Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында кәрі тарих көк түріктің қара шаңырағын ұстаған жас Қазақ мемлекетіне өшкенін жандырып, өр рухымызды оятатындай тағы бір тосын тарту жасады. Түп-тегімізде төрткіл дүниені билеген даңқты да айбарлы қағанат болғанымызды айғақтаған Күлтегін, Білге қаған тас ескерткіштері жатқан Моңғолия жерінде тамырлы тарихымыздың өзегін толтырып, көне жәдігерлеріміздің қатарын көбейтетін тағы бір көне түркі қорымы табылды. Ешқандай талан-таражға түспей, бүгінге дейін бар қазынасын ішінде сақтап келген осы қорымды қазу жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен суреттер арғы бабаларымыз құрған алып мемлекет - Түрік қағанатының (империя) қаншалық айбарлы әрі әлеуетті, қуатты болғанын айқындай түссе керек.
Көп жылғы еңбектің өтеуі – көне түркІ қорымы
Әлқисса, алдымен қорымның қалай ашылғанына тоқталсақ... Бұл қорымды бүгінде Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп жүрген ғалым, филология ғылымының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы мен моңғолиялық тарихшы ғалым Аочир бастаған, құрамында қазақстандық жас археолог Жантегін Қаржаубайұлы мен моңғолиялық археолог Эрдэнэболд бар қазақ-моңғол бірлескен экспедициясы ашып отыр. Негізі, Еуразия ұлттық университеті Моңғолияның археология институтымен келісімшартқа отырып, 2003 жылдан бері Моңғолия жерінде жыл сайын түрлі зерттеу экспедицияларын жүргізіп келген екен. «Бірақ ол экспедицияларымызда жер бетінде ашық тұрған, көне бітік (руникалық) жазуларының бұрынғы табылғандарын қайыра көшіру, қайта зерттеу, алдыңғы көшірмелерде кеткен қателерді жөндеу секілді жұмыстармен айналысып келдік. Соның нәтижесінде біз 2005 жылы Орхон ескерткіштерінің толық атласын жасадық. Жалпы, көне түркі жазуының генезисіне (шығу тегі) байланысты Еуропа, Америка, Қытай ғалымдарының «финикия немесе арамей жазуларынан шықтыға» саятын бірлі-жарым мақала, пікірлері бар болатын. Алайда біз осы уақытқа дейінгі жұмыстарымызда біздің заманымызға дейінгі ХIV ғасырдан VІІІ ғасырға дейінгі жазу ескерткіштерін зерттей отырып, көне түркі жазуы ата-бабаларымыздың өз творчествосы, өз өнімі екеніне көз жеткізіп, сол жөнінде үлкен монография жазылды.
Бұл – бүгінге дейінгі жұмыстарымыздың бір парасы», – деген Қаржаубай Сартқожаұлы сол жұмыстар кезінде Моңғолияда қазып көрсем деп бір-екі төбені көздеп қойған екен. Ақыры сол төбені жоғарыда айтылған ғалымдар тобынан құралған бірлескен экспедиция биыл қазуға шешім қабылдайды. Бұл тұста Қаржаубай ағаның діттеген жерін моңғол ғалымы Аочир де көптен ойға алып жүргендіктен, бірден құптағанын айту керек. Ал ғалымдардың таңдаған жері – Ұлан-батордан батысқа қарай 210 шақырымдай қашықтықтағы Қызылкент (қаланың орны) деген жердің маңайындағы үлкен күмбез-төбешік болып жатқан қорым. Ол төбенің аузы-мұрны жоқ. Оны қазу үшін алдымен ауызын (есігін) табу керек. Ал Қаржаубай Сартқожаұлының практик-археологтығы болмаса, мамандығы – филолог, моңғолиялық ғалым Аочир – тарихшы, бірақ негізгі мамандығы – филолог. Сондықтан қос ғалымға Жантегін мен Эрдэнеболд секілді екі археолог маманның көмегіне сүйенетін тұс – нақ осы жер. Сөйтіп, Жантегін мен Эрдэнеболд іске кіріседі. Таңнан бастаған олар қара кешке дейін өздерінің жіптерін тартып, өлшемдерін жасайды. Сосын келіп, біздің тұжырым бойынша қорымның есігі мына тұс деп, ертеңінде төбенің оңтүстік-шығысына қарай жатқан болар-болмас дөңес тұс пен екі төмпешіктің арасын нысанаға алғандарын айтады (1-сурет). Сол жерден 50 сантиметр тереңдікте қазып, сосын әлгі дөңеске қарай тағы 3 метрдей қазғанда, қорымға кіретін есіктің екі жақ қабырғасы шыға келеді. Кәдімгі жер қабырға. Оны қайдан білдік дегенде, ғалымдар қорымды әу баста көне түркі дәуіріне жатады, б.з.д. VII ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың басына тән деп пайымдаған екен. Енді 1300 жыл өткен топырақ пен қолмен жабылған топырақ бірдей болып кетті дегеннің өзінде, адам қолымен илеп жасалған топырақтың айырмасы білініп тұр. 35 градус шамасында төмендеп бара жатқан бұл дәліздің екі қабырғасы қолмен сыланыпты. Кәдімгі сары батпаққа қураған шөпті турап салып, араластырып, әбден иін қандырып барып, әлгі жерқабырғаны сонымен сылап тастаған.
Сұсты жолбарыс – Көк Түріктің символы
Содан әрі қаза түскенде бір қабырғадан қызыл және қара түспен ғана салынған жолбарыстың бас суретінің сұлбасы шыға келеді. Жолбарыс аузынан жалын аралас бу шашып тұр. Әрі қарай қазған сайын қабырғадағы жолбарыстың сұлбасы да айқындала береді (2-сурет). Жолбарыс Қытайдың айдаһарлары сипатта басын кекжитіп, тұла бойы түгіне дейін от-жалын секілденіп, өте сұсты, айбар шашып тұр. Басынан құйрығына дейінгі ұзындығы – 9 метр. Суреттің қызыл және қара бояуы сол күйі сақталған. Суреттің стилі Қытайдың таң дәуіріне келеді. Ал жолбарыстың от-жалын іспетті оюлап сызылған түктері түркі мәнерінде салынған. Жолбарыстың бар айбынын осылай әдемі берген. Соған қарағанда, суретті салған не қытай суретшісі, не қытайдың сурет мектебінен үйренген түркі суретшісі секілді. Ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы осындай пайым жасап отыр.
Арғы түркі мен бергі түркінің (қазақ) сабақтастығы
Қазба жұмыстары кезінде анықталған дүниелердің суреттеріне қарап, біз де осындай түйін жасауға мәжбүрміз. Қорым-төбенің алдымен табылған есік-дәлізімен оның негізгі төбесінің астына қарай дендей кіргенде табылған бөлме жер бетінен 8 метр тереңдікте жатыр. Яғни 8 метр тереңдіктегі жер үңги қазылып, сосын қабырғаларын жалпақ тастармен өре отырып, күмбездеп шығарып, сыртынан сыланған. Сылақтан кейін бөлме ішіне түгелдей қызыл және қара бояумен ғана суреттер салып тастаған. Ол суреттердің қатарында ат жетектеп келе жатқан адам бар. Оның киген киімі, саптама етігі мен кескіні түгелімен түркі екенін айғақтап тұр (3-сурет). Тіпті суреттегі аттың ер-тұрманы да бүгінгі біздің ер-тоқымдарға ұқсап тұр.
Тағы бір айта кететіні, қорымға кіретін есік-дәліз бойында 3 метр сайын арка жасалып, жанынан есіктер салынып, оны таспен бітеп тастапты. Аркалардың саны – бесеу, бесінші аркадан кейін ағаш есік шыққан. Оны алтын құлыппен бекітіпті. Кәдімгі қазақтың тұрмысында қолданылған қарапайым құлып. Ағаш есікті ашқанда ар жағында тағы бір есік көрінген, екі есіктің ортасында екі жақта екі лақат бар. Оларды ашқанда биіктігі 20-50 сантиметр аралығындағы, түркілердің қыштан жасалған 45 қуыршақ мүсіні табылған. Адам бойындай бір мүсін, тағы бір жолбарыстың мүсіні, екі адамның табыты, сондай-ақ Византия дәуірінің 60 шақты алтын теңгесі шыққан.
Көне түркілер де тазыны құрметтеген
Ата-бабаларымыз кезінде жүйрік ат мініп, қыран бүркіт ұстап, құмай тазы ертіп, саятқа шыққанын білуші едік. Асыл тұқымды тазы иттерді қастерлеп, барақ итінен бөлек қарап, үйінде ұстағаны да белгілі. Сөйтсек, аңға тазы қосу сонау түпкі түркі бабаларымыздан қалған дәстүр көрінеді. Олай дейтініміз, қорымнан адам мүрдесі ғана емес, тазы иттердің де бассүйегі шығыпты (4-сурет).
Қаржаубай Сартқожаұлы, ғалым, қазақ-моңғол бірлескен экспедициясының қазақстандық тарапының басшысы:
– Төртінші арканы аршып алғаннан кейін біз тамыздың 19-ы күні қорымның ресми ашылу салтанатын жасадық. Оған Моңғолияның білім, ғылым және мәдениет министрі Отгонбаяр, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Орман Нұрбаев барып қатысты. Бұл қорымның ашылуын халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері әлемдік жаңалық ретінде қабылдап жатыр. Сондықтан біздің Моңғолиядағы елші осы қорымдағы жұмыстарды жіті бақылауына алып, еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ерекше мән беріп отыр. Министр қазірдің өзінде үш реставратор, бір архитектор жіберуге шешім қабылдады. Министрліктің арнайы өкілі ретінде «Қазақстан халқының рухани қорының» президенті Нұразхан Алмаз мырза да арнайы бара жатыр.
P.S.
Бұл мақалада біз көне түркі тарихына қосылған осынау қорымның Қаржаубай Сартқожаұлы айтқан деректер бойынша алғашқы жаңалықтарынан ғана хабардар ете алдық. Өйткені жаңа ашылып жатқан қорым әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Онда табылған адам сүйектеріне әлі ДНҚ сараптамасы, басқа да жәдігерлерге түрлі ғылыми-негізді зерттеу-сараптау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ал мұның бәрі бір күннің шаруасы емес. Сондықтан жаңалықтың үлкені де алда деп ойлаймыз.
(мақалада Қ.Сартқожаұлының суреттері пайдаланылды)