Көк байрақпен тағы да қоқыс тасыдық...
Көзіміздің қарашығындай сақтауға міндетті едік. Төрімізде тұрып, салтанатты күніміздің сәнін келтіруге тиісті еді. Олай болмады. Қыран бейнеленген Туымыз әнебір жылдары ішкиімімізге дейін «кіріп кетіп еді». Алтын шаңырағы алыстан көз тартар Елтаңбамызды күлсалғышқа «салып» түкірдік. Әнұранымыздың да әжуа болған кездері аз емес. Айтудың өзі ұят сорақы жағдай Атыраудың көшелерінде де қайталанды.
Қалалық «Ақжайық» газетінің Әсел есімді оқырманы Табиғатты қорғау прокуратурасының маңынан өтіп бара жатып, Мемлекеттік туды жерге жайып тастап, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқандарды ұялы телефонға түсіріп алады да, редакцияға жолдайды. Сорақысы, өздерін суретке түсіріп жатқанын көрген жұмысшылар айылдарын жимастан, көшедегі күл-қоқысты қасиетті Тудың үстіне сала беріпті...
Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, экс-депутат:
– Бұл – ұлттық қасірет. Неге осындай жағдайлар өзге елдерде емес, өзіміздің Қазақстанда орын ала береді? Жасыратыны жоқ, біздің спортшыларымыз Әнұранды білмейді. Өйткені олардың басым бөлігі – шеттен келіп, жалданып жүргендер. Оларға бәрібір: көк қағазды қалталарына басады да, елдеріне кете барады. Мемлекеттік рәміздерімізді бұлайша қорлатып қою біздегі патриотизмнің төмендігінен және ұлттық идеологияның жоқтығынан дер едім. Жауапты министрліктер талапты күшейтулері керек және заңды қатайтып, саяси мән берілуі тиіс.