Өткен аптадағы Ұстаздар күні мерекесіне орай бірқатар елордалық мұғалімдердің білім беру ісіндегі ерен еңбегі лайықты бағаланып, қажырлы жұмысымен көзге түскендер марапатталды. Жылдағы дәстүр бойынша айтулы мерекеде Астанадағы таңдаулы білім ошақтарының қызметкерлерінің басын қосқан шара өтті.
Еліміздің бас қаласында балаларға білім беретін барлығы 70 мектеп болса, онда 11 мыңнан аса мұғалім ұстаздық іске айрықша үлес қосып келеді. Осынау мерейлі мамандық иелері Ұстаздар күні қарсаңында ұлықталған болатын. Астана қалалық әкімдігі мен қалалық білім басқармасы мұрындық болып, еңбегімен ерекшеленген ұстаздарға арнайы сыйлықтар тарту етуді көздеген екен. Салтанатты шараның рәсіміне Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина бастаған педагогикалық еңбек ардагерлері мен білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.
Бұл жолы Астанадағы «Үздік мектеп-2013» мәртебесі елордадағы №38 мектеп-лицейіне бұйырып, аталған білім ошағына «Астана-Бәйтерек» кубогы мен 13 млн теңгенің сертификаты салтанатты шарада табысталды. Сонымен қатар айрықша жетістіктері үшін оқу-тәрбие ісінде ерекше жетістікке қол жеткізген 10 мұғалімнің айлық жалақысына 50 пайыз мөлшерінде үстеме қосылып, мерейін тасытты. Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері арасында Астанадағы №22 «Әлем» балабақшасы үздіктер көшін бастап, колледждер ішінде Астана политехникалық колледжі ең таңдаулылар қатарынан көрінді. Бұдан өзге қосымша білім беру мекемелері бойынша Өнер мектебі және арнайы мамандандырылған қосымша білім беретін №2 медико-психологиялық білім беру ұйымы үздік деп танылды. Ал «Ы.Алтынсарин» атындағы медаль бас шаһардағы №66 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытгүл Молдақашева мен Білім басқармасының әдіскері Ләйлә Мұқановаға бұйырды.
Тоқтала кететін жайт – өткен жұмада республика бойынша үзілмес үрдіске айналған «Жыл мұғалімі» конкурсы да Астанада өз дәрежесінде өткен еді. Мәртебелі атақты №70 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Меруерт Қуатбекова жеңіп алып, оған елордадан баспана бұйырды. Айта кетерлігі, биыл мектеп мұғалімдерінің жетеуіне баспана кілті тапсырылған. Ал соңғы алты жыл ішінде Астана бойынша 2529 ұстаз қоныстойын тойлапты. Бұл да зор қуаныш екені айқын.
Білім және ғылым министрлігі ұстаздар қауымының еңбегін ескерумен қатар, әрдайым әлеуметтік қолдауды да жасап келеді. Мысалы, 2008 жылдан бері 30 елордалық ұстаз жоғары жетістігі үшін ҚР құрметті қызметкері атағын иеленсе, 49-ы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ мемлекеттік марапатқа 93 мұғалім қол жеткізсе, Білім және ғылым министрлігінің алғысхаты 341 оқытушыға берілген. Қала әкімінің алғысхатына – 64, Білім басқармасының арнайы құрмет грамотасына 612 мұғалім ие болыпты.
Бақытгүл МОЛДАҚАШЕВА, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, №66 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– 24 жылғы еңбегім ескеріліп, тұңғыш педагог «Ы.Алтынсарин» медалін алғаныма қуаныштымын. Мұндай жетістік ұстаздарды білім беру саласында алға қарай табысты еңбек етуге жетелейді деп білемін. Бұл – менің ғана емес, мен жұмыс істейтін жалпы ұжымның, №66 лицейдің абыройы. Айрықша құрметке ұсынып, қолдау білдірген мектеп ұжымына алғысым шексіз.
Елордалық ұстаздар марапатталды
Последние статьи автора