Елімізде жаңа екі мереке пайда болуы мүмкін
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Қазақстанның мерекелік күндерінің тізіміне аналар күні мен әкелер күнін енгізуді ұсынады. ҚР Үкіметі қаулысының тиісті жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі
Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі", - делінген құжат жобасында.
Түсіндірме құжатта Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне "Аналар күні" мен "Әкелер күні" мерекелерін енгізу Қазақстан Республикасында отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал ететіні жазылған.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
ҚР Үкіметі қаулысының жобасы 2023 жылғы 5 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.