Кеше түнде Қырғызстан мен Тәжікстанда қуатты жер сілкінісі болды. Зілзаланың әсері бір мезгілде Орталық Азияның барлық түкпірінде, оның ішінде еліміздің үш облысының аумағында бірдей сезілді.
ҚР Ұлттық ядролық орталығы Геофизикалық зерттеулер институтының Сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу орталығының хабарлауынша, шілденің 20-сы күні сағат 01.35-те Қырғыз Республикасының Баткен облысы аумағында жер сілкінді. Магнитудасы 6,2 болатын зілзаланың эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай – 534 шақырымда, ал Өзбекстанның Ферғана қаласынан 34 шақырымда байқалды. Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, зілзаланың күші 12 балдық шкала бойынша 7-8 балға тең. Жер сілкінісінің әсері Қазақстанның оңтүстігіне түгел әсер еткен. Алматы қаласында қуаты MSK-64 шкаласы бойынша – 2 балл, Шымкентте – 3-4 балл, Таразда 3 балл болатын жерасты дүмпулері байқалды. Сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу орталығының мамандары зілзаланың адамдар мен ғимараттарға әсер етпегенін хабарлады. Қырғызстандағы жер сілкінісімен бір мезгілде Тәжікстанда да жерасты дүмпулері байқалған. Душанбедегі сейсмикалық стансы мамандарының ақпарат агенттіктеріне хабарлаған мәліметіне қарағанда, жер сілкінісінің қуаты MSK-64 шкаласы бойынша 6 балға жеткен. Зілзала әсері Душанбе мен Худжанд қалаларында қатты байқалған. Айта кетейік, Алматы облысында қуатты жер сілкінісі 2009 жылы болған еді. Ал былтыр Тәжікстанда 5,5 балдық зілзаладан жүздеген тұрғын үй қирап қалды. 2008 жылы Қырғызстанда 74 адам жер сілкінісі кезінде қаза тапты. Памир мен Тянь-Шань тауларында орташа қуатты сейсмикалық құбылыстар ай сайын, тіпті апта сайын болып тұрады. Олардың әсері Орталық Азияның барлық елдеріне қауіп төндіреді.
Бет қатталып жатқанда
Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі салдарынан елдің Риштан, Бағдад және Өзбекстан аудандарында тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар қирап, 13 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Қирандылардың әсерінен 80-нен астам адам жарақат алған. Жер сілкінісі елдің бірнеше қаласын шайқаған.
Ал Қырғызстанда Баткен облысындағы Ош – Баткен – Исфахан тас жолы мен Қадамжай ауданындағы бірқатар әлеуметтік мекемелер ғимараттары және электр тарату нысандары зақымданды. Қаза болғандар туралы мәлімет жоқ.
Тәжікстанда да жер сілкінісінің салдарынан ғимараттардың қирап қалғаны белгілі болды.