Ақтаудағы алқа билері үміткерлерінің арасында бұрын кісі өлімі үшін сотты болған адамның аты-жөні жүр, - деп жазады "Лада" Ақтау қалалық прокуроры Талғат Әлібаевқа сілтеме жасап. Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай сот үкімінің әділдігіне күмән келтіреді.
"Судьялар сот отырысы кезінде түрлі қиындықтарға тап болады. Олар алқа билері қатарына заңсыз кіріп кеткендерді шеттету үшін сотты тоқтатуға мәжбүр. Заңды сайланған алқа билерінің өздері кейде сот отырысына кесірлерін тигізіп жатады. Алқа билерінің сотқа негізсіз келмей қалатындары тағы бар. Тіпті кейбіреулері жауапкершілігіндегі істен бейхабар болады", - дейді Әлібаев.
Прокурордың сөзіне қарағанда, тізім немқұрайлы жасалады. Алқа билері үміткерлерінің арасында есірткі тасымалымен айналысқандар және пара алғандығы үшін сотты болғандар да кездеседі. Сонымен қатар, тізімде әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер, нашақорлар мен маскүнемдер, жүйке ауруына шалдыққандар да бар. Ал бұл заңға қайшы. Тіпті тізімде бұл өмірде жоқ адамның аты-жөнін жазып қойған кездер де болыпты.
Негізі, алқа билерінің тізімін жасау жергілікті әкімшілік құзырында. "Егер соңғы тізім 2013 жылы жасалса, алқа би болуға үміткер одан кейін қаза болса, оны тізімнен қалай алып тастамаған. Демек, алқа билерін сайлайтын құзырлы орындар арасында байланыс жоқ. Әкімшілік осы сынды қиындықтарға жол бермес үшін, үміткерге қатысты барлық ақпараттарды, мысалы қайда ұшты, пойызбен қайда барды, egov аясындағы мемлекеттік қызметті қашан пайдаланды және қандай есепте тұр деген сияқты нәрселерді анықтау үшін құзырлы орындармен қоян-қолтық жұмыс істеулері тиіс", - дейді Талғат Әлібаев.
Сонымен қатар, ол "алқа билері институтын қолданудағы қайшылықтарға жол бермес үшін, халыққа оның қылмыстық істер өндірісіндегі рөлі турасында нақты әрі сауатты мәлімет беріп отыру керекпіз", - деп атап өтті.