Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының Жарлығымен еліміздің түрлі салаларында өз еңбегімен дараланып, қоғамға, барша жұртқа үлгі болып жүрген азаматтардың бір шоғыры мемлекеттік наградалармен марапатталғаны мәлім. Олардың біразына Президенттің өзі Ақордада марапаттарын тапсырса, мәдениет пен өнер, ақпарат саласында қызмет етіп жүрген бір тобына мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай наградаларын салтанатты жағдайда табыстады.
Сонымен, «Құрмет» орденімен алты адам марапатталды, олардың ішінде «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Алмагүл Ахметжанова, халықаралық «Түркістан» газетінің қызметкері Дайрабай Тынышбек, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Самат Мұса бар.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медалін бұл күні төрт адам кеудесіне тақты. Олардың қатарында белгілі журналист, қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Борашев, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бағдарламалар директоры Сәуле Жиреншина болса, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына 11 адам ие болды. Олардың ішінде жазушы-драматург Роза Мұқанова, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке орындаушысы Нұркен Әшіров, Қазақ ұлттық өнер университетінің қобыз және орыс халық аспаптары кафедрасының меңгерушісі Әлқуат Қазақбаев сынды майталмандар бар.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Мемлекеттік марапаттың үлкен-кішісі болмайды. Жалпы, қазір интеллектуалдық білім таразыға түскен заманда мықтыларды анықтау, еңбектерін бағалау оңайға түспей жатады. Бүгін ұлттың өнерін, әдебиетін, мәдениетін бір ғана Қазақстанға емес, әлемдік деңгейде насихаттап жүрген бірқатар өнер және мәдениет майталмандары марапатталды. Мұның барлығы еңбектің, төгілген тердің арқасы.
Мәдениет, өнер және ақпарат саласының өкілдері марапатталды
Последние статьи автора