Күріш шаруашылығының күрмеуі қашан шешіледі?
Әлемде күріш өніміне сұраныс зор. Жер шарындағы жұрттың тең жартысына жуығы оны күнделікті тұтынады. Яғни негізгі азық-түлік түрлерінің бірі саналады. Ол адамзаттың тағамдық калория қажеттілігінің үштен бір бөлігін өтейді. Аталмыш дақыл, негізінен, тропикалық және субтропикалық аймақтарда тамырын жаяды. Күріш әлемнің 112 елінде өсіріледі. Оның жалпы аумағы 150 млн гектарға жетеді екен. Осының өзі оның адамзаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызы зор екенін айғақтап отыр. Қазақ даласында күріштің егілгеніне бір ғасырға жуық уақыт өтті. Оның 80 пайызға жуығы Сыр өңірінің еншісіне тиеді. Дегенмен күріш шаруашылығы жайлы әңгіме еткенде тіліміз күрмеліп сала береді. Неге? Өйткені бұл салада проблема бастан асады. Қолға алатын жұмыстар жетерлік. Сорт шығару ісі әлі тоқырап тұр. Міне, 30 жылға жуықтады, төл сорт өндіріске ене алмай келеді. Диқандар өндірген өнімді өткізуде қиналады. Экспортқа шығару егінші қауымның тек қиялындағы дүниеге айналды. Тіпті еліміздің кейбір аймақтары күрішті тасымалдайды. Бұл дария бойындағы диқандар адымын аштырмай жүр.
Елімізде күрішті Сыр өңірінен бөлек, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары да өсіреді. Қай аймаққа барсаң да, сан алуан түйткіл алдыңнан шығады. Жалпы, Қазақстанда бидай өсіруге ерекше мән беріледі. Өкініштісі, өзге дақылдар оның тасасында қалып қояды десек, артық айтқандық емес. Күріш өндірісі де агроөнеркәсіптің негізгі саласы саналғанымен, күрмеулі мәселелер көлденеңдей береді. Рас, соңғы жылдарда мемлекет тарапынан субсидия беру жақсарған. Басқа да қолдаулар бар. Алайда сол қамқорлық күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтардың шаш етектен келетін түйінін тарқата алмай отыр. Әңгіменің әлқиссасын сорт шығару ісінен бастасақ. Қазір Сыр жеріндегі күріш алқабында маржан сорты басым болып тұр. Сенесіз бе, оның шыққанына келер көктемде тұп-тура 30 жыл толады екен. Қазақ «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деуші еді. Өкінішке қарай, аталмыш сорт әлі күнге дейін егіліп келеді. Себебі оның орнын баса қоятын жергілікті сорт жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын көршілес Ресейден жаңа сорттар жеткізілді. Олардың барлығы дерлік бірден-ақ өндіріске енгізілді. Алайда ешқайсысы да маржанның орнын баса қоймады. Бүгінгі күнге дейін егіс алқабының басым бөлігі жергілікті сорттың еншісінде қалып тұр. Әрине, уақыт өзгерген сайын кез келген зат өңін беріп, тоза бастайды емес пе?
«Маржанның» да «жаны» сірі емес қой. Оқта-текте «сыр» беріп қояды. Соңғы жылдарда Сыр өңірінде күріштің пирикуляриоз ауруы жиі байқалып жүр. Ғалымдар оның себеп-салдарына үңіліп келеді. Десе де толық тұжырым жасала қойған жоқ. Басты себеп ретінде сорт жаңарту мәселесі айтылады. Ресейдің күріш егетін Краснодар аймағында жылына төрт-бес сортқа дейін жаңарады екен. Бізде бұл жұмыс қол жетпейтін арманға айналып барады. Бізде бұл іспен «Қазақ күріш шаруашылығы институты» ғылыми-зерттеу институты айналысады. Өкініштісі, онда сорт шығару ісімен небәрі төрт-бес адам ғана шұғылданады екен. Ғалымдардың басым көпшілігі – 50-60 жастан асқан кісілер. Аталмыш іске жастардың қызығушылығы төмен.
Рақымжан ЕЛЕШОВ, республикалық «Агроинновация және экология» ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығында біраз мәселе бар. Алғашқысы – мелиоративтік жағдай. Өңірде коллекторлық-дренаждық жүйелер әбден ескірген. Ол ұзақ уақыттан бері кәдеге жаратылып келді. Екіншіден, жердің құнарына селсоқ қарауға болмайды. Бұл мақсатта минералдық-органикалық тыңайтқыштар мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Осыдан 30 жылдай бұрын еліміздегі күріш алқабының түгелге дерлігінің аталмыш тыңайтқыш арқылы құнары арттырылды. Қазіргі кезде оның небәрі 30 пайызға жуығына осындай жұмыстар жасалады. Ең басты мәселе – біздің ғалымдар тұзға төзімді жаңа сорттарды өндіріске енгізуге көңіл бөлуі тиіс.
Бұрынғы жылдарда күріш егумен іргелі құрылымдар айналысып келді. Өкінішке қарай, жекешелендіру жылдарында олар ұсақталып кетті. Бүгінгі таңда облыста 352 ауыл шаруашылығы құрылымдары күріш егеді. Сонда әрбір ауылда ең кем дегенде үш-төрт шаруашылық бар деген сөз. Олардың кейбірінің жағдайы тәуір. Дегенмен біршамасы аз көлемде егіс екеніне шүкірлік етеді. Қолындағы ескі-құсқы техниканы жамап-жасқап, көктемгі егістен қалыс қалмағанына қуанады. Алайда күріш өндірісі кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған да жайлы жағдай жасалмаса болмайды. Оны егудің де өз талаптары баршылық. Кейбіріне агроном секілді мамандар жетісе бермейді. Айналып келгенде, егілген егіс түрлі ауруларға ұшырауы ғажап емес. Оған қоса дақыл да бітік шыға қоймайды. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай ұсақ құрылымдар мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардан қағажу қалып жататыны жасырын емес.
Абзал ЕРАЛИЕВ, Қазақстан күрішшілер одағының төрағасы:
– Қазақстан күрішшілері өз өнімдерімен елімізді толық қамтамасыз ете алады. Осыған қарамастан бізге сырттан аталмыш өнім ағылып келеді. Олардың кейбірінің бағасы біздікінен әлдеқайда төмен. Алайда олардың сапасына ешкім жауап бере алмайды ғой. Кезінде Қазақстан Иран, Ресей секілді елдерге күрішті экспортқа шығарды. Қазір өз өнімімізді шетелге аз көлемде ғана шығарып отырмыз. Сондықтан осы мәселеге назар аудармасақ болмайды.
Елімізде күріш өндірісін күнкөріс көзі еткен жұртшылық бар. Бір ғана Сыр өңірінің өзінде 20 мыңнан астам адам осы салада екі қолға бір күрек тауып жүр. Ендеше, агроөнеркәсіптің бір тармағы саналатын күріш өндірісіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмесек болмайды. Әлемде аталмыш тірліктен қыруар қаржы кіргізіп жүрген мемлекеттер баршылық. Өкінішке қарай, біздің елімізде күріш шаруашылығы өркениетке сай еңбек етуге қол жеткізе алмай жүргені қынжылтады. Орайы келсе, әрбір істі оңға бастыруға болады емес пе?