Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде, жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің бейнежазбасын анықтады. Яғни ол көлік жүруге болмайтын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдындағы аллеяда “Hyundai Sonata” автокөлігімен жүріп өтіп, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген.
Осы бейнежазбаға орай Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде құқық бұзушы көлік жүргізушісін, жас жігітті анықтады. Ол Сауран ауданының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, жүргізуші кесене маңындағы тамақтану орнынан шығып, жол қысқарту ниетімен заңды бұзған. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, алдағы уақытта қайталамайтынын жеткізді.
Қазіргі таңда жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын тротуарда тоқтату немесе оның тоқтап тұру қағидаларын бұзу, сондай-ақ көлік құралдарын гүлзарларда, көгалдарда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе оның тоқтап тұруы) бойынша хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі