Биыл кәсіби Парламентке 15 жыл толды. Бұл да бір – Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен белес. Әйтсе де кәсібилікке дейінгі жылдары ұлттың сөзін, жұрттың сөзін сөйлейтін мінберді пайдалану тартысы қай кезеңде де бір сәтке толастаған емес. Кешегі қызыл империяның қол астында боданда отырған тұста да мемлекеттің Тәуелсіздігі туралы мәселе ең алдымен сол кездегі парламенттік қабырғада айтылды. Ал кеңестік езгінің алдындағы Ресей Думасында ұлт арыстарының терезе теңдігіне ұмтылысы ерен дер едік. Әйтсе де Алаш қайраткерлерінің көп еңбегінің ішінде дәл осы мәселе айтыла бермейтін тәрізді. Тіпті басқасын былай қойып, елордадан кәсіби Парламенттің қос палатасына зәулім ғимарат соққанда да осындай тәуелсіз билікті аңсаған Алаш арыстарының есімін ұмыт қалдырдық.
Айтпағымыз – Парламент ғимаратының бір бұрышынан қазақтан шыққан тұңғыш депутаттарға ең құрығанда ескерткіш-тақтаның әлі де бұйырмай тұрғаны. Сондықтан да ұлттың алғашқы парламентшілері мен Алаш қайраткерлерінің Думадағы депутаттық үшін күресі жайында бір-екі ауыз сөз қозғасақ деп едік. Ендеше, тарихқа сәл шегініс жасалық.
Жалпы, қазақтың ұлттық тарихындағы заң шығару үрдісі мен парламентаризмнің қалыптасуын мына тұстан бастап қарастыру керек деп шорт кесу орынсыз. Өйткені «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» секілді сонау ғасырлардағы қазақ қоғамының саяси һәм әлеумет қажеттілігінен туған ережелері, дала заңдары салтанат құрғаны тарихтан белгілі. Бір кездері қазақтың ұлы даласында хан жарғыларына негізделген өзіндік конституциясы болып, соның негізінде дала демократиясы еркін қанат жайғанын жоққа шығара алмаспыз.
Бір сөзбен айтсақ, Қазақстандағы заң билігі өз кезегінде хандық жиындарда халық өкілдерін (билерді, рубасылар мен беделді ақсақалдарды, көсемдер мен батырларды) қатыстырудан бастау алғаннан бергі Тәуелсіз Қазақстанның кәсіби Парламентіне дейін күрделі жолдарды бастан өткерді. Соның ішінде ХХ ғасырдағы Алаш қайраткерлерінің қазақ даласында дара конституциализмнің, дербес парламентаризмнің қағидаттарын енгізуге ұмтылған идеяларының өзі – бір төбе.
Өткен ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдегі ішкі толқулар жаңа саяси кезеңге бет бұрған парламенттік демократия идеяларын тудырып, Мемлекеттік Думаны дүниеге келтіргені белгілі.
Яғни алғашқы заң шығарушы органның құрылуы Ресейдегі парламентаризмнің бастауы болды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ресей 1905 жылы алғаш рет және соңғы рет Еуропа болды» деп айтатыны да сол оқиғаларға, бетбұрыстарға байланысты пікір болатын. Думаға депутат сайлау туралы жаңалық Ресей отарындағы қазақ даласына жеткен кезеңде ұлт зиялылары да саясат ісіне белсене, сауатты түрде араласа бастаған еді. Сондықтан да патшалықтағы тұңғыш заң шығарушы билікке қазақтардың өз алдына өкілін сайлау мәселесі ұлы далада үлкен қуанышпен қабылданды десек те болады. Өйткені Алаш қайраткерлері Думаға мүше болып, белгілі бір дәрежеде қазақтың басына түскен қайғыны сейілтуге, ұлттың проблемаларын, өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік туды деп санаған болатын. Әрі мұның өзі ұзақ жыл бойы бұғауда болып, ұлт ретінде кемшілікке ұшыраған халық үшін құқықтық, әлеуметтік теңдікке жету үмітін жаққан-ды. Бірақ қазақ үшін мұндай мүмкіндік аз ғана уақыт өмір сүрген екі Думаның аясымен шектеліп, ұлт мұратына бағытталған ізденістер мен әрекеттер отарлаушы тарапынан қайтадан қыспаққа түсті.
«Дума һәм қазақ»...
Қазақ ұлтынан 1906 жылғы Ресей Мемлекеттік Думасына барлығы 12 адам сайланғаны тарихтан белгілі. Олардың ішінде Бірінші Думаға Семей облысынан – Әлихан Бөкейхан, Торғай облысынан – Ахмет Бірімжан, Орал облысынан Алпысбай Қалменұлы, Ақмола облысынан – Шәймерден Қосшығұлұлы, Жетісу облысынан – Молда Тайынұлы, Астрахань губерниясынан – Бақтыгерей Құлман мен Дәуіт Ноян-Тұндыт, Уфа губерниясынан Сәлімгерей Жантөре сайланды. Екінші Думаға Семей облысынан – Темірғали Нұрекен, Жетісу облысынан – Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сырдария облысынан – Тілеулі Аллабергенұлы, Орал облысынан Бақытжан Қаратай сайланды. Бұлардың арасында Ахмет Бірімжан, Бақтыгерей Құлманұлы, Шәймерден Қосшығұлұлы екі Думаға да депутат болды. Алайда бүкіл патшалық аумағынан сайланған өкілдердің басын қосқан алғашқы екі Дума да билеушінің қолайына жақпағандықтан таратылады. Бірінші Дума – 72 күн, екіншісі 103 күн ғана өмір сүрді. Кейіннен 1907 жылғы патша әкімшілігі қабылдаған «3 июнь заңы» Ресейдің қол астындағы қазақ секілді ұлттарды бұратана ретінде танып, Думаға депутат болу құқынан мүлдем айырып тастады. Міне, осы құқықты қалпына келтіру үшін қазақ зиялылары қолынан келгенше үлкен күреске бел шеше түскен еді. Ал патшаның қазақты мемлекет ісінен біржола шеттететін жарлық жасауына не себеп? Бұған, бір жағынан, көзі ашық саясаткерлердің патшалық билік жүйесін қатты сынға алуы түрткі болса, екіншіден, қазақтан сайланған депутаттардың аз ғұмырлы Думада ұлт мәселесі тұрғысынан өзекті болған жер, дін, оқу істеріне қатысты проблемаларды өткір белсенділікпен көтеруі, оны үкімет алдына нақты қоя білгендігі де әсер етті деп айтуға тиіспіз. Мәселен, Ахмет Бірімжан, Алпысбай Қалменұлы, Бақытжан Қаратаев Думада қазақ жеріне қоныс аударушы келімсек мұжықтарды орналастыруда жүгенсіздіктердің орын алғанын, заңбұзушылықтың болғанын, қазақтың құқы тапталып жатқанын айтып, депутаттық сұрау салады. Дума алаңынан тыс жерде де қазақ зиялылары ұлт мәселесін өткір қолға ала бастайды. Екіншіден, сол кезеңде қазақ жеріндегі генерал-губернаторлардың қазаққа қандай көзқараста болғаны белгілі. Солар арқылы қазаққа «теріс мінез» берілуі де патшалық саясаттың бағытын өзгертіп жіберді. Осы мәселе «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейханның «Дума һәм қазақ» мақаласында анық көрсетіледі. Алғашқы Думаны қалыптастыру жолы талқылана бастаған 1905 жылы ішкі істер министрі Булыгин қазақ даласының генерал-губернаторы Н.Сухотинге хат жазып, онда Дума сайлауы жасалып жатқандығын, соған билік өкілдері өз қол астындағы жұрт мінезі туралы пікір сұрайды. «Қазақ жұртын «анайы, көшпелі, тон астында мұзы ерімейтін, мұхит қабағында ит жегіп жүрген самоед, леопардпен бірдей» деп депутат сайлауынан тысқары қылғалы тұрмыз. Сіз қазақты билеп отырсыз, біздің бұл ақылды қалай көресіз» дейді ішкі істер министрі. Ал бұған жауап ретінде губернатор Сухотиннің екі түрлі ұстанған пікірі байқалады. Мәселен, ол бір сөзінде министр Булыгиннің қазақ жұрты туралы жоғарыдағы пайымын «алжығандық, адасқандық» деп бағалайды. «Қазақ жұрты іскер, сөзге шешен, өзі – он облыста, саны – 5 миллион, қазақ өз жайын өзі думада баян қылатын жөні бар. Қазақтан думада депутат болмаса, 5 миллион жұрт мақсұды жетім қалады», – дейді. Бұл – мәселенің бір жағы. Өйткені қазақтың жайын да, басқасын да түсіне отырып, Н.Сухотиннің екінші бір пікірі болды, бұл – қазақ тағдырына қатысты әділдікті ысырып қойып, орыстың пайдасын қамдау. Бұл турасында Ә.Бөкейхан былай жазады: «Н.Сухотин пікіріне келсек: «Рас, қазақ самоед, леопард емес, бұлардың арасы жер мен көктей. Қазақты бұлармен оттас, ошақтас қыламын деген Булыгин сөзі – әншейін амалсыз себеп. Дегенмен «қазақтың жұртына депутат бермейміз» деген пікір дұрысырақ. Біздің патша қол астындағы жұрттың екі бөлімі – орыс, қалған бір бөлімі – поляк, еврей, татар, қазақ һәм өзге уақ жұрттар. Біздің ең болмаса жарымы сайланған депутаттар жұрттың бәрін құрдас қылмақ болады, бұларға тамам орыс емес, жұрт сайлаған депутаттар қосылады. Сөйтіп, Думада біз орыс азда қаламыз. Осыған қарағанда, Булыгин сөзі дұрыс: орыс пайдасы. Қазақ ақылсыз, мылқау болса, мұның депутаты жау жаққа шыққанымен, зарары аз. Қазақ ақылды, шешен болса, бұл қазақты Думадан тысқары қылу керек», – дейді Сухотин». Мінеки, осындай отарлаушы үстемдігін үдете түсу көзқарасының туындауы кейіннен қазақты депутаттықтан шектеуге әкеліп соғып отыр.
Дегенмен де теңдік пен бостандыққа ұмтылу ұшқыны нағыз қоздай бастаған заманда патша үкіметінің мұндай саясатына мойын шұлғып отыра беру ұлт ретінде езіліп, жұрт ретінде «жоқ» болумен бірдей еді. Сондықтан да Алаш қайраткерлері өз халқының өркендеуі жолында бастарын бәйгеге тіге отырып, үлкен күреске түсті. Ондай күрестің басты мұраты ең әуелі патша күші тоқтатқан Думаға депутаттықты қалпына келтіруге бағытталды. Заң шығаратын органда қазақ халқының мүддесін жақтайтын және заңсыздықтың шырмауынан қорғайтын, тек қазақ ұлтының азаматы бола алатынын айтып, шырылдады. Тіпті үшінші Думаға қазақ ұлтынан өкілдің бармайтыны анық болғанда, қандас, туыстықты алға тартып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары ноғайларға депутаттықтың бір орнын қазаққа қи деп қолқа салды. «Уақыт» (татар газеті) арқылы қандастарға үндеу жолдады. «Қысылған жерде қарасу, қиналған жерде болысу адамшылықтың, мұсылманшылықтың ең жоғары дәрежесінен еді. «Шапқат» деген нәрсе бар болғандықтан, біз, Орынбор шақарында тұрған әм сайлау құқына мақрұм болған зиялылар діндес, қандас қарындастарымыздан өтінеміз. Орынбордың екінші корнесінен сайланатын выборщиктікке қазақтардың біреуін сайласаңыз екен. Енді Орынбордан болған бір орынды бізге марқабат еткеннен сіздерге кемшілігі болмас. Әмбе 6 миллион діндес, қандас қарындастарыңызға мәңгілік ұмытылмас бір ағайыншылық еткен болар едіңіздер», – деп жазады сол хатта А.Байтұрсынұлы. Ноғайдың ашық пікірлі зиялысы «жолымызды қазаққа берелік, бұл бұйымнан емес, құқықтан қарасып берген сыйымыз тарихтың жүзінде, қазақтың көңілінде қалатын нәрсе» дегенімен, жеме-жемге келгенде бұл жол да қазаққа бұйырмай шықты. Кейіннен «Қазақ» газеті Орал, Ақтөбе облысының қазақтары Ресей патшасы Романовтар әулетінің таққа отыруының 300 жылдық тойына құттықтау жеделхатын жолдап, тілек тілегенін, тілек барысында қазаққа аса қажетті үш нәрсе сұралғанын жазады. Солардың бірі – қазақ халқына уақытша жабылған Мемлекеттік Думаның есігін қайта ашу. Әрине, депутаттықтан айырылу тек Орал, Ақтөбе облысы қазақтарының ғана емес, бүкіл жұрттың жанына батқан ауыр жара болды. Сондықтан да бұл мәселеге қатысты наразылықтар қазақ даласындағы зиялы қауымның көңілінде жүрді. Мәселен, Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде Алаш ардақтысы Отыншы Әлжанұлының қазасына арнаған «Тағы құрбан» атты мақаласында қайраткердің өмір жолынан деректер бере келе, былай дейді: «Отыншы Зайсан уезіне учитель болып барған кезде 2-ші Дума қуылып, «3-ші июнь законы» бойынша қазақ-қырғыз депутаттықтан мақрұм қалып, қаһарлы үкіметтің қайта күшеюіне бет алған шағы еді. Отыншы Зайсан қазақтарының атынан жаңа ашылған 3-ші Думадағы саяси партиялар бастықтарына телеграмма беріп, үкіметтің әділетсіздігіне наразылық баян еткендігін сол кезде астана газеттерінен оқып едік...». Осындай саяси қыспаққа түскен соң, Думада қазаққа қатысты заң жобалары қаралғанда, ондағы Мұсылман фракциясына арқа сүйеуден басқа жол болған жоқ. Кейіннен қазаққа қатысты заң жобалары мен мәселе талқыланғанда ұлт мүддесі айтылуы үшін Мұсылман фракциясы жанындағы бюро жұмысына Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай белсенді түрде араласты. Бұл да – өз алдына жеке тақырып.
Сөз соңы
Қазақстанның парламентаризмі тарихында Думаға депутат болған Алаш ардақтыларын зерттеу әлі жүйелі емес. Ашылмаған, айтылмаған мәселелер баршылық. Ал Думаға депутат болған ардақтыларымыздың ескерткіштері Парламент үйінің алдындағы алаңда тұрса ше? Олардың есімдері мен портреттері Қазақстан парламентаризмі тарихындағы өзіндік орны бар ұлы тұлғалар ретінде Парламент үйінің көрнекті бұрышында, арнайы мұражайында орын алса игі еді. Тәуелсіздіктің бір тезі – өз тарихымызға қайта-қайта қайырылып, соның әрбір қадамынан сабақ алып отыру. Ендеше, қазақ зиялыларының Думадағы депутаттыққа күресін, тұңғыш депутаттардың Ресей Мемлекеттік Думасындағы қайраткерлігін әр уақытта сезініп отыру, ең алдымен, бүгінгі кәсіби депутаттарға керек-ақ. Кешегісіз бүгін қалай болмақ, ал бүгінсіз ертеңіміз ше? Осыны ойлансақ керек-ті...