Кеше Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар мінберінен сөз алған депутат Розақұл Халмұрадов үкіметбасына екі бірдей сауал жолдады. Оның біріншісінде Розақұл Сатыбалдыұлы Орталық Азиядағы теңдессіз тарихи жәдігер саналатын, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген, ғажайып сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Ассамблеялық депутаттың сөзіне қарағанда, 1993-2000 жылдар аралығында Түркияның «Вакиф Иншаат» фирмасы кесенеде реставрация, күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда еліміздің құзыретті мекемелері әлгі фирманың жұмысын тиісінше бақылауда ұстамағанға ұқсайды. Кейіннен сапасыз атқарылған істің салдарынан кесене іргетасының гидроизоляциясы, бөлмелерінің желдетпе жүйелері сыр берген. «Осының салдарынан қазір көркем кесененің қабырғалары тұздана бастапты. Ал бұл кірпіштің үгітілуіне, оның сапалы құрамын жойып, езілуіне әкеліп соққан. Бұдан кесене үстіндегі үлкен күмбездің құлау қаупі туып отыр», – деді Р.Халмұрадов.
Мәселенің байыбына үңіле түссек, бұл жағдайды «Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігі жоғары жаққа жеткізген сыңайлы. Бірлестіктің жанайқайынан кейін облыс әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылыпты.
Олар кесенені зерттеп, шұғыл атқарылуға тиісті шараларды да белгілеп берген. Қажетті қаржы есептеліп, Үкімет басшысына сұрау да салынған. Енді халық қалаулылары осы мәселені аяғына дейін жеткізуге ниетті. Бұл ассамблеялық депутаттың бірінші мәселесі.
Өзбек, ұйғыр һәм қазақ депутаты теледидардағы тіл мәселесіне алаңдады
«Еліміздегі телеарналарда қазақ тіліндегі бағдарламалар салмағы кеміді. Есесіне, қостілді бағдарламалар мен субтитрлі аудармалар қаптап кетті. Жасөспірімдерге арналған аргентиналық телехикаялар көрермендерді әдепсіз әрекеттерге «тәрбиелеуде». Сорақы хикаяларда бесіктен белі шықпаған оқушы қыздардың «интимдік қатынасқа» түсуі күнделікті өмірдегі қалыпты жағдай ретінде көрсетіліп келеді», – деді депутат. Розақұл Сатыбалдыұлының айтуынша, жеткіншектердің сана-сезімін улап, рухани дамуға кері әсерін тигізетін аталмыш көріністер халықтық психология мен ұлттық менталитетімізге мүлдем кереғар. Сонымен бірге, халық қалаулысы қазақстандық телеарналарды жаулап алған шетелдік сериалдарға, Ресейден көшіріп басылатын «сиықсыз шоуларға» байланыс және ақпарат министрінің назарын аудартқысы келетінін білдірді. Бүгінгі буынның классикалық туындылардан алшақтағанына қатты қынжылатынын да жасырмады. «Жабайы жаһанданудың улы тамыры – батыстың сапасыз даңғырлақ әуені мен киносынан арылып, ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу үшін телеарналардан ұлттық қазынаны көрерменге ұсынуға қашан қол жеткіземіз? 24 сағат қазақ тілінде сөйлейтін, жастарды рухани адамгершілікке тәрбиелейтін, мектеп оқушыларының бойынан Отанға сүйіспеншілікті оятатын телеарналар тура қай жылы, қай айда ашылады? Мағынасыз шоуларды сыпырып тастап, қазақи рухтағы туындылар қашан телеарнадан орын алады?» – деді Р. Халмұрадов. Атқарушы билікке бағытталған осы сауалға депутат Р.Халмұрадов, М.Ахмадиев пен Н.Өнербайлар қол қойыпты.
Малшыға да диплом керек пе?
Керек екен. Әсіресе, бос жатқан жайылымдық жерді жалдап алу үшін аса қажет боп тұр. Тура осы мәселе жазғы каникулда ауыл аралап жүрген депутат Рамазан Сәрпековке бірнеше мәрте көлденеңдепті. «Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру жөніндегі конкурстарды ұйымдастыру ережесі бойынша бұрын пайдалануға берілмеген мемлекет меншігіндегі учаскелер жалға беріледі. Осы конкурсқа қатысушы ретінде тіркелу үшін біршама құжат керек. Осы топ құжаттың міндетті бір талабы – білімі туралы диплом көшірмесі екен. Яғни жоғары немесе орта білімі туралы дипломы болуы тиіс деген сөз. Осының салдарынан ұзақ жылдар бойы малдың соңында жүрген, әйтпесе өмір бақи жер тырмалап келе жатқан ауылдағы «дипломсыз» шаруалар жайылым, шабындық, тым болмаса жайлау алу құқынан шеттетіліп отыр», – деп таңғалды Р.Сәрпеков. Депутат ағамыз «дипломсыз» шаруақорлардың құқын шектейтін осы олқы норма туралы тиісті органдарға хабарласып, бәрін де мойындатып үлгеріпті.