Президенттікке кандидат ретінде тіркелмек болған Жарылқап Қалыбай өзін қолдаған не бәрі 600-ден астам расталған қол жинай алды.
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.
"Жарылқап Сейдләұлы Қалыбайды ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын. Жарылқап Қалыбайдың 6 аумақтық сайлау комиссиясынан хаттамалары келіп түсті. Ол өзіне қолдау білдірген 600-ден астам расталған қол жинапты. Сонымен қатар кандидат пен оның жұбайының табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсырғандығы жөнінде салық органдарының анықтамасы жоқ. Сосын сайлау жарнасын енгізгендігін куәландыратын құжаттарды бізге тапсырмады. Бүгін бізге өзінен өтініш түсті", - деді кандидатты тіркеуден бас тарту туралы ОСК қаулы жобасын таныстырған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев.
Сонымен қатар ол кандидаттың өтінішін де оқып берді.
Онда: "Мен Жарылқап Қалыбай бүгіннен бастап 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін президент сайлауына үміткер ретінде қатысудан өз еркіммен бас тартамын", - делінген.
ОСК мүшелері қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады.