Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы ішкі істер органдарының жұмыс қорытындылары талқыланып, алдағы жылға басым міндеттері белгіленген ІІМ кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты.
ҚР Ішкі істер министрлігінде Қазақстан Президенті қазіргі заманғы сарапшылық-криминалистік және елдің ішкі істер органдарын жарақтандыратын басқа да мамандандырылған техникалармен, байланыс және қарулану жабдықтарымен танысты. Кеңейтілген алқа мәжілісі жұмысына министрліктің басшылық құрамы, комитеттер мен ішкі әскер құрылымдары, аймақтардағы ішкі істер департаменттерінің, қала, аудан желілік бөлімдерінің басшылары, ведомстволық оқу орындарының ректорлары қатысты.
Ведомствоның жұмыс нәтижелері туралы баяндама жасаған ішкі істер министрі С.Баймағамбетов Президент тапсырмалары бойынша қабылданған шаралардың елдің криминогендік ахуалының жаңаруына жағымды әсер еткенін хабардар етті. ІІМ жүйесін түбегейлі реформалау барысында алдымен жоғары халықаралық стандарттарға сай, азаматтардың құқығы мен бостандығын анағұрлым тиімді қорғауға бағытталған жаңа құқық қорғау жүйесін қалыптастыру басты міндет етіп қойылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде ауыр қылмыстар 12,5 пайызға, аса ауыр қылмыстар саны 10 пайызға азайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен полицияның ең басты міндеттерінің бірі – ұйымдасқан қылмыспен күреске басымдық берілді.
Былтыр ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысушыларына қатысты 900-ден астам қылмыстық іс қозғалды.
2010 жылы сегіз мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыс ашылып, заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам есірткі шығарылды. ІІМ Миграция комитетінің қызметі арқасында миграция барысын қадағалау күшейтілді. Миграция туралы заңды бұзған 176 мың шетелдік әкімшілік жауапқа тартылып, оның ішінде 18 мыңнан астам заңсыз келімсектер елден шығарылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыты – жол қозғалысы. Қабылданған кешенді шаралар барысында жолдағы автокөлік апаты – 4 пайызға, жараланғандар – 6 пайызға, қаза болғандар саны 3,5 пайызға кеміді. Жол үстіндегі тәртіп нығайтуға себін тигізетін кешенді шаралардың арқасында бейнебақылау және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін автоматты жүйе орнатылды. Сөзінің соңында министр реформалаудың іс жүзіндегі маңызын және бастапқы кезеңі аяқталғанын атап өтті. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарып келеді, қажетті арнайы автокөліктер мен техникалар сатып алынуда. Полицейлер мен ішкі әскер қызметкерлері қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Былтыр өз парызын орындау үстінде 19 қызметкер қаза тапты, 44 қызметкер жарақат алды. Батырлығы мен ерлігі үшін 35 қызметкер мемлекеттік наградалармен, оның ішінде бір қызметкер қайтыс болғаннан кейін марапатталды.
Алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің елдегі қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Бүгін ІІМ қорытынды алқа мәжілісінде ішкі істер органдары алдындағы маңызды мәселелерді талқылау үшін және алдағы уақытта міндеттерін айқындау үшін сіздермен арнайы кездесуге келіп отырмын. Ең алдымен мен біздің полицейлердің жұмысын жоғары бағалаймын. Сіздер қылмыспен күресте алдыңғы шепте жүріп, азаматтарымыздың құқын қорғау жолында әр күн сайын өмірлеріңізді қауіп-қатерге тігесіздер. Ішкі істер министрлігі – елдің ең үлкен құқық қорғау құрылымы, оның міндетіне қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыспен күрестен бастап миграция мен жол қозғалысын сақтау сияқты орасан зор жұмыстар кіреді. Сондықтан бүкіл еліміздегі құқықтық тәртіптің ахуалы сіздердің ведомстволарыңыздың жағдайына байланысты. Жалпы алғанда, ІІМ өзінің басты міндеттерін ойдағыдай атқарып отырғанын атап өту керек. Мен сіздердің ведомстволарыңызға ерекше көңіл бөліп отырамын. Соңғы бес жылда біз ІІМ қаржыландыруды бір жарым есе ұлғайттық. Бұл полицияны кең ауқымда техникалық қайта жарақтандыруға мүмкіндік берді. Басқару мен бейнебақылаудың автоматтандырылған жүйелері енгізілуде. Кириминогендік ахуалдың өзгеруіне байланысты әрекет етудің оперативтілігі артты, – деп атап өткен Елбасы бұл салада әлі де жұмылып істейтін жұмысты қажет ететін өзіндік мәселелер мен кемшіліктердің барын қаперге салды. Былтыр Президенттің бастамасымен құқық қорғау органдарының бірқатар бағыттарына реформа жүргізілген болатын. Бұдан кейін қандай жетістіктерге қол жеткізілді, қай бағыттар негізінде жұмыс істеу керек және қандай мәселелер шешілмей қалды деген жайттарды Елбасы алқа мәжілісінде пысықтау керектігін айтып өтті. Соңғы жиырма жылда экономика, саясат, мәдениет секілді басқа салалар өзгеріске ұшырап жатқан кезде құқық қорғау саласы да заманға сай алға жылжуы қажет. Президент Н.Назарбаев бұл бағытта бірқатар шаралардың қолға алынғанына тоқталды. Мәселен, қылмыстық заңнаманың декриминализациялану мен гуманизациялануының арқасында мыңдаған адамдар түрмеге тоғытылудан аман қалды. Күштік құрылымдардың ведомствоаралық жүйесі біршама оңтайландырылды. Есірткі қылмыстарымен – полиция, ал экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен қаржы полициясы айналысатын болды. Министрліктің көпсатылы тергеу жүйесіне реформа жасалды. Белгілі бір нәтижелер бар. Бірақ бұнымен шектеліп қалуға болмайды. Ал алдағы уақытта күштік құрылымды қандай міндеттер күтіп тұр, қандай бағыттар бойынша білек сыбана жұмыс істеу керек? Президент бұл бойынша бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Бірінші міндет ретінде Президент Н.Назарбаев Ішкі істер министрлігінің алдына биылғы жылы «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заңның мазмұнымен жұмыс істеп, оны 2012 жылдан қалдырмай қабылдауды тапсырды. «Бұл жерде жеңіл-желпі өзгерістер туралы емес, тұжырымдық пысықтау жұмыстары туралы айтылып отыр. «Ішкі істер органдары туралы» Заңның қабылданғанынан бері 15 жыл өтті. Ол кездегі заң басқа тарихи жағдайлар негізінде қабылданса, қазір біз басқа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сонымен қатар бұл біздің миллиондаған азаматтарымыздың, соның ішінде Ішкі істер министрлігінің он мыңдаған қызметкерлерінің күнделікті өміріне қатысты заң болып табылады», - деп толықтырды Елбасы.
– Екіншіден, құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау аясында әлем елдеріндегі қолданыстағы полицей мен тергеушінің функцияларын бөліп қарастыру мәселесінің бүге-шігесін зерттеу керек. Болашақта полицияның міндеті қылмыскерді іздеу және ұстау, қылмыстарды тіркеу болуы тиіс. Дәлелді айғақтарды жинастыру мен сотқа жіберу міндеті тергеушіге жүктелуі керек. Бұл жұмысты оңайлатып қана қоймайды, сонымен бірге сотқа дейінгі процедуралардың тиімділігін арттырады, – деген Елбасы, Елорда мен Алматы облысында тергеу қызметі мен криминалды полицияны біріктірудің пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқтала кетті. Үшінші бағыт ретінде қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі өндірісті оңтайландыру мақсатында медиация институтын дамыту қажеттілігі атап өтілді. «Қылмыстық істер бойынша сот өндірісіне дейін оңтайландыру бағыты тараптардың ымыраға келу мүмкіндігін арттыратын медиация институтын дамыту болып табылады. Айыппұл салу, үй тұтқыны, түзеу жұмыстары секілді жазаның балама түрлерін пайдалану аясын кеңейтудің де маңызы бар», – деп атап өткен Елбасы Н.Назарбаевтың пікірінше, жазаның балама түрлерін пайдалану аясын кеңейту, бір жағынан, қылмыстық-түзеу жүйесінің жүктемесін біршама азайтуға көмектессе, екінші жағынан, бюджет үшін экономикалық оң тиімділікке ие болмақ. Бұл, бір жағынан, құқық қорғау органдарындағы репрессивті механизмді азайтады. «Төртіншіден, құқық қорғау органдарының, ең алдымен, ІІМ қызметін бағалау өлшемдерін өзгерту қажет. Құқық қорғау органдарының жұмысын бағалау кезінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу өлшемін қалдырған жөн. Ұсақ және орташа қылмыстарға келсек, олар құқық қорғау органдарының жұмысын бағалаудың маңызды өлшемі емес», – деген Президент таяуда бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесі, Бас прокуратура және ІІМ шешуі қажеттігін тапсырды.
Президент Н.Назарбаев құқық қорғау органдарынан бесінші міндет ретінде жолдардағы жемқорлық әрекеттерді құртуды талап етті. «Жол қауіпсіздігі саласында тәртіп орнатуды, ең алдымен, жолдардағы жемқорлықтың тамырына балта шабуды талап етемін. 2011 жылы бірқатар елдердің, оның ішінде көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, пайдалану қажет. Жол полициясының мәртебесі мен қызметін ұйымдастыруды өзгерту керек»,– деді Елбасы. Оның айтуынша, адамдарды жол полициясы қызметіне жұмысқа алған кезде полиграф пен жалған сөйлеуді анықтайтын детекторды қолдану керек және бұл техникалық құрылғыларды пайдалануды заң жүзінде рәсімдеу ләзім.
Алтыншы мәселе ретінде есірткі бизнесі және есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы Ішкі істер министрлігінің алдына қатаң талап қойылмақ. «Есірткі бизнесі мен есірткі қылмысына қарсы күрес саласындағы Ішкі істер министрлігі жұмысының маңыздылығын атап өткім келеді. Біз қазір бұл жұмысты әдейі Ішкі істер министрлігіне топтастырдық. Сіздерге қойылатын талап та өте қатаң болады», – деген Президент Қазақстан Ауғанстаннан Еуропаға есірткі тасымалдау дәлізінің жолында орналасқандықтан, есірткі қаупінің деңгейі өте жоғары, сондықтан да ІІМ-нің осы бағыттағы жұмысын бағалау да маңызды мәселелердің бірі болып табылатынына назар аудартты. Ал бұл бағыттағы жұмысты қорытындылағанда Қауіпсіздік кеңесіне Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, осы саладағы жағдайға мықтап сараптама жасауы жүктелді. Жетінші міндет ретінде миграциялық саясатқа барынша көңіл бөлу тапсырылды. Өйткені заңсыз миграция қылмыспен, криминалитетпен тығыз байланысты болып келеді. Заңсыз миграция тасқынының астында қалған еліміз бұған байланысты қатаң шаралар қолдануы тиіс. Сегізінші үлкен мәселе ретінде ІІМ кадрлық саясатын жүйелі жолға қою жайы айтылды. Кадр даярлау, қайта даярлау жайы, полицейлердің әлеуметтік қорғалуы назарда болуы керек.
Ішкі істер министрлігін келесі реформа күтіп тұр
Последние статьи автора