Элеваторларды елеп жатқан жан бар ма?
Еліміз кезінде 16 миллион тонна астық өндіргенін ұмыт қалдырғандай едік. Енді керегі жоқтай астық қабылдау пункттерін де, алып элеваторларды да, ірі қамбаларды да талапайға түсірдік. Сөйтіп, сан жылдар бойы халыққа қызмет етіп келген орындар тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Қамба атаулының қазасын шығарып қойған шақта астық деген, шүкіршілік, екшеулі элеваторларға сыймауға айналды.
Шүкіршілік деуге тұрарлық жағдай. Дегенмен қамбаға сыймаған астық қардың астында жатып шіруге айналды. Сол кезде ғана бізге көп қамба керектігі еске түскендей болды. Осы іске жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігі басына таяқ тиген соң ғана қамбалардың қанша екенін елеп-екшеуге кірісті. Онда да былтырдан бастап. Сөйтіп, елдегі қалған-құтқан элеватор, қамбаларды шотқа салып кеп жібергенде, төрге сүйрейтін емес, көрге сүйрейтін жыларман жағдайда екені белгілі болды. Есептен ұққанымыз – елімізде өкіметтің қарамағында қалғаны бес-ақ элеватор екен. Ал бүкіл республикаға шаққанда 217 астық қабылдайтын нысан бар. Оның өзіне бар болғаны 13-ақ миллион тонна астық сыяды екен. Ірі санаққа іліккен әлгі 200-ден астам қамбаның барлығы да жекенің жетегінде кеткен.
Былтыр астық бітік шығып, қырманымыз қарық болып қалды. Ел бойынша 30 миллион тоннадан астам астық қамбаға құйылды. Астықтың мол болғаны біреулерге сор болды да. Қайда сыйғызарын білмей диқан дал болды, министрліктердің миы қатты. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілсек, расында, елімізде әлгі 30 миллион тонна астықты сыйдыратын қойма жоқ екен. Бейресми ақпарат дерегіне сүйенсек, елімізде небәрі 20 миллион тоннадан асар-аспас бидайды ғана сақтайтын орын бар екен. Ал қалғаны, расында, қар астында қалмағанда қайтеді?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше ішкі сұранысты қанағаттандыруға 7 миллион тонна астық жететін көрінеді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына деп бөлінген 670 миллиард теңгенің тек санаулы ғана дөңгелек сандарын қырман үшін құрбандыққа шалғанда жетіп-ақ артылады екен. Расында, осындай көлемді қаражатқа 30 түгіл, 50 миллион тонна астықты сақтайтын нысандар салып тастауға әбден-ақ болар еді. Жауапты саладағылар тек астық өндіруге ғана бас қатырып, оны сақтау, өткізу мәселелерін ұмыт қалдырғандай әсер қалдырады. Астықты қабылдайтын, оны кептіретін, құрамын зерттейтін орындар да тапшы. Бұрыннан бар нысандар кеңестік кезеңнен қалған. Құрал-жабдықтары жаңартылмаған. Әрі бүгінде бидайдың талапқа сай сақталғанына да көп мән беріледі. Жаңа талаптарға сай енді экспортталатын астықтың құжатында қайда сақталғаны туралы бар мәлімет көрсетіледі. Егерде сары бидайдың сапасына сына қағылса, қамба басшысы жауапқа тартылатын болады. Сондықтан да жаңа заманға лайықтап, барлық талаптарға жауап беретін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған элеваторлар салу күн тәртібіне шығатын кез келді. Жауапты саланың жауапты мамандары әлі де есінеп жүре берер ме еді, «Бидай пісіп жеткен соң, диірмені құрғыр жеп тынар» дегендей, астықтың түсімі жылдан-жылға артып, ұйқыларынан шошытып оятқандай бір кеп. Былтырғы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген тексеруде белгілі болғанындай, 217 астық қабылдау пунктінің 35-і тексерілген, оның 16-сы астық қабылдауға дайын еместігі белгілі болған. Көптеген элеваторлар кеңес кезеңінен бері жаңартылмаған. Технологиялық зертханаларда қажетті құралдардың жетіспейтіндігі анықталған. Сақтау орындарына тазалық тән емес. Жауапты мамандар дән кептіретін орындарда қауіпті кесел тарататын атжалмандарға қарсы «майдан» ашуды ұсынды. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы астық қоймаларын кеңейту ұсынылды.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
2010 жылы «Қазагро» ұлттық холдингі бидай сақтайтын орындардың құрылысын жүргізуді бастаған болатын. Бүгінге дейін 120 мың тонна астық сыятын тоғыз элеватор салынды. Биылғы жыл аяғына дейін тағы да 52 мың тонна астық қабылдайтын үш қойма салынбақ. Әрине, жеткіліксіз. Бірақ сең қозғалып, тоң жібігеніне шүкіршілік ете тұруға тура келеді. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Сәкен Сайлауұлы: «Өткен жылы облыс бойынша 200 мың тонна астық жиналды. Облыс бойынша 11 элеватор бар. Әр шаруа қожалықтарының өздерінің астық сақтайтын қоймалары бар», – дейді. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қайта өңдеу және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің бастығы Шерман Төленов: «Облыс бойынша 400 мың тонна сыйымдылығы бар 54 астық қабылдау қоймасы мен 83 элеватор бар. Ұн етіп тартып болған соң, солтүстіктен келген бидайларды қабылдаймыз. Солтүстіктегідей сыймай қалатындай емес», – дейді. Оңтүстіктегі жағдай оңды болғанымен, солтүстіктегі жағдай оңбай тұр. Демек, ағыл-тегіл астық беретін солтүстіктегі қырман біткеннің құрылысын қарқынды жүргізу қажеттілігі туындап отыр...