Елорда тұрғыны 500 мың долларды қайтармау үшін туысын өлтірткен
Елордалық тұрғын өзіне сеніп тапсырылған қомақты қаржыны кері қайтармау үшін туысын өлтірткен. Ол үшін тіпті кісі өлтіруші жалдаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Polisia.kz медиа-порталында жазылды. Дерекке сүйенсек, Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы үшінші тұлғаның мүддесі негізінде 57 жастағы әйелдің өлімін ұйымдастырған елорданың бұрын сотты болған тұрғынына қатысты жедел іс-шаралар жүргізген. Ол туысын өлтіру үшін өзінің танысы арқылы “орындаушымен” мәміле жасасып, оған шартты 10 миллион теңгенің бір миллион теңгесін алдын ала төлем ретінде берген. Сондай-ақ болжамды жәбірленушінің фотосуреті мен басқа да деректері бар ұялы телефонды тапсырған.
Қылмыстың ұйымдастырушысы мен негізгі бастамашысын ұстау мақсатында полиция қызметкерлері кісі өлімін имитациялау арқылы жедел комбинация жүргізді. Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қылмыстың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кісі өлтіруге тапсырыс беруші жәбірленушінің туысы екені анықталды. Жәбірленуші оған ағымдағы жылдың ақпан айында 500 мың АҚШ долларын сақтауға берген. Дәл осы қаржыны қайтармау үшін ол осы қылмысқа барып отыр.