Медеу шатқалындағы ахуал әбден шиеленісіп барады. Мұнда өткен жылы дауыл құлатқан ағаштар биыл жазда өртеніп жатса, енді қыста шатқалдың қар көшкінінің астында қалатын түрі бар. Жуырда жанып кеткен ағаштар қар бөгеттерін қиратыпты. Сөйтіп, демалыс аймағы бұрынғы келбетінен айырылғалы тұр. Кеше мамандар журналистерді шақырып, Медеудегі жағдайға байланысты тағы дабыл қақты.
Алматы қалалық әкімдігі мен төтенше жағдайлар саласы мамандарының айтуынша, 21 гектар жерді шарпыған тілсіз жау қар көшкініне қарсы тұратын құрылғыларды да қиратқан. Тау бөктерлеріне 70-жылдары тұрғызылған құрылғылар мен Азиада қарсаңында жаңартылған бөгеттердің барлығы жарамсыз деп танылып отыр. Енді 750 шаршы метр құрылғыны сатып алу үшін – 145 млн, ал оның құрылыс жұмыстарына 68-70 млн теңге керек. Ал сынған, жанған ағаштар әлі сұлап жатыр. Бөренелер Шымбұлақ тау шаңғысы курортына апарар жолды бөгеп тастады. Туристер мен алматылық тұрғындар айналма жолмен көтерілуге мәжбүр. Мамандардың сөзіне қарағанда, өрт толық сөндірілгенімен, ағаш тамырлары әлі бықсып жатыр, оның үстіне, өрт салдарын жою жұмыстары тым шабан. Өрт болған жерде Ауыл шаруашылығы министрлігінен небәрі 13 адам жұмыс істеп жүр. Мамандар бұл аумақта көшкін бола қалса, аспалы жолдар үзіліп, «Медеу» мұзайдынына да зақым келуі мүмкін дейді. Қазір өрттің қайта тұтану қаупіне байланысты өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы «Мохнатка» тауында қатаң бақылау орнатты. Ал өрттің салдарынан құлап қалған ағаштарды тазалау жұмыстарына 250 млн теңге қаражат керек екен. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков құлап, қураған ағаштардың өздігінен табиғатқа сіңіп кететінін айтқан еді. Алайда мамандар Алматының климатында мұндай жойылу процесінің әсте мүмкін емес екенін айтады.
Юрий Ильин, Алматы қалалық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы:
– Медеу шатқалындағы өрттің қайта тұтануы мүмкін. Бірақ бақылап отырмыз. Десек те, жұмыс күші тым әлсіз, мамандар жетіспей жатыр. Жан-жақтан көмек сұрап, қала басшысы Төтенше жағдайлар мен Ауыл шаруашылығы министрліктеріне хат жолдады. Егер қаржы жақын арада бөлінсе, екі айдың ішінде қалыпқа келтіре аламыз деп үміттеніп отырмыз.
Медеуге бір емес, бірнеше қауіп төніп тұр
Последние статьи автора