Еркекті зорлаған жасөспірімдер жазасын алды
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын мамандандырылған соты Досжан мен Саяхат есімді бозбалаларға үкім шығарды. Бәлиғатқа жасы толмаса да, адам ойына келмейтін айуандық әрекеттерге жол берген олардың қылмыстары жергілікті жұрттың жағасын ұстатқан еді.
Бұл оқиға Жаңақорған кентінде орын алған болатын. Сол күні әлгі бозбалалар аудан орталығындағы көпір маңында таныстары Айболды кездестіріп қалады. Бұрыннан таныс олар алдын-ала ащы судың дәмін татып көруге келіседі. Содан кейін бір танысының үйіне барып, арақты масайғанша ішеді. Оған да қанағаттанбай, мейрамханаға барып тағы да сілтейді.
Ащы суға әбден бөккен үшеуі де қайтып келе жатқанда Досжан мен Айбол сәл нәрсеге ерегесіп қалады. Бір-бірін балағаттаған екеуі жаға жыртысуға дейін жетеді. Осыдан кейін Айбол өз жөнімен кетіп бара жатқанда, артынан Досжан мен Саяхат қуып жетіп, оны жерге құлатып, тепкілей бастайды. Ес-түссіз қалған Айболға жыныстық қатынас жасаудан да тартынбайды. Алған соққының салдарынан Айбол сол жерде жантәсілім еткен.
Жергілікті сот жасаған қылмыстарына байланысты әлгі екеуіне жаза тағайындады. Ендігі уақытта Досжан алты жыл алты айын темір тордың арғы жағында өткізсе, Саяхат бес жыл екі ай жазасын өтейді.