Елімізде заңсыз такси қызметіне тосқауыл қойылады.
Түрлі мобильдік қосымша арқылы қызмет көрсететін көлік жүргізушілері енді міндетті түрде өз қызметін рәсімдеу керек. Инвестициялар және даму министрлігі осындай жаңашылдықтарды көздейтін заң жобасының тұжырымдамасын таныстырды. Құжатқа сәйкес, көлік шақыру қызметін көрсететін мобильдік қосымшалардың авторлары өздерімен бірге жұмыс істейтін жүргізушілердің тізімін құзырлы органдарға ұсыну керек. Егер темір тұлпар тізгіндеуші бұл тізімнен табылмаса, онда алдымен ескерту жасалып, тиісті рәсімдеуден өтуге міндеттеледі. Министрлік осылайша, барлық такси жүргізушісінің салық төлеуін қадағаламақ.
Әсет Асаубаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің төрағасы: - Бұрын осы таксимен айналысу үшін лицензия беріліп, ол лицензияны алу үшін бірнеше күні күту керек болатын. Қазір ол жоқ. Лицензияны біз алып тастағаннан кейін бізде таксимен шұғылданатын кәсіпкерлердің саны 4 есеге артқан болатын. Бірақ мынандай онлайн-сервистердің пайда болуына байланысты заңды таксимен айналысатын кәсіпкерлер бүгінгі күні заңға сәйкес тиімсіз жағдайда тұр. Өйткені олар заңды сақтау керек, салығын төлеу керек, тиісті тексеруден өту керек.