Уақыт талабы бойынша әлем елдері арасындағы ғарышты игеру жолындағы бәсеке де жаңа заманға лайық өзгеріп жатыр. Бір кездегі КСРО мен АҚШ арасындағы қырғи-қабақ соғыстың ғарыштық бәсекесі енді келмеске кеткен тарих. Қазіргі әлем ғарышты игеру саласына әскери-саяси тұрғыдан емес, коммерциялық тұрғыдан қарайтын болды. Сондықтан ғарыштық бәсекешілдерге жаңа ойыншылар қосылып жатыр. Қытай, Үндістан, Жапония және Израиль сынды елдердің қай-қайсысында ғарышты игеру бағдарламасы жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ Бразилия, Оңтүстік Корея, Қазақстан сынды ғарышқа жер серігін ұшыруға қабілетті елдердің легі тағы бар. Қысқасы, ғарыштық бәсеке әлі де тоқтаған жоқ. Осы жерде «ғарышты игеру мәселесі мемлекеттер үшін неге қажет?» – деген сұрақ туындайды. Бұл саяси қажеттілік пе, ғылыми сұраныс па, әлде табыс көздеген коммерциялық жоба ма?
Алғашында адамзат баласы атмосферадан тысқары шықсақ болғаны деп ұмтылған еді. Ондағы мақсат әскери саладағы артықшылықтарға қол жеткізгісі келді. Алайда кейіннен мұның басқа да пайдалы тұстары көп екені белгілі болды. Мәселен, саяси мойындалып, әлем елдерінің құрметіне ие болуы мүмкін. Дегенмен имидждік жоба үшін қыруар ақша салу өзін-өзі ақтай ма? Әсіресе кедейшілік дендеп, ауызсу тапшылығына ұрынып отырған елдің ғарыштық жобаларға миллиардтарды төгу қаншалықты логикаға сыяды. Ғарыштық держава атанған елдердің мамандары бұл сауалға байыпты қарайды. Олардың айтуынша, ғарышқа жұмсалған әрбір тиын да орнына қайтады. Басқаны қойғанда, спутниктер арқылы іске қосылатын ұялы байланыстар мен интернет, ауа райы болжамдарының өзі қыруар табыс әкеледі.
Ғылыми-техникалық, қаржылық мүмкіндіктері бола тұра Еуропа елдері ғарышты игеру мәселесін көп кешіктірген еді.
Алайда Arian-5 қуатты зымыран- тасығышты жасап шығарғалы бері бірнеше рет көкке сәтті көтеріліп, ғарыштық жобалардың көшбасшысы АҚШ-ты қуып жетуге аз қалды. Сонымен қатар қазір Қытай, Үндістан, Жапония, Израиль елдері өзінің ғарыштық бағдарламаларын барынша жетілдіруге күш салып жатыр.
Қазақстан – ғарыштық бәсекелестер қатарында
Әлемдегі ғарыштық бәсекеге түсіп, ғарыштық державалықтан үмітті елдердің қатарында Қазақстан да аталады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгiлеген Қазақстан Республикасының стратегиялық дамуының басым бағыттарының бiрi зымыран-ғарыштық саласының дамуы болып табылады. Қазақстан шикiзат мемлекетiнiң мәртебесiнен жоғарғы технологиялы, зияткерлiк-дамыған мемлекеттiк мәртебеге өту деңгейіне көптен бері ұмтылыс жасауда. Дегенмен ғарыштық державалыққа ұмтылушы Қазақстан бұл саланың барлық бағыттары бойынша бірдей күш жұмсай алмайды. Яғни «ғарыштық держава» деген жалаң атақ үшін қыруар қаржыны бекер шығынға сала алмайды. Біз үшін Марс пен Шолпанда не болып жатқаны, «Күн жүйесінде қандай ауытқулар бар», «Өзге ғаламшарлар мен жатпланеталықтар бар ма» деген секілді сұрақтар негізгі міндет емес. Дәл қазір Қазақстан үшін қолданбалы әрі табыс әкелетін жобалар маңызды. Атап айтқанда, коммуникациялық спутниктер орнату, жерді қашықтан зондтау, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы географиялық құбылыстарды, оның ішінде жерасты қазба байлықтарын айқындау, теңіздегі шашылған мұнайды әшкерелеу, экологиялық жағдайлар, өрт сөндіру, су тасқындары кезінде тағы басқа адамның өмірі үшін маңызды оқиғаларды жоспарлау.
Әлем Қазақстанды «ғарыштық держава» ретінде мойындап үлгермесе де, елімізде осыған қажетті барлық атрибут бар. Алдымен, аты аңызға айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қазіргі кездегі «Сарышаған» полигонын атауға болады. Зымыран-ғарыш саласында тәжірибесі мол және сапалы білім алған жоғары білікті кадрлар, дамыған инфрақұрылым бар. Ғарыштық мәселелермен айналысатын «Қазғарыш» ұлттық компаниясы, «Қазақстан ғарыш сапары», «Ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамдары, «Жердің ғарыштық мониторинг орталығы» сияқты бірқатар құрылымдар жұмыс істейді. Алдағы уақытта шағын және орта Жер серіктерін жасайтын жоғары технологиялы зауыт салынуы әбден мүмкін. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы алғашқы Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасы құрылды.
Түптеп келгенде, ғарышты игеру біз үшін саяси, әскери немесе имидждік жоба емес, ол ең алдымен, экономикалық, коммерциялық жоба. Әлемде бес ғарыш айлағы бар болса, соның бірі Қазақстанда орналасқан. Енді Байқоңыр қаласының құқықтық реттеу құзыры толықтай қазақ мемлекетінің өзіне қайтарылатыны сөз болып жатыр. Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейге жалға беру арқылы жыл сайын 115 млн АҚШ долларын алып отырғаны белгілі. Бұл, бір жағынан, салмақты сома болып көрінгенімен, Ресей тарапы қаржыны уақтылы әрі нақты валютамен төлеп отырған кезі есімізде жоқ. Есесіне, жыл сайын Байқоңыр қаласында әлеуметтік, территориялық даулар бой көтеріп тұратыны анық. Мамандардың айтуынша, Қазақстан тарапы «Байқоңырды» игеру ісінде Ресейден бөлек жолдарын табуға да қабілетті. Ондай жағдайда Қазақстан жерін жалға берумен ғана шектеліп қалмай, өзі де түрлі жобалардың үлескері, тіпті бастамашысы бола алады.
Мәселен, ғарышты туризмге айналдырушылардың үміті ақталып жатыр. Америкалық ғарыш мамандары туристік сапармен Айға барудың құнын бір адамға 20 млн доллар деп белгілеп үлгерді. Яғни сапар барысында бір ғана адамды ілестіріп ала кету – жобаның айтарлықтай шығынын жауып отыр. АҚШ-тағы жекеменшік SpaceX компаниясы ғарышқа он шақты Жер серігін ұшыру арқылы ғана 1,4 млрд доллар пайда көрген. Бұл сома – NASA-ның бір жылдық бюджетінің он екіден бір бөлігі. Соңғы 20 жылда әлем елдері ғарыштық жобаларға 3 триллион доллар қаржы жұмсаған екен. Мамандар болжамынша, 2050 жылдары әлемдегі ғарыштық туризм, Жер серіктерін ұшыру, астероидтардан сирек кездесетін минералдар іздеуші жобалардан жыл сайын 150 миллиард доллардан пайда түсіп отыратын болады. Яғни бұл саладағы айналып жатқан қаржының көлемі өте ауқымды.
Осыдан біраз бұрын Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев Қазақстандағы ғарыштық саланы қалыптастыру стратегиясы мен еліміздегі ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік басқару реформасы бойынша ғарыш саласына 2020 жылға дейін жыл сайын 316 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет болатынын айтқан еді. Бұл өтінішке біраз депутат жағасын ұстап, таңданыс білдіргені де бар. Алайда мамандар айтып жатқандай, ғарыш саласына салынған әрбір доллар өзін бес, он есеге дейін ақтайды екен. Ендеше, біз де елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, халықаралық маңызды серпінді жобалардың іске асуына, әлемдік ғылыми және ғылыми-техникалық кеңістікте кірігуіне ықпал ететін отандық ғарыш саласын жасауға міндеттіміз.
Ғарышты игеру бейбіт мақсатта болуы керек
Өкінішке қарай, әлемдегі ғарышты игеруші елдердің жоспарында әскери мақсат, әскери қарулану, әсіресе ядролық жобалар жоқ емес. Атом өндірісін әскери мақсатта пайдалануға болмайтыны секілді, ғарышты да әскери қақтығыс алаңына айналдыруға болмайды. Әрине, бұл БҰҰ деңгейінде қойылатын талап болуы қажет. Себебі бұл саланың да теріс мақсатта пайдаланылуы атомдық қарулардан кем зиян әкелмейді. Қазір ғарыш саласын әскери мақсатта дамытуға күш салып жатқан елдер де бар. Әскери қорғаныс саласын жетілдіру жолында АҚШ пен Иран секілді зымырандарға қарсы қорғаныс орнату үшін миллиардтар құю еліміз үшін тиімсіз болар еді. Еліміз Қазақстан өзінің соңғы 20 жылдық тарихында қай салада болса да, әскери амбиция танытқан емес, тек бейбіт мақсаттарды көздеуде.
Ғарышқа қанша ақша бөлінеді?
Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, барлық дерлік ғарыш державалары «жұлдызды» жобаларды қаржыландыруды азайтудың орнына, ұлғайтып жатты. Космостық бағдарламалар бюджеті осыдан бір жыл бұрын АҚШ-та – 16,8 млрд, Жапонияда – 5 млрд, Қытайда – 1,5 млрд, Ресейде 1,2 млрд долларды құрағандығы өзін-өзі байқатып тұр. Ал NASA америкалық агенттігі ғарыш саласына салған әрбір доллардың 5-6 доллар болып қайтатындығын хабарлаған. Мамандардың бағалауынша, соңғы жылдары Ресейдің ғарыштық зымыран саласындағы пайдасы – үш есеге, ал оның қайтымы екі есеге өскен.