Интернеті жоқ ел «Электронды үкіметті» қайдан іздейді?
Қазақстандағы «Электронды үкімет» толыққанды іске қосылды. Бүгінде www.egov.kz сайтында мемлекеттік қызметтің 90 түрін қолдануға мүмкіндік бар. Алайда ел халқының тек жартысы ғана компьютермен жұмыс істей алады. Ақпараттық қоғамды қалыптастыру жолындағы мұндай айырмашылыққа Үкімет басшысы Серік Ахметовтің өзі де аң-таң.
«Электронды үкімет» халықтан «озып кетті»
Министрлер Кабинетінің кезекті мәжілісінде есеп берген көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиевтің хабарлауынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы электронды жүйеге көшірілді. Биыл аталған көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу көзделген. Демек, барлық әлеуметтік қызметтер тек электронды түрде ғана көрсетіледі. «Электронды үкіметтің» арқасында қазірдің өзінде заңды тұлғаларды тіркеу мерзімі 30 күннен бір күнге дейін азайды. Сол сияқты жеке кәсіпкерлерді тіркеу уақыты 5-30 күннен бір тәулікке қысқарды. Былтырдан бастап барлық лицензиялар тек электронды түрде ғана дайындалады», – дейді А.Жұмағалиев. Соған қарамастан, халықтың басым бөлігі мемлекеттің электронды қызметтерін қолдана алмай отыр. Себебі қазақстандықтардың 51,7 пайызы ғана компьютерді біледі. Бұған аң-таң болған Үкімет басшысы Серік Ахметов:
– Біз «Электронды үкіметті» құру жұмысын аяқтайын деп жатырмыз. Ал халықтың компьютерлік сауаттылығы 51 пайызды құрап отыр. Сонда электронды қызметтерді енгізу және оны қолдану арасында үлкен айырмашылық бар болып тұр ғой?! Маған берген ақпаратқа сәйкес, сіздер (министрлік – авт.) 2020 жылға қарай қазақстандықтардың компьютерді білу деңгейін 90 пайызға жеткізуді көздеп отырсыздар.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
– 80 пайызға дейін жететін шығармыз. (А.Жұмағалиев)
– Қай жылға дейін? (С.Ахметов)
– «А-а-а, 20-сыншы, 20-сыншы жылға дейін...инфрақұрылым бағдарламасына сәйкес... «Ақпараттық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес...
– Неге олай жоспарлап отырсыз? (С.Ахметов)
– Енді біз барлығын жылдам жасауға тырысамыз, Серік Нығметұлы, компьютерлік сауаттылықты арттыру жағынан бізде нақты жоспарлар бар. Әрине, бұл жұмысты қысқа уақыттың ішінде жасауға ұмтыламыз. Қазірдің өзінде «Электронды үкіметтің» қызметтерін кеңінен қолданып жатыр. Биыл электронды қызметтерді 12 миллион рет ұсынамыз деген жоспар бар. Оның өзі – үлкен көрсеткіш. Халыққа қызмет көрсету орталықтары... онда біз электронды қызметті 15 млн рет ұсынбақпыз... бұл елді үйретіп жатқан негізгі жүйе...және....
Осылай шұбырта жөнелген министрдің сөзін бөлген Үкімет басшысы «12-15 миллион деген аз ба, көп пе?» деген сауалды төтесінен қойды. «Енді қарап көрейікші, бізде жұмыс істейтін 8,5 млн халық бар. Дұрыс па? Олар жылына бір-екі рет электронды қызметті қолданып, салық немесе мекенжай туралы анықтаманы алса да, соның өзінде электронды түрде ұсынылған қызметтердің саны 30 млн-ға дейін бармай ма?! Демек, бәрібір халықтың тең жартысы халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кезекке тұрады. Сондықтан бір-ақ сұраққа жауап беріңізші, электронды қызметтерді енгізу және оны қолдану арасындағы «айырмашылықты» қалай қысқартуға болады? Әрине, мемлекеттік қызметтердің электронды нұсқасын енгізу жағынан біз (Үкімет – авт.) алға шығып кеттік. Енді оны қолданатын азаматтар, қарапайым халық оған қалай жете алады? Сіз білім министрімен бірге отырып, бұл жұмысты қалай жоспарлау қажеттігін түсініп алуыңыз қажет. 2020 жылға дейін компьютерлік сауаттылықты 80 пайызға жеткізу, бұл – тым төмен көрсеткіш», – деп қадап айтты С.Ахметов. А.Жұмағалиев болса, бұл сауалға тұшымды жауап бере алмағаннан кейін тиісті ұсыныстардың барын алға тартып, оны алдағы уақытта Үкіметтің қарауына беремін деп «ақталды».
«Е-үкіметті» енгізу жұмысында негізгі үш проблема бар
Негізі, компьютерлік сауаттылықты арттыру жұмысына Білім және ғылым министрлігі жауапты. Сондықтан С.Ахметов келесі кезекте министр Бақытжан Жұмағұловты тыңдап шықты. Оның айтуынша, бүгінде «e-learning» атты электронды оқыту жобасы 581 мекемені қамтиды. Білім берудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2015 жылға қарай оған барлық білім беру мекемелерінің 50 пайызы қосылуы тиіс. Ал 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жетуі керек. «Қазіргі кезде әлем бойынша электронды оқыту жүйесінің даму қарқыны қатты. Осыған байланысты «e-learning» жобасын 2020 жылға дейін емес, 2016 жылға қарай тездетіп енгізу керек. Біз аталған жүйені жедел түрде іске асырудың нақты есебін жасап шықтық. Осының арқасында оқытудың электронды жүйесін қысқа мерзімнің ішінде аяқтауға болады», – дейді Б.Жұмағұлов мырза.
Дей тұрғанмен, ақпараттық технологиялар саласындағы сарапшы мамандардың айтуынша, Қазақстанда «Электронды үкіметті» енгізуге халықтың компьютерлік білім беру деңгейі ғана кедергі болып отырған жоқ. «Негізі, бұл салада негізгі үш проблема бар. Біріншіден, Астанада ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша мемлекеттік қызметтерді электронды түрде пайдалану көрсеткіші төмен. Себебі халық оған әлі толықтай дайын емес. Мәселен, бүгінде Астана тұрғындарының 68,8 пайызында интернет бар. Бірақ олардың басым бөлігі ғаламторды тек хат жіберу, ойын ойнау, музыка, фото мен фильмдерді жүктеу үшін ғана қолданатындарын растады. Демек, біз интернеттің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жатқан жоқпыз. Екіншіден, интернеттің бағасы тым қымбат. Бүгінде жетекші оператордың орташа бағасы – айына 4 мың теңге. Халықтың 30 пайызы ондай төлемақыны көтере алмай отыр. Үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің көбісі электронды жүйенің енгізілуімен қызмет орнымнан айырылып қаламын деп қорқады. Сондықтан электронды қызметтерді дамытуда құлықсыздық танытып жатады. Олай болмау керек. Біз бір нәрсені түсініп алуымыз қажет. Электронды жүйенің енгізілуімен бізде қосымша уақыт пайда болады. Біз оны басқа шаруаларға тиімді пайдалана аламыз», – дейді сарапшы Дәурен Топаев.
Р.S.
Бүгінгі жастар мобильді ғаламторды кеңінен қолданып жүр. Қызметтің осы түрін 10 млн қазақстандық азамат қолданады. Осыған байланысты Көлік және коммуникациялар министрлігі «Электронды үкіметтің» «ұялы» жүйесін әзірлеп шықпақшы. «Біз электронды нұсқадағы барлық мемлекеттік қызметтерді мобильді қосымшаға ауыстырамыз. Соның арқасында «Электронды үкіметтің» халықтың арасындағы кеңінен қолданылуын қамтамасыз етпекпіз», – дейді А.Жұмағалиев.