Балаларды қорғау күні елорданың көпбейінді ауруханаларының акушерлік блоктарында 107 нәресте жарық дүние есігін ашты. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қыздардың саны ұлдарға қарағанда бір балаға артық, яғни 54 қыз бала және 53 ұл бала.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелер мен аналардың жағдайы жақсы. Аналардың бірі өз қуанышымен бөлісті.
Екінші рет ана атану бақыты бұйырды. Қызымыздың атын Кәусар деп қойдық. Дәрігерлер мен медициналық ұжымның жақсы қарым-қатынасы мен кәсібилігінің арқасында босануым жеңіл өтті. Оларға алғысымды білдіремін, - дейді қала тұрғыны Зәгира Сейтахынқызы.
Елордада дәстүр бойынша жыл сайын 1 маусымда Балаларды қорғау күні дүниеге келген сәбилерді құттықтайды. Босанған әйелдерге елорда әкімі атынан алғыс хаттар және балаларға сыйлықтар берілді.