Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Әлия Әбсеметова Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасының «Ұқыпты қоғам – таза экология» деп аталатын тармаққа тоқталды.
«Экология мәселесі дәл бүгінгі күні бүкіл әлемде өзекті. Саналы, сапалы қоғамда айналадағы қоршаған ортаға деген сый-құрметтің, оң көзқарастың қалыптасып келе жатқаны қуантады. Десе де, БҰҰ деректеріне сәйкес, 2050 жылға қарай атмосфераға бөлінетін жылыжай газдарының көлемі екі есеге өспек. Бұл дегеніміз, жылдан жылға экологиялық проблемалар артпаса, кемімейтінінің белгісі. Бұл ретте біздің мемлекет үшін аталған сала бойынша аянбай тер төгу қажеттілігі де туындап отыр», - деді депутат.
Nur Otan партиясы экологияға бей-жай қарамай, оны қалпына келтіруге атсалысуға баса назар аударады.
«Экология проблемасына мемлекеттік стратегия тұрғысынан қараудың маңызы аса зор. Мәжіліс депутаты ретінде, сайлауалды бағдарламада қамтылған бірқатар тармақтардың сәтті іске асырылуына жауаптылардың қатарындамын. Сол себепті, біз жоспарланған әр қадамға аса ұқыптылықпен қарап, оның орындалу-орындалмау үдерісін де мұқият қадағалауымыз қажет.
Негізінде, елдегі экологияны сақтау – біздің болашақ буынға жасаған үлкен игі ісіміздің бірі деп есептелуге тиіс», - дейді Әлия Әбсеметова.
Жыл сайын жарияланатын елдегі экономикалық және экологиялық тұрғыда өзара ынтымақтастық жасайтын мемлекеттердің деректеріне сәйкес, экология мәселесі бүгінде алдыңғы шепке шыққан. Депутаттың пікірінше, Қазақстанда да экологиялық қауіпсіздік жөнінде мектеп табалдырығынан бастап дұрыс айтылуға тиіс.
Орта білім беру ұйымдарында оқушылардың экологиялық білім алуы оқу бағдарламалары мен тәрбие беру іс-шаралары арқылы жүзеге асады. Орта білім беру саласының мемлекеттік стандарттарында оқушылардың бойында экологиялық білім беру мен экологиялық мәдениет қалыптастыру жөнінде жеті міндет алға қойылған. Бұл міндеттердің барлығы 1-11 сыныптар аралығындағы типтік оқу бағдарламаларында айқындалған. Бұдан бөлек, экологиялық білім беру, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау тәрбиелік іс-шаралар мен ғылыми жобалар секілді байқаулар арқылы жүзеге асады. Сыныптан тыс уақытта науқандар, көрмелер, мектеп пен оның айналасын көгалдандыру, экологиялық бастамалар мен жергілікті халықтың экология саласындағы көзін ашу секілді әлеуметтік маңызы бар ақпараттық-экологиялық, әлеуметтік маңызы бар шаралар қолға алынады.
«Балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың арғы жағында білім беру ұйымының айналасын көгалдандыру, «Жасыл ел» қозғалысы аясындағы еріктілер қозғалысын ұйымдастыру сынды кешенді шаралар жатыр. Табиғатты қоқыстан тазалау, тал егу, өсімдіктер егу секілді қарапайым дүниелердің барлығы жастардың бойындағы экологиялық тазалыққа деген ұмтылысты тудырады. Бұл ретте білім беру ұйымдарында «Экочеллендж», «Экощит», «Экодесант», «Ең жасыл кабинет», «Жасыл алтын» және т.б. жобалар бүгінде сәтті жүзеге асты.
Сонымен бірге, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы экологиялық бағыттағы ғылыми жобаларды өткізу туралы шешімдерді қарастыру үстінде. Экология мәселелерін зерттеу ісіне 1-11 сынып оқушыларының барлығы жұмылдырылмақ. Ары қарай қызығушылық танытқандар оны ғылыми тұрғыда зерттеп, дамытуына әбден болады. Осылайша, балалар кішкентай күнінен қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарап, аялауды үйренеді. 2021 жылдың соңына қарай аталған бастамаларды 70%-ға енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте, дәл қазіргі күні бұл шаралар орындалу үстінде әрі менің жіті бақылауымда болады. Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ана ретінде еліміздің болашағы – экология проблемаларын оңды шешу ісіне атсалысу жауапты іс. Осы жауапты істің үдесінен шығу барлық ел тұрғындарына аманат екенін де ұмытпауымыз тиіс», - дейді депутат.