Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазір ҚР президент Әкімшілігі Медициналық орталығына басшылық ететін Алексей Цой Елжан Біртановтың сотталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазақстанда сот билігінің болуы өте маңызды және біз судья этикасы мәселелеріне қарсы дау айта алмаймыз. Бірақ біз үшін егер бұл медицина қызметкерлеріне қатысты болса, ең ауыр сұраққа айналады. Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер жетіспесе, бұл біз үшін үлкен шығын. Сондықтан, біз әрқашан әріптестерімізге қалай болғанда да жанашырлық танытамыз", - деді Цой.
Біртанов ісіне қатысты сот процестеріне Цойдың өзі де қатысып, айыптаушы тараптың куәгері болған. Ол бұрынғы әріптесінің 2017 жылғы қызметі туралы куәлік берген еді.
Еске салайық, 28 қазанда сот Біртановты 5 жылға, ал оның орынбасары Олжас Әбішевті 4 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Елжан Біртанов “санавиацияны заңсыз пайдаланды” деген айып бойынша ақталғанымен “лауазымын асыра пайдаланды” деген бап бойынша айыпты деп танылды. Екеуі сот үкімі бойынша “келтірілген” 1 млрд 350 млн теңге шығынды өтеуге міндеттелді.
Елжан Біртановтың адвокаттары жоғары тұрған сот сатысына №2 Сарыарқа сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірді.