Кәсіби біліктілігі жоғары ұстаздың жемісі мол
Алматы қаласында мектеп директорлары мен білім беру басқармасы басшыларының қатысуымен жиын өтті. Семинарда заман талабына сәйкес білім беру жүйесіне жаңашылдық пен тиімділік жолында жаңа серпіліске бастап отырған үш айлық курсты өткізудің барысы мен оған мұғалім жіберуде талаптардың орындалуы сынды сұрақтар жан-жақты талқыланды.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үш айлық, үш деңгейлі курстарды өткізу міндеттелген. Бұл бағдарлама – Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің бірлесіп жасаған жобасы. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда «шетелдік оқу орындарымен бірлесіп бекітілген білім беру бағдарламалары өзіндік адаптациясыз құрастырылған және шет мемлекеттер өз жобаларын бізге тықпалай береді» деген қате пікір қалыптасыпты. Мамандардың сөзіне сенсек, Кембридж университеті педагогика факультетінің мамандары бағдарламаны іске асырмас бұрын еліміздің ұстаздарымен кездесіп, жобаның құрылымы жайында ақылдасқан көрінеді. Ал биыл қаңтарда білім және ғылым министрінің жаңа нұсқаулығы шықты. Онда қандай мұғалімдер қандай деңгейлі курстарға қатысуы керектігі айтылған. Әйтпесе «курсқа келген ұстаздардың категориялары мен тәжірибелері сәйкес келмей жатқан кездері болған, ал бұл нұсқаулық осы мәселені шешуге арналған» дейді мамандар. Әзірге аталған курстарда мұғалімдер ғана оқып жүр, бірақ жергілікті жерлерде ұстаз бен мектеп директорының арасында түсініспеушіліктер орнап, енді жаңа оқу жылынан бастап мектеп директорлары да арнайы курстардан өтпек.
Берік АСУБАЕВ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының директоры:
– Мектеп директорларына арналған курстардың бағдарламалары дайын тұр. Олар да үш ай оқитын болады. Курс соңында емтихан тапсырып, өткендерінің жалақыларына үстемеақы төленеді. Ұстаздың біліктілігі жоғарылаған сайын мектеп басшысының да біліктілігі сәйкесінше жоғарылауы тиіс. Негізгі бағыт беруші директор болғандықтан, бұл – өте маңызды мәселе. Мысалы, қазірдің өзінде сол баяғыдай оқушыларға жаппай сабақ түсіндіріп, оларға тек тыңдауға ғана рұқсат беріледі. Дұрыс емес, оқушы сөйлеуі тиіс, өз ойын жеткізе білуі керек. Бізге жаңа форматтағы мұғалімдер қажет, бұл – заман талабы.
ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мұғалім мамандығын кәсібилік тұрғысынан дамыту үшін игі шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, мұғалімдердің біліктілігін көтеру жүйесі түбірімен қайта қарастырылды. Үкіметтің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 232 Қаулысына сәйкес, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру жөніндегі Ұлттық орталық – «Өрлеу» акционерлік қоғамы құрылды. Қазіргі таңда сабақ беру мен оқытудағы жаңа әдістерді және үзіліссіз өзін-өзі жетілдіру мен кәсіби дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама аясындағы оқу сапасын Педагогикалық шеберлік орталығы қадағалайды. Айта кетейік, курстың ІІІ деңгейі, яғни базалық курстың сынағынан өткен мұғалімдердің жалақысына – 30 пайыз, ІІ деңгей – негізгі курс сынағынан өткен мұғалім жалақысына – 70 пайыз, І деңгей – дамыған курс сынағынан өткен мұғалім жалақысына 100 пайыз үстемеақы төленеді. Бірақ бұл ретте келіспеушіліктер де жоқ емес сияқты:
Аягүл МИРАЗОВА, Алматы қалалық директорлар қоғамының төрайымы:
– Үш айлық курсқа тек жоғары санаттағы мұғалімдер қабылданады. Сонымен қатар мұғалімнің еңбек өтілі де бес жылдан кем болмауы керек. Сонда жас мұғалімдерімізге қолдау көрсету тасада қалып қоятын сыңайлы. Жаңа келген мұғалімнің жалақысы төмен екені анық. Ал курстан барлық мұғалімдердің толық өтіп шығуына бірнеше жыл керек. Сондықтан ұстаздардың айлығын күнкөрісіне жететіндей етіп көтеру мәселесі қарастырылса.
Жалпы, үш айлық курсқа баратын мұғалімдерді жіберуді мектепішілік жиналыс шешеді. Алайда мұғалімдердің құжаттары дұрыс болмай, тыңдаушылар тізімі де бірнеше рет өзгертілуге тура келеді екен. Осындай келеңсіз жайттардың алдын алып, мектеп директорлары мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға қызығушылық танытса, кәсіби дайындығы жоғары мұғалімнің мектепке әкелер жемісі де мол болмақ.