Қолқаны қапқан өткір иіс әбден әбігерге салды. Осылай деген Іле ауданының бірнеше ауыл тұрғыны күні-түні кетпейтін жағымсыз иіске шағымданып отыр. Базыналы халық жел тұрғанда шығатын жиіркенішті иістен 10 жыл бойы тұншығып, түрлі дертке шалдыққандарын айтады. Бұл жағдайға «Алматы Су» мекемесін айыптап, түйткілді шешуді талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мүмкін емес мына иіске шыдау. Химиялық тазарту жасау керек. Үйдің терезесін аша алмай отырмыз», – деді Байсерке ауылының тұрғыны Сәуле Жұмабаева.
Жиналғандар Іле ауданына қарасты Қосөзен, Қараой, Рахат, Байсерке, Тілендиев ауылының тұрғындары. Айтуларынша, 2011 жылдан бері «сасық» ауамен демалуға мәжбүр. Салдарынан түрлі дертке де шалдықтық дейді. Иіс Алматы облысындағы «Алматы Су» мекемесіне тиесілі кәріз жүйесінен шығады дейді.
«Облыстық Экология департаменті, министрлігіне де жаздық. Олардан ешқандай әрекет болмағаннан кейін аудандық прокуратураға жазсақ, біз бұған жауап бермейміз деп аудан әкіміне сілтеді. Аудан әкімі ауылдың әкіміне бағыттап жіберді. Соңында қағаз қайтып айналып, бізге келді», – деді Н. Тілендиев ауылының тұрғыны Тағабай Жұмабеков.
Жағымсыз иіс жауаптылардың есіне ел жиналғанда ғана түсетін секілді. Тіпті, «Алматы Су» өкілі бұл иіс кәрізден тарамайды деп жұрт пікірін теріске шығарды.
«Іле ауданында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Бұл жерде біздің ИЛ алаңымен бірге шошқа, құс фабрикасы, май шығаратын зауыттар орналасқан. Бұл кісілер 2,5 шақырым жерде отырып алып, басқа иісті сезіп отыр», – деді «Алматы Су» МКК Су бұру департаментінің директоры Қайсар Арын.
Ал елдімекен халқы бұған дейін бұл мәселені талай көтергенмен шешілмей келген.
«СЭС келіп тексерді. Ай көлемінде тексеріп, иіс қалыпты жағдайдан жоғары екенін анықтады. «Алматы Су» мекемесіне 8 миллиондай айыппұл салған», – деді Қараой ауылдық округы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Төреев.
Тексеріс қажет деген жауаптылар мәселені шешу үшін шетелден арнайы қоспа алу керек дейді.
«Сатып алатын кезде Ресейде қақтығыс басталды. Қазір шикізаттың сұрағы шешіліп жатыр. Егер орындау әдісі дұрыс жүргізілсе, ары қарай соны қолданамыз», – деді «Алматы Су» МКК Су бұру департаментінің директоры Қайсар Арын.
Мекеме иелері былтыр экологтардың кеңесімен кәріз маңына 1000 тал ағаш егіпті. Ал биыл 1500 жасыл желек отырғызған. Бұл жағымсыз иісті жоюға септеседі деп сенеді.