Есім ханның ордасы елеусіз қала бере ме?
ХVІІ ғасырдың басынан бастап Қазақ хандығының тізгінін ұстаған Еңсегей бойлы ер Есім туралы халық арасында аңыз әңгімелер көп. Ол жаугершілік заманда қазақты бір ту астына біріктіріп, ынтымағын жарастырған тұлға ретінде тарих беттерінен орын алды. Есім ханның тапқырлығы, батырлығы, даналығы және керемет дипломаттық қасиеті аңыз болуға тұрарлық-ақ. Бүгінде көкірек көзі ояу кез келген қазақ баласын түртіп қалсаңыз, Есім ханның ерліктерін санамалап айтып береді.
Сол есімі елге танымал әйгілі Есім ханның Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан ордасы жайында бүгінде көпшілік біле бермейді. Керек десеңіз, оңтүстікқазақстандықтардың біразы бұл ақпардан бейхабар. Тек тарихшылар мен осынау Орда тігілген қазіргі Кеңесарық ауылының тұрғындары бұл мәлімет жайында сізге толыққанды айтып бере алады.
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданының Кеңесарық ауылында Төрткүлтөбе деген киелі жер бар. Археолог ғалымдар бұл төбенің тарихи орын екендігін бұдан бұрын да айтып, заңды түрде дәлелдеп қойған. Деректерге сүйенсек, Есім хан жаугершілік заманда өз ордаларының бірін дәл осы Төрткүлтөбенің маңынан тіккен екен. Ал тарихи нысанның хронологиялық шеңберіне көз жүгіртсек, сонау Түркеш қағанатына барып бір-ақ тірелуіміз мүмкін. Моңғол-татар шапқыншылығы кезінде аталмыш төбе маңындағы мәдениет жермен-жексен болған деседі.
«Мүмкін» деп бекерден-бекер айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені осынау тарихи нысан жайында біз әлі күнге шейін тек болжамдар айтумен ғана шектелуге мәжбүрміз. Төрткүлтөбе мемлекет тарапынан қоршауға алынды демесеңіз, бұл жерде бүгінге дейін археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Жергілікті өлкетанушы ғалымдар болса Есім хан өз ордасын тіккен киелі орынның тарихи маңыздылығы әйгілі Отырартөбеден еш кем түспейтіндігін айтып отыр. «Тек мемлекет қаржыландырып, қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат берсе болғаны», – дейді олар. Бүгінде Кеңесарық ауылында тұратын кез келген тұрғынның үйінен құнды тарихи жәдігерді кездестіруге болады. Мұндағы азаматтар бау-бақшада жер қазып жүріп-ақ құмыра, қылыш, қанжар сынды әртүрлі көне бұйымдар тауып ала берген.
Алайда ауылға «мұражайдан келдік» деп өздерін таныстырған белгісіз біреулер тұрғындардың қолындағы өте құнды жәдігерлердің біразын алып кеткен екен. «Мұражай қызметкерлері» сол кеткеннен мол кетіпті. Содан да болса керек, кеңесарықтықтар қолдарындағы қалған жәдігерлерін көзден таса жерде тығып ұстап жүр. «Ауылға мұражай салынса, бәріміз бірауыздан жинап береміз» дейді олар.
Ауылдан мұражай тұрғызу үшін алдымен киелі орынның зерттелуі тиіс, әрине. Алайда зерттелу жұмыстары былай тұрсын, кей тұрғындар тарихи нысан маңын қоршап алып, ол жерден үй тұрғызып қойыпты. Айтуларынша, осыдан бірнеше жыл бұрын бүкіл ел аумағында жүргізілген заңдастыру науқанында осынау жерлерін жекешелендіріп алған. Дегенмен тарихшылар айтулы нысан өз деңгейінде зерттеліп жатса, бұл тұрғын үйлердің мәселесі көп ұзамай шешілетіні сөзсіз деп отыр.
Оңтүстікқазақстандық өлкетанушы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, бүгінде тарихи орыннан табылып жатқан жәдігерлердің барлығы жердің беткі қабатынан шығып жатыр. «Ал оны тереңірек қазып, зерттейтін болсақ, тарих беттері жаңа деректермен толығатыны сөзсіз», – дейді ол. Расында да, осынау төбенің үстіне шығып, жай ғана секіріп көрген адам жерастының қуыс екенін еш қиындықсыз байқайды. Бір сөзбен айтқанда, Төрткүлтөбе өз зерттеушілерін күтіп отыр.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, өлкетанушы (ОҚО):
– Төрткүлтөбенің тарихы өте тереңде жатыр. Мұндағы табылып жатқан құмыраларды археолог мамандар шамамен екі мың жыл бұрын жасалған деген болжам айтуда. Ал, жалпы, мұндай жәдігерлердің Кеңесарық тұрғындары арасында біразы кездеседі, ішіне адам сыйып кететін құмыраның табылғанын білеміз. Жаугершілік заманда қолданған қару-жарақтарды да сирек кездестірмейсіз бұл өлкеден. Нағыз зерттеуге сұранып-ақ тұрған орын бұл.
Осынау Есім хан өз ордасын тіккен тарихи орынға қазба жұмыстарын жүргізсек, көп ұзамай бұл жердің аспанасты мұражайына айналатынына күмәнім жоқ. Өйткені Төрткүлтөбенің Отырартөбеден маңыздылығы еш кем емес. Ал аспанасты мұражайы ашылып жатса, мұнда экотуризм кластерінің де дамитыны сөзсіз. Өйткені Кеңесарық – Қасқасу баурайында орналасқан ауыл, бұл жер – нағыз таулы аймақ. Әр үйде болмаса да, ауыл тұрғындарының біразы жылқы малын ұстайды. Яғни келуші туристер тек мұражайды тамашалап қана қоймай, ұлттық дүниетанымнан да біраз хабардар болады. Ат үстінде таулы аймақты аралап, қымыз ішу кез келген шетелдік туристің көңілінен шығатыны анық.
Дәл бүгінгі күнге дейін Төрткүлтөбеге әлі археологтердің күрегі тие қойған жоқ. Мемлекет қаржыландырып, келісімін беріп жатса, ғалымдар мұнда зерттеу жұмыстарын бастауға дайын. Ал осынау тарихи орынның сырлары толықтай ашылып жатса, қазақ тарихындағы ақтаңдақтардың біразының жойылатынына сенімдімін.