Алматыдағы №5571 әскери бөлімінің клубында еліміздің Ішкі әскерлерінің құрылу күніне арналған мерекелік шара өтті.
Шараға Құқық қорғау, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық ұйымдар жетекшілері мен өкілдері, Ішкі әскер және күштік құрылымдардың ардагерлері қатысты. Мерекелік жиында ән салынып, би биленді. Ішкі әскерлер Алматы құрамасының жеке құрамы былтырғы жылғы жұмыстарына есеп берді.
1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІМ Ішкі әскерлері құрылған болатын. «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Заңға сай, Ішкі әскерлерге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау, түзеу мекемелері мен маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, сотталғандар мен қамауға алынғандарды айдауылдау, төтенше жағдайлардың салдарын жою сынды міндеттер артылды. Құрылған сәтінен бастап әскер жеке құрамы алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқарып, Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен конституциялық құқықтарының сенімді қорғанына айналды. Ішкі әскерлер Алматы құрамасының жеке құрамының баспасөз қызметкері Дархан Мұқановтың айтуынша, 2012 жылы Ішкі әскерлер Алматы құрамасының жеке құрамы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау жұмысы бойынша 790 тапсырма орындап, 8191 бұзақыны қолға түсірген, олардың 1823-і – қылмыстық, 6368-і – әкімшілік құқық бұзушылар. Сегіз дана отты қару мен 14 дана суық қару, бір жарылғыш зат, 72,44 грамнан астам есірткі заты тәркіленді. Осы жылы құрама әскери қызметшілері сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының бірлескен «Мызғымас бауырластық-2012» бітімгерлік жаттығуына, Ақсай шатқалында қауіпті қылмыскерлерді іздестіру бойынша жедел шараларға қатыстырылды. Былтыр «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының жеке құрамы Алматы қалалық ІІД-мен бірге ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша 16 арнайы операцияға жұмылдырылған. Нәтижесінде 10 қылмыскер ұсталып, 8 мың данадан астам контрафактілі өнім, 10 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Түзеу мекемелерін күзету бойынша қарауылдар 2098 тапсырма орындаса, 138 түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды сырттан лақтырудың алды алынып, 88 дана тыйым салынған заттар анықталған. 386,5 литр спирттік ішімдік, 27 000 теңге ақша, 38 дана қалта телефоны тәркіленді. Барлығы 13 371 сотталғандар мен қамауға алынғандар айдауылданды.
Ішкі әскерлердің құрылу күні аталып өтті
Последние статьи автора