Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемен астанасы Сана қаласына әуе шабуылдарын жасады. Алдын ала деректер бойынша шабуылдан 20-ға жуық адам қаза тапқан. Оқиға хуситтердің Біріккен Араб Әмірлігіне жасаған шабуылынан кейін бір күннен соң орын алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сейсенбі күні таңертең коалиция Санадағы лагерьлер мен бекініс бекеттеріне әуе шабуылын бастағанын мәлімдеген. Бұл бекіністер Иранмен байланысы бар хусит тобына тиесілі.
"Reuters" басылымының мәліметінше, бұрынғы әскери шенеуніктің үйіне зымыран ұшырылған. Нәтижесінде хуситтердің басшысы генерал-майор Абдулла Касем әл-Джунаид пен оның әйелі, 25 жастағы баласы мен өзге де отбасы мүшелері көз жұмған.
Алдын ала мәлімет бойынша, әскерилер 7 баллистикалық зымыран ұшырған. Олардың екеуі Сананың батысындағы ауданға түсіп, 5 үйді толығымен қиратқан. Қаза тапқандар арасында әйелдер мен балалар бар. Іздеу жұмыстары жалғасуда. Біріккен Ұлттар ұйымы екі жақты барынша сабырға шақырды.
"БҰҰ бас хатшысы жақын арада болған әуе шабуылына қатысты алаңдаушылығын білдіреді. БҰҰ басшысы екі жақты келіссөз жүргізіп, Йемендегі жанжалды тоқтатуға шақырады", – деп мәлімдеді БҰҰ басшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.
2014 жылы көтеріліске шыққан хуситтер Сана қаласы мен Йеменнің басым бөлігін жаулап алған еді. Эр-Рияд бастаған Араб коалициясы жанжалға 2015 жылы араласып, үкіметке қолдау білдірген.
Айта кетейік, дүйсенбі күні хуситтер Біріккен Араб әмірлігінің әуежайы мен мұнай танкерлерін шабуылдаған болатын. Нәтижесінде үш адам мерт болған.