Еуропа мен Азияны қосатын уақыт жетті
ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне жарты жылдың жүзі болған Қазақ елі тағылымды тақырыптардың бірін арқау етіп, тағы бір алқалы жиын өткізді. Елорда төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында өткен ЕҚЫҰ-ның Төзімділік пен кемсітпеушілік жайына арналған жоғары деңгейдегі конференциясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының басты ұстанымдарына жауап берер жиын деуге болады. Басқосуға қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер жөнінде ой қозғап, Еуразия аумағындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жайында сындарлы пікірлерімен бөлісті.
Ең алдымен Президент Н.Назарбаев Қазақ елінің әрқашан өзге ұлттар мен өзге діндерге құрметпен қарайтын өзіндік қасиетін тілге тиек етті. Қазақстанда тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстардың бүгінгі таңда тату-тәтті тіршілік етіп жатуы ЕҚЫҰ-ға мүше өзге мемлекеттерге үлгі болып отырғанын айтты. Яғни осының бәрі төзімділікті ту еткен қазақ халқының дарқан пейіліне ұйыған бірлік деуге әбден болады. Елордада өтіп жатқан бұл айтулы халықаралық конференция барысында жиынға қатысушылар бірқатар маңызды мәселелерді талқылайтын болады. Атап айтар болсақ, мұсылмандарға, христиандарға және басқа да діндерге қатысты кемсітушілікпен күресу мәселелері бар.
Бұл бағытта Қазақстан ұтымды саясатымен көзге түсіп отырған ел санатында. Осыған байланысты айтқан сөзінде Елбасы әртүрлі өңірлердегі толеранттықтың оң тәжірибелерін зерттеп, қосарланған стандарттарсыз ортақ көзқарас қалыптастыру және оны сәтті орындай алудың маңыздылығын айрықша атап өтті. ЕҚЫҰ-ның ел арасындағы миссиясы қандай болуы керек? Бұған Қазақ елі басшысының көңілге қонымды пікірі дайын. Яғни аталған миссия ұлтаралық және дінаралық толеранттықты ту етуі, осы құндылықтарға шоғырлануы қажет. «Мәселенің мәні құны өте жоғары адам өміріне байланысты. Егер ЕҚЫҰ-ның халық арасындағы миссиясы осы проблеманы шешудегі қосымша күшке айналатын болса, онда бұл әлемдік оң жағдайға ұйымның қосқан ең маңызды үлесі болары анық», – деді Президент Н.Назарбаев. Сондай-ақ ол ХХІ ғасырдың соңғы өткен онжылдығы мен алғашқы онжылдығы толеранттық ұғымына, ең бастысы, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі нақты саясатқа едәуір өзгерістер алып келгенін айтты. Осы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ жанынан дінаралық және ұлтаралық толеранттық жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін ашуды ұсынды. «Мен ондай институттың жұмысы ЕҚЫҰ-дағы әртүрлі этникалық және діни қауымдастықтар арасындағы диалогтің қалыптасуына, шиеленістің алдын алуға, пайда болған шиеленісті оперативті шешуге септігін тигізетініне сенімдімін», – деді ол.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде ұйымның барлық аумағында толеранттық, этносаралық бейбітшілік және конфессияаралық келісім идеясын алға жылжытуға өз үлесін қосуға шын ниетімен күш салатынын жария етті. Өркениетаралық диалогті нығайту бағытында еліміздің іс жүзінде қосқан үлесі басқалардан артық болмаса, әсте кем емес. Оған мысал ретінде БҰҰ Қазақстанның 2010 жылды Мәдениеттер жақындасуының халықаралық жылы деп атау туралы ұсынысын белсенді қолдағанын айтсақ та жеткілікті.
ЕҚЫҰ-ның жауапты аумақтары, азиялық және еуропалық бөліктерінің тығыз экономикалық интеграциялануы «экономикалық гүлденудің көзі және мемлекеттер арасындағы саяси, тығыз диалогтің базисі болып табылады». «Біздің елдердің еуразиялық экономикалық интеграциялануы мәселесін мықтап қолға алу керек. Бұл – күн тәртібінде тұрған мәселе, біз бұл проблеманы әлі кеңінен қозғауымыз керек», – деді ол.
Орталық Азияның өткір тақырыбы
Бұл, әрине, аумалы-төкпелі күйде тұрған Қырғызстан еліне қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы оқиғалар Орталық Азия халықтары арасында қақтығыс тудыруы мүмкін деген алаңдаушылығын жасырмайды. «Қырғызстандағы қақтығыстардың біздер үшін ащы сабағы, ол – сол аймақтағы басқа халықтардың арасына сенімсіздік пен үрей ұрығын себу мүмкіндігінде. Аталған аймақтағы тұрақтылыққа төнген қауіп, ол ЕҚЫҰ-ның барлық елдеріне төнген қауіппен бірдей», – деді Елбасы. Қазақстан басшысының айтқан қауіп жайына айқын дәлел болар оқиғалар жоқ та емес. Қырғызстандағы қиын жағдай алдыңғы шебі Ауғанстан арқылы өтіп жатқан халықаралық лаңкестікпен және экстремизммен күрес операциясын әлсірете түсуде. «Өз кезегінде өңірдегі дүрбелең мен аласапыран заңсыз есірткі тасымалымен, қару-жарақ және адам саудасымен айналысатын шонжарларға тиімді», – дейді Н.Назарбаев. Алайда Елбасы Қырғызстанда жақында ғана өткен референдум елдегі тұрақтылыққа негіз қалап, халықтың тыныш, жақсы өмірге деген үмітін ақтайтынына сенім білдіреді.
Ұтымды ұсыныстар
Орталық Азия халқының этникалық келбеті күрделі өңір болғандықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл аймақта ЕҚЫҰ-ның толеранттық және кемсітпеушілік жөніндегі орталығын құруды ұсынады. Сонымен бірге ЕҚЫҰ-ға этникааралық және дінаралық проблемаларды шешу жөніндегі институт құру да қажет деп санайды Елбасы. Мұндай бастама ұйым жауапты саналатын аумақта этникааралық және дінаралық проблемаларды шешуде ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейтуге, ұйымның беделі мен тиімділігін арттыруға және ЕҚЫҰ елдеріндегі әртүрлі этникалық және діни қоғамдар арасында диалогті орнатуға оң ықпал етпек. Ал Алматыда шілденің 16-17-сі күндері аралығында өтетін ЕҚЫҰ елдерінің СІМ жетекшілері саммитінің күн тәртібіне ұйымға мүше елдердің еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграциялануы мәселесін енгізу қажет. Бұл да – алқалы жиын кезінде Елбасы айтқан кезекті ұсыныс. Яғни еуразиялық экономикалық интеграциялану мәселесі мықтап қолға алынуға тиіс, бұл да күн тәртібінде тұрған мәселе. Президенттің пікіріне сүйенсек, ЕҚЫҰ-ға кіретін аумақтағы азиялық және еуропалық бөліктердің тығыз экономикалық интеграциялануы экономикалық гүлденудің көзі және біздің елдер арасындағы саяси, тығыз диалогтің базисі болып табылады.
Конференция барысында Нұрсұлтан Назарбаев алқалы басқосудың толеранттықты, кемсітпеушілік пен төзбеушіліктің барлық түрі бойынша күресті алға жылжытуда жаңа прогрессивті идеялардың бастамашысы болатынына сенім білдірді. Конференция бүгін де жалғасын табады. Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкілі Жоржи Сампаю, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Мәуліт Чауышоғлы, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссары Кнут Воллебек және басқа да мәртебелі меймандар қатысуда.