтты. А.Цой бұл аспект ел басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
«Пандемияда медицина қызметкерлерінің жұмысы әлеуметтік тұрғыда өте маңызды екені белгілі болды, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы экономиканың тұрақтылығы да тәуелді», - деді А.Цой.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирус инфекциясы пандемиясы кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне ҚР Үкіметінің шешімімен материалдық қолдау көрсетілді. 3 тәуекел тобына 116 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді.
Үстемақымен қатар, Мемлекет басшысының шешімі арқасында 9 мыңнан астам науқас медициналық көмек үшін әлеуметтік төлем алды.