Кез келген нарықтық қоғамда мемлекеттің өзегі ұлттық буржуазия, ұлттық кәсіпкерлік деп есептеледі. Еуропа сияқты дамыған елдерде мемлекеттің негізгі қаңқасын ежелден-ақ орта кәсіпкерлер құрайды. Ал бізде қалай? Біздегі орташа кәсіпкерлік бүгінгі таңда немен айналысып отыр? Этнобизнесті ұлттың өзіндік бояуы бар дүниелерден ақша табуы десек, өкінішке қарай, бұл ұғым бізге әлі ене алмай келеді. Қазақстан халқының өзінде бар құндылықты материалдық игіліктерге айналдыра алмай отыруының сырын қайдан іздейміз?
Қалыптасқан бүгінгі ахуал қазақстандық бизнес өкілдерінің шетелден дайын тауарлар алып келіп, оны үстеме бағаға өткізуімен немесе шетелге шикізат сатумен я болмаса жеке шаруаның күнкөріс үшін айналысатын «бақалшы» ұсақ-түйегімен ғана шектеледі. Мұның бәрі отандық өндірістің жаңа технологиялардың жетістігі мен ұлттық кәсіпкерліктің қарыштауы мен мақтана алмайтындығын көрсетеді. Нарықтық экономикада ұлттық дүниелердің қағажау көруі этносаланың кенжелеуіне әкеліп соқты. Ол біздің – ұлттық тағамдар, ол біздің – ұлттық шоу бизнес, ол біздің – ұлттық аспаптар, ол біздің – ұлттық қолөнер, тағы сол сияқты көптеген құндылық. Бұл мәселеде негізгі айыпкерді іздеушілер кеңестік кезеңдегі тұмшаланған саясатты себеп қылады. Десек те, этнобизнестің бір түрі киіз үй десек, сол кездің өзінде Талдықорғанда киіз үй жасайтын зауыт жұмыс істеді. Бұл – бір ғана мысал. Ал қазір бізде сол киіз үй жасайтын зауыт бар ма? Жоқ. Қазір қажет делінетін мерекелік шараларда кез келген жергілікті әкімшіліктер сол киіз үйді іздеп, жекелеген адамдардың есігін тоздырумен жүреді. Мұның бәрі – мемлекеттік ұстанымның ұлттық дүниелерді алдыға шығаруға ықыласты емес екендігін, соның кесірінен орта бизнес, әсіресе, біз айтып отырған ұлттық нақыштағы дүниелердің барлығы әлі көмескіленіп жатқанының себепкері. Жақын маңайдағы елдер бұл мәселеде бізге қарағанда әлдеқайда қарыштап кетті. Неге? Себебі ол елдер бұл мәселедегі негізгі сұраныс иесі кім екенін анықтады да, елдерінің экономикалық саясатын солай қарай бұрды. Біздегі ұлттық атрибуттар тек науқандық шараларда ғана қажет етіледі. Қазіргі қарапайым қазақтың баласының өзі киіз үйдің не екенін білмейтін болды. Құрт, май, ірімшіктің табиғи дәмі ұмытыла бастады.
Біз шетелдіктерге көрсету үшін емес, кез келген қазақтың соны тұтынып, соны сатып алатын дәрежеге жеткізу үшін сол саланы дамытуымыз қажет дейміз. Рас, сүт өнеркәсібі, қолөнер де – өте қымбат дүние. Бірақ ол конвейерге түсетін болса, зауыттарда жасалатын үлкен өнеркәсіпке айналатын болса, оның бағасы да халыққа қолжетімді бағаға түсер еді. Бірақ біздегі кәсіпкерлік этнобизнес саласын Қытайдан тасымалданатын ұсақ-түйек саудамен теңестіріп қойды. Қалтасында 100 миллион теңгесі бар адам оны машақаты көп қымыз, шұбат өндірісіне емес, Қытайдан шығара салатын бес КамАЗ киім-кешегіне салғанды жөн көреді. Бұл этнобизнестің тез арада табыс әкелмейтінін тіпті шығынға батып қалу қаупінің зор екенін дәлелдей түседі. Сондықтан да этнобизнес саласы үкімет тарапынан арнайы салынатын несиелер жүйесінің қалыптасуына зәру. Мамандар ол несиенің қымыз өнеркәсібіне, киіз үй мен тек ұлттық музыкаға, ұлттық музыкалық аспаптарды өндіру сияқты дүниелерге жұмсалатын болса, аз уақытта-ақ одан да қомақты пайда табуға болатынын айтады. Бүгінде ұлттық құндылықтарға деген халықтың сұранысы өте зор. Сондай көпшіліктің біразы кәсіпкерліктің орталығы саналатын Алматының өзінен таза қымыз таппай дал болады. Табылған қымызын ішкен күннің өзінде «мына қымызға су қосылмаған ба екен?» деген ойда тұратын дәрежеге жеткен. Яғни қымыз сатушы қымыздың тапшылығынан оған су қосуға мәжбүр. Осындай олқылықтардың бәрінің орнын толтыру үшін олардың бәріне ортақ бір стандарт қажет. Әлгі саудагер сол олқы қылығы үшін жазаланатынын сезіне алатын құдірет әлі біздің бұл саладағы кәсіпкерлікке жете қоймады. Біз ауылдан құрт-май, ірімшік сұратуға құмармыз. Оны қала дүкендерінен де табуға болады. Бірақ оның сапасы сын көтермейді. Бір қызығы, сол құртты орта бизнес өкілдері жасап жатқан жоқ, оны ортадан төмен саналатын жеке адамдар күнкөріс үшін ғана саудалап жүр. Жасап жатыр. Ал сол бір алыстағы ауылдан келген кемпірдің жасаған 10-15 құртын өнім дей аламыз ба? Оны қалай этнобизнес деуге болады?
Этнобизнес – өте кешенді шара. Ол тек қана сүт өнеркәсібі, киіз үй емес. Оған барлық сала кіреді. Мысалы, шоу-бизнесті алайық. Музыкалық аспаптардың тапшылығы. Қазақта музыкалық аспап көп дейміз, біз бірақ оларды тек қана мұражайдан көреміз. Немесе қазақтың қару-жарағы. Бесқару, наркескен деген сөздерді біз, журналистер, пайдалануға шеберміз. Бірақ біз өзіміз сол дүниелердің айырмасын ажырата аламыз ба? Немесе ұлттық киімдер өнеркәсібі. Қазір кімнің үйінде атасының шекпені, әжесінің кимешегі тұр? Шапан дегенде қазіргі балалар жылтыр қағаздан қиып жапсырылған оюы бар, ұзын етек шапанды ғана елестетеді. Яғни біздің түсінігімізде ұлттық құндылықтардың бәрі декоративті дүниелер есебінде қабылданумен ғана жүр.
Хангелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ бизнеске бейім емес деген сөз қате. Олар бұрында бейім болатын, қазір де сол бейімділігін көрсетіп жатыр. Этнобизнесті мен қазақтың дәстүрлі өнімін нарықтық қатынастарға түсіру деп ұғамын. Бұл мәселенің екі жағы бар, бірі – қасиетті құнды дүниелерімізді саудаға салмауымыз керек, екіншісі – пайда әкелетін нәрсенің халықтың менталитетіне, намысына тимейтін жағын қарастыруымыз керек. Айталық, асық ойнаудан, тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастыруға неге болмайды, неге оны табыс көзіне айналдыруымызға болмайды? Қазір «қымызды немістер патенттеп алды» деген сөз шықты. Біз осы жағынан айырылып қалмағанымыз жөн. Ол қымыз бола ма, айтыс бола ма, өзімізге табыс әкелуі керек. Ол бауырсақ бола ма, басқа тағамның түрі бола ма, мейлі ол ер-тоқым болсын осының бәрін біз қазір патенттеп тастауымыз керек, сонда ол өзінен-өзі бізге жұмыс істейтін, бізге ақша әкеліп тұратын болады. Өкінішке қарай, бұл салада бізде қозғалыстың мүлдем болмауы біздің заңгерлердің енжарлығынан дер едім. Халықаралық қатынастарды білетін заңгерлер осы ата-бабамыздан келе жатқан барлық мұраны патенттеуге мұрындық болуы керек. Соны насихаттап, жалпыхалықтық санаға енгізу қажет. Біз құқықтық салада не бар екенін әлі күнге білмейміз. Кеше Елбасының өзі жұртқа «қазақстандық құқық дегенді оқытыңдар» деді ғой. Демек, осындай мәселелердің бәрінде біздің заңгерлеріміз батыл ой-пікірін, өз сөзін айтуы керек. Біздің бизнесменмін деп жүргендердің көбі өтімді тауарға жүгіреді. Сондықтан да олар біздің ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге мойын бұра бермейді. Осы себепті бұған заңгерлер мен ұлтжанды азаматтардың араласқаны дұрыс. Біз қымыз, бауырсақ, көже бәрі-бәрін патенттеп тастауымыз керек. Біз бұларды бүгін патенттеп алмасақ, бізден кеткен неміс ертең қымызды, бізден кеткен кәріс құртты иеленеді. Айналып келгенде, қазақ ештемеге қабілетсіз ұлт секілді болып қала береді. Қазір йогурт деп сатып жатқан дүниенің өзі қаймақ пен қатықтың қосындысы. Ертең өстіп айырыла берулер көбейеді. Әлемдік нарық ешкімді аямайды. Сондықтан да қазір ұлттық құндылығымыздың бәрі қорғауды қажет етіп отыр. Бұл – тез арада есімізді жию керек деген сөз.
Ахметбек НҰРСИЛӘ, «Сарыжайлау» қымыз орталығының директоры, кәсіпкер:
– Этнобизнесті дұрыс дамыту үшін жеткілікті қаражат керек. Ол аз қаражатпен шешілмейтін нәрсе. Оны шетелден келген адамдарға жоғары деңгейде көрсете алу үшін қаражатпен қосымша бізге тарихты, туризмді білетін білікті мамандар керек. Бұл – тез арада табыс түсіре қоймайтын қиын бизнес. Этнотуризм бизнесі бізге қарағанда Қырғызстан мен Моңғолияда өте жақсы дамыған. Біздегі қаражаты бар адамдар бұдан гөрі мейрамхана, кафе, жол құрылысы, қазба байлықтары сияқты әбден жолға қойылған «гарантиясы» бар бизнес түрімен айналысқанды жөн көреді. Ал этносала – әлі зерттелмеген, жолға қойылмаған сала. Бізде бұл саланы төмен деңгейде деп емес, бізде этнобизнес жоқ деп айтуға болады. Қазақстанға шетелден келген адамдар елдің этнотарихын көргісі келеді. Бізде соларға көрсететін ештеме жоқ. Банктің үстемелі несиесімен мұндай бизнесті жолға қою мүмкін емес. Мен осыдан біраз уақыт бұрын этноауыл жобасын, сақтардың моншасын бастадым. Қазақтың төбеттерін, құмай-тазыларын шетелдіктерге көрсетумен айналыстым. Бірақ қазірге тоқтатып қойдым. Оған құзырлы органдар тарапынан қолдау керек. Этнобизнес осыдан мыңдаған жылдар бұрынғы ата-бабасының тарихын, мәдениетін қаз қалпында көрсету десек, оған қызығатын, оны дамытқысы келетін, оны бизнеске айналдырғысы келетін адам, ең алдымен, патриот, намысшыл азамат болуы керек. Жарнама мәселесі де бұл жерде өте маңызды орынға ие. Бізде осындай дүниелерді жарнамалау да жолға қойылмаған.
Елімізде этнобизнес саласы неге дамымай жатыр?
Последние статьи автора