Кореядағы алапат орман өртін 44 тікұшақ пен 4 мың адам сөндіре алмай жатыр
Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин жексенбі күні жаппай орман өртінен зардап шеккен шығыс жағалау өңірін «ерекше апат аймағы» деп жариялады және зардап шеккендерге үкіметтік қолдау көрсетуге уәде берді.
Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин жексенбі күні жаппай орман өртінен зардап шеккен шығыс жағалау өңірін «ерекше апат аймағы» деп жариялады және зардап шеккендерге үкіметтік қолдау көрсетуге уәде берді. Бұл туралы ҚазАқпарат YONHAP агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президент кеңсесінің мәлімдеуінше, мұндай шешімді Мун Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 330 шақырым жерде орналасқан Улжин қаласындағы уақытша баспанада тұрып жатқан адамдармен кездескеннен кейін қабылдаған.
Өрт өткен жұма күні басталған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 44 тікұшақ пен 4000 адам жұмылдырылған.
«Үкіметтің тұрғындарды қолдауының ең жылдам жолы - арнайы апат аймағын жариялау және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу», - деді Мун зардап шеккендерге.
Өрт салдарынан эвакуацияланған 7400-ге жуық адамның 1000-ы өңірдегі қоғамдық нысандар мен мектептерде орнатылған уақытша баспаналарға орналастырылды.
Орман шаруашылығы және өртке қарсы қызмет органдарының мәліметіне қарағанда, жалын қатты жел мен құрғақ ауа-райы салдарынан туындаған.
Таңғы сағат 11-дегі жағдай бойынша Улжин мен оған көршілес Самчеок қаласында шамамен 14 222 гектар орман отқа оранған.
«Қазіргі уақытта ең бастысы - өртті сөндіру», - деді орман шаруашылығы басқармасының өкілі. «Өрт толығымен сөндірілген бойда мамандардың жетекшілігімен толыққанды тергеу жұмыстарын бастаймыз».
Шығыс жағалаудағы Гангнеунг қаласының соты бір күн бұрын Сеулден шығысқа қарай 240 шақырым жерде орналасқан қаланы және оның көршілес аудандарын өртеп жіберді деген күдікпен 60 жастағы ер адамды қамауға алу туралы шешім шығарды.
Бүгінгі күнге дейін алапат жалын 1850 гектар орман мен ондаған ғимаратты шарпыған. Өрт сөндірушілер әзірге оны ауыздықтай алмай отыр.