Көнекөз қариялар «көк құт көзін ашты» деп жататын. Сол күнді асыға күтіп жүрміз. Биыл қыс ұзақ тұрып алды. Наурыз келсе де айнала ақ ұлпаға оранып жатыр. Қардың еритін түрі жоқ. Неге? Бұл табиғаттың тағы бір тосын тартуы ма? Әлде мұның басқа да сыры бар ма? Бұрынғының қазағы мұны білген еседі.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Өліара шақ дегенді естуіңіз бар ма? Қазір тап сондай кез. Арқада алты ай қыс болатынын былайғы жұрт біледі. Бірақ өзге өңірлерде күннің күрт суытып кеткені көңілге күдік ұялатып отыр. «Көктем келсе де мына күн жылымай кетті ғой» деп сіз де ойланған боларсыз? Ал бұрынғының қазағы мұның сырын білген екен. «Бесқонақ келді» деп бейсауат жүрмеген. Жеңіл-желпі киініп, алыс сапарға шықпаған. Тіпті малды тым ұзатып өрістетіп жаймаған. Неге?
Болат Бопайұлы, этнограф:
- Себебі ашық тұрып, ал түстен кейін қарлы боран соғып, жолаушы жолда қалатын, тіпті атан түйелердің өзі, жылқы малдарының өзі қарлы борандарда үсіп өліп қалатын жағдайлар болған. Бір ысып, бір суына байланысты тұмаудың тарауы, ескі аурулардың қозуы болады ол күні. Мысалы, құс келгенде, құс қайтқанда аурулар қозады.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
-Әлгінде айттық. Астанада қыс ұзақ тұрады деп. Бірақ күнгей жақта ызғардың әлі кетпей жатқаны ойландырды бізді. Ақпанның аяғында күннің көзі көрініп, қар еріп, көктемнің лебі сезілгендей еді. Наурыз келе қайта қар жауды. Айнала ақ ұлпаға тағы оранды. Жасыратыны жоқ, қыс қаһарына енді мінді ме деп секем алдық. Сөйтсек, сол бесқонақ екен ғой. Кейбір адам оны сәуірде келеді деп болжайды. Енді бірі мамырда болатын суықты айтады. Десе де, этнографтар дәл қазіргі ызғарды бесқонақ деуге болады деп сеніммен айтып отыр.
Болат Бопайұлы, этнограф:
- Қысақы ұйқыдағы жануралар сол күні ояна бастайды. Жылиектен құстар ұшып келе бастайды. Осы бес күнге байланысты ауа райында жаңбыр жауу, қар жауу, боран соғу, тағы да басқа өзгерістер болады. Кей жылдары тіпті апат та болып кетеді. Кей жылдары ол жайма-шуақ өтеді. Соған қарап бұрынғы есепшілер жылдың қалай өтетінін есептейтін болған.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Кейбір өңірде мұны отамалы дейтіндер де бар. Шоқан Уәлихановтың деректерінде кездеседі екен. Мұндай кезде қырқаның жотасы қарайғанымен айналаны жапқан қар сіресіп жатады. Кейін қар кенет еріп сала береді. Міне сондай шақты, суық буып тұрып, кейін жылымық орнайтын кезді отамалы деп айтқан. Үлкендерден естігеніміз ғой. Әйтпесе мұндай ұғымның ұмыт болғаны қашан?!
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Бесқонақ он шақты күндей сақталады. Сосын кетеді. Сол пайымға салсақ, Әз-Наурыздан кейін күн жылу керек. Анығын білейік деп, синоптиктерге бардық. Олар да мұны растап отыр. Наурыз айының соңында күн жылына бастайды дейді.
Оксана Васюкова, «Қазгидромет» РМҚК Бас инженер-синоптигі:
- Бір ай бойы циклондар мен антициклондардың жиі ауысуымен ауа райы күрт бұзылады. Өңірлерде қар жауып, боран соғуы мүмкін. Қатты жел тұрады. Жауын-шашын мөлшері жылдағыдан көп болады. Ал наурыз аяғының соңына қарай күн жыли бастайды.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Бесқонақтың келгені дұрыс екен. Неге десек, жаз жайлы болады деп ырымдаған. Ондайда жаңбыр жиі жауады, егін бітік шығады. Табиғаттың сырын білген, күн райының қас-қабағын баққан қазақтың өмірден түйген сабағы бұл.
Сондықтан қазақ басқадан сүрінсе де бұдан еш уақытта жаңылмаған. Бесқонақ болған жылы қамба толады, жайылым да жақсы шығады. Айтар әңгіменің төркіні осы.