Ғасырлық қадамын ойлайтын жұрт бүгіннен театр салады

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Орталық Азиядағы теңдессіз саналатын ғажайып өнер ошағы Астананың төрінен орын алды. Кеше 1250 орынға арналған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының кермесі қиылып, талғамы жоғары Еуропа мамандарының өзі «мінсіз акустика, ғажайып техникалық мүмкіндік, дүниежүзінде сирек кездесетін құбылыс» деп бағалаған тамаша ғимарат есігін ай­қара ашты. Сахнаның шымылдығы қазақ опе­ра өнерінің жауһары, композитор Мұқан Төле­баевтың «Біржан – Сара» операсымен түріл­ген айтулы шараға Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев арнайы қатысып, жұртшылықты тең­дессіз театрдың ашылуымен құттықтады.
Сыртынан көз тартатын ғажайып ғимараттың «ішкі дүниесіне» былтырғы жылдың желтоқ­санында бас сұғып, біршама таныс болып та қалған едік. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясын жария­лаған болатын. Дәл сол Жолдауында Мемлекет басшысы қазақтың мәдениетін ұлттың генетикалық коды ретінде бағалаған еді. Кешегі театрдың ашылуы да – сондағы айтылған ойдың жүйелі жалғасы һәм дәлелі. Ал бүгін шымылдығы айқара ашылған Опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 22 жылындағы 19-өнер ша­ңы­ра­ғы. Бұған дейін Қазақстанның әр қиырында 18 жаңа театр салынып, ел игілігіне берілген еді. Ал жаңа ғимарат­тың ашылуына қатысты жұрт­шы­лыққа құттықтау арнаған Елбасы Астанаға алғаш қоныс аударған тұста тұңғыш рет К. Байсейітова атында­ғы Опера және балет театры ашылғанын, сосын елордада бірегей Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан кино-концерт залы бой көтеріп, ел игілігіне айналғанын айтты. «Міне, олардың қатары тағы бір теңдесі жоқ архитек­туралық туындымен толығып отыр. Сыртқы сән-салтанаты мен ішкі жабдығы әдемі үйлескен «Астана Опера» театрын бізге бұрын армандаудың өзі арман болатын. Баршаңызды ел өміріндегі, қазақтың тарихындағы осынау жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сосын Мемлекет басшысы осынау театр сахнасынан талай-талай жас әртіс қанат қағып, Қазақстанға ғана емес, бола­шақта дүйім дүниеге танылатын өнер майталмандары дайындалатындығына сенім білдірді. Опера қызметкерлеріне, болашақ жауһарларға бүгіннен жағдай жасау қолға алынғанын да Елбасы тілге тиек етті. Театр ұжымына – 100 пәтер, жас­тар­ға 100 жатақхана бөлінгені де – соның айғағы. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Астана Опера» ғимаратын салу­ға атсалысқан архитекторлар мен құры­лысшыларға дән ризашылығын танытып, алғысын айтты.
«Астана Опера» әлемдік опера өнерінің жылнамасына енеді
«Астана Опера» – Орталық Азияда­ғы өнердің ең үлкен храмы, бұл – бүкіл Еу­разия кеңістігінде соңғы бірнеше онжыл­дық­та дүниеге келген бірден-бір ауқымды клас­сикалық театр, бұл – әлемдегі техни­ка­­лық жағынан ең жетілген театр. Маман­дар маған мұндағы акустиканың мінсіз екен­дігін айтты. Ендеше, бұл тарихи сәт әлемдік опера өнерінің жылнамасы мен тарихына енетін болады», – деді Елбасы. Бұдан әрі Мемлекет басшысы талантты жастар үшін шығармашылық әлеуетті барынша ашуға мүмкіндік жасалатынын да жеткізіп, Тәуелсіздіктен бері атқарылған шараларға да тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, Тәуел­сіздік жылдары Қазақстан мәдение­тінің нағыз ренессанстық дәуірі болды. Осы жылдар ішінде елімізде мәдени меке­мелер желісі кеңейіп, бүгінгі күні олардың саны 41 республикалық, 7 мыңнан астам жер­гілікті мекемені қамты­ған. Ал оларда 75 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл сала қызметкерлері алдағы уақытта да мемлекеттік қолдаудан кенде болмайды. «Бүгінгі қазақстандық мәде­ниет жаһандық мәдени мұраның танымал әрі ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл – заманауи өнердің барлық түріне қатысты мәселе. Музыка да, кино да, театр да, әдебиет те, бейнелеу өнері де осылай болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, Елбасының пайымынша, кәсіпорын құрып, зауытты іске қосып, жол салатын мемлекет алдағы жылдары үшін мығым іргетас қалайды. «Мектеп пен аурухана салатын мемлекет ұлтының келешек онжылдығын қамтамасыз еткен болады. Ал ғасырлық қадамын ойлайтын жұрт бүгіннен театр салады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Ұлттық өнерге зор құрмет ұлы композиторға деген халық ықыласымен өрілді
Сөз соңында Елбасы енді санаулы күндерден соң ғажайып Астана өзінің 15 жылдығын атап өтетініне тоқталды. «Бүгінгі күні мен басты мәселені айтқым келеді, біз өз Отанымыздың бас қаласын ғана емес, тұтастай ауқымды қаланы ажарландырдық. Астана – бұл күнделікті қоныс тойы өтетін, күнделікті той тойланып, жаңа тағдырлар тоғысып жататын қала. Бейбітшілік пен келісім – бұл Астана мен Қазақстанның берік негізі. Қазақстандықтардың еңбегі мен шығармашылық күш-қуатының арқасында біздің қаламыз жыл сайын жаңғырып, жаңара түсуде. Сондықтан да баршаңызды Астанадағы жаңа өнер храмының ашылуымен құттықтаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан соң сахна шымылдығы түріліп, «Біржан – Сара» операсы шырқалған болатын. Әлемдік деңгейдегі тамаша ғимараттың  М.Төле­баев­тың қазақ опера музыкасына енгізген құнды еңбегі –  «Біржан – Сара» опера­сы­мен ашылуы да қазақы өнерсүйер қауымды қанаттандырып тастады. Расын айтқанда, әлгіндей шығармалар негізінде халық әншісі Біржан салдың ақын қыз Сараға деген ғашықтық сезімі ғасырдан- ғасырға ұласты. Операның жаңа қойылы­мын режиссер Юрий Александров жүзеге асырса, басты рөлдерді Нұржамал Үсен­бае­ва мен Ахмет Ағади орындады. Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаев театр шы­мылдығының «Біржан – Сара» опера­сымен ашылуын ұлттық өнерге зор құрмет пен ерекше ықыластың белгісі ретінде атап өткен болатын. Бұл ретте Президент биыл ұлт өнерінің мақтанышы Мұқан Төлебаев­тың 100 жылдық мерейтойы екендігін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Театр­дың шымылдығы әйгілі компози­тордың «Біржан – Сара» операсымен ашылуы­ның мәні бар. Ұлттық өнерге зор құрмет пен ерекше ықыластың белгісі, ұлы ком­позиторға деген халқының көңілі болып саналады», – деді. Сөз арасында Пре­зидент жаңа театрдың әлемдік таныс­ты­рылымы қазан айында өтетінін, онда тұңғыш рет қазақ жерінде қойылатын
Дж.Вердидің «Аттила» операсы қойы­ла­тынын атап өтті. Яғни  алдағы қазан айында әлем операсының майталмандары Астанаға ағылатын болады. Сөйтіп, әлемдегі ең үздік алты өнер ошағының біріне айналған «Астана Опера» театры енді қазақ жұртына ғана емес, еуропалық тарлан талант иелері үшін де құшағын ай­қара ашпақ.
Жалпы аумағы 64 мың шаршы метрді алып жатқан  «Астана Опера» театрының таға тәріздес сахна залы 1250 көрерменге есептелген. Өнер ұжымы төрт сахнаның үшеуінде бір мезетте дайындық жұмыста­рын жүргізе алады. Тіпті қойылым жүріп жатқан мезетте декорацияны өзгерту мүмкіндігі де қарастырылыпты. Заман тала­бына сай студиялық жабдықтардың кө­мегі­мен қойылым немесе концертті HD тәр­ті­бінде жазуға болады. Театр құрылы­сына 300 млн доллар жұмсалған. Әлем театрларынан және бір ерекшелігі, антракт кезінде адам демалатын фойе аумағы да атшаптырым – 3 мың шаршы метр. «Дәл осындай фойені дүниежүзіндегі бірде-бір театрдан көрген жоқпыз» деп мақтанатын­дар да баршылық. Театрдың ең үлкен ерек­шелігі – акустикасы. Онымен италия­лық мамандар айналысып, айрықша дыбыстық сапаға қол жеткізген көрінеді. Сахна және дайындық залдарындағы қабырғалар мен еден дыбыстың дірілін шағылтатын шамшат, қайың ағаштарынан жасалған деседі. Бір сөзбен айтқанда, мінсіз акустика кез келген дыбыстың самғауына сеп болады. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, акустиканы бағалау үшін талғамы жоғары тарландардың өзі арнайы шақыртылып, әлгіндей бесаспап мамандар арнайы құрылғысын да ілестіре келіп, акустиканы әдейілетіп тексерткен. «Олар бұл театрдың акустикасы ежелден келе жатқан Еуропадағы кәрі театр – Сан-Карло театрынан кем болмайтынын айтты», – дейді Төлеген Мұхамеджанов.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста