Кардиология және ішкі аурулар институтында 65 жастағы пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасы имплантталды (LVAD)
Оңтүстік астанада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының 65 жастағы тұрғынына жүректің жасанды сол жақ қарыншасы (LVAD) имплантталды. МӘМС есебінен қаржыландырылатын мұндай операция Алматыда осымен екінші адамға жасалып отыр. Екінші операция да сәтті өтті.
Пациент 2017 жылдан бері ишемиялық дилатациялық кардиомиопатиядан зардап шегеді. Сол жақ қарыншаның шығарылым фракциясы өте төмен болды - небәрі 20%, инфаркт соқты. Алдыңғы төмендейтін артерияға стент орнатылған. Сонымен қатар, жүрек тоқтап қалуының алдын алу үшін кардиовертер-дефибриллятор имплантталды. Жүрек жеткіліксіздігін декомпенсациялауға бағытталған ем-шаралардың бірнеше курсын қабылдаған.
ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, Астана Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының Басқарма төрағасы Махаббат Бекбосынова және орталықтың жетекші мамандарының қатысуымен өткен консилиумда пациентке LVAD имплантын орнату ұсынылды.
«Биыл сәуір айында ҰҒКО басшылығымен болған кездесуде біз медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін өзара тәжірибе, инновациялар және технологиялармен алмасу жұмыстарын жалғастырамыз деп келіскен едік. Біздің дәрігерлермен бірге осы күрделі операцияны жасаған Астаналық әріптестеріме алғыс айтамын. Операция Әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүзеге асырылады және Қазақстан азаматтары үшін тегін», - деп атап өтті Марат Пашимов.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесі меңгерушісі Рустем Төлеутаевтың айтуынша, науқас операцияға дейін үш рет жансақтау бөлімінде жатты. Бұған дейін қанша рет ауруханаларда жасалған ем-дом оң нәтиже бермеген.
«Бұған дейін мұндай диагноз қойылған науқастар ағзаның резервтік мүмкіндігіне қарай өмір сүретін, енді олардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар. Қазір осындай аппараттар әлемде көп орнатылып жатыр. Дегенмен операция құны қымбат болғандықтан мұндай оталарды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді», - деп түйіндеді дәрігер.
Имплантациядан кейін жалпы ағзаның жағдайы жақсарады, жүрек жеткіліксіздігінің белгілері басылады. Қазір науқастың жағдайы едәуір жақсарған: ісік, ентігу басылды, ұйқысы реттелген. Демалыстан кейін ауруханадан шығады.
1-7 мамыр аралығында бүкіл әлемде Халықаралық Жүрек жеткіліксіздігі туралы хабардар болу апталығы аталып өтеді. Шара аясында еліміздің барлық емханаларында, кардиоорталықтарда Ашық есік күндерін өткізу жоспарланған.
Жүрек жеткіліксіздігі АҚШ пен Еуропада өлім-жітімге себепші болатын аурулар арасында екінші орында тұр. Әлемде бұл дертке 70 млн. астам адам шалдыққан. Әрбір бесінші науқас диагноз қойылғаннан кейін бір жыл ішінде өмірден өтеді.