2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Биыл кім қанша жарна төлейді? Жарна көлемінің өзгеруіне не түрткі болды? Осы мәселеге қатысты сұрақтарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев жауап берді.
«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері белгіленген болатын. Ол бойынша биыл:
• Ең төменгі жалақы – 70 000 теңге;
• Айлық есептік көрсеткіш – 3 450 теңгені құрап отыр.
Филиал басшысы жарна төлеушілердің бірнеше санатын атап өтті. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Оған балалар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декретте отырған аналар, мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар, студенттер т.б. кіреді. Жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады.
Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды.Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 21 мың теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал, жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап Қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 12 мың теңгеден аспауы тиіс.
Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның 5 процентін төлейді. Биыл ең төменгі жалақының өсуіне байланысты бұл сома 4 900 теңгеге жетті.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2% аударады.
«Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Олардың жалпы саны 1 миллионға жуықтайды. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 3 500 теңге төлеу. Екіншісі – бірыңғай жиынтық төлем төлеу. БЖТ қала тұрғындары үшін 1 айлық есептік көрсеткіш, ауылда – 0,5 АЕК көлемінде белгіленген. Биыл 1 АЕК 3450 теңгені құрайды», деді Тілеухан Әбілдаев.
БЖТ төрт түрлі міндетті төлемнен тұрады:
• Жеке табыс салығы;
• Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік төлемдер;
• Зейнетақы жарнасы;
• МӘМС жарнасы.
Сақтандыру жүйесіне қатысты толығырақ мәліметті 1406 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.
МӘМС: 2023 жылы кім қанша жарна төлейді
Последние статьи автора