Түркістан қаласы әкім аппараты мен халыққа қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Электрондық үкіметтің «Е-gov mobile» жаңа мобильдік қосымшасын қызметкерлер арасында түсіндіру бойынша семинар өткізілді.
Семинарға Түркістан қаласы әкімі аппараты, дербес бөлім мамандары (көрсетілетін мемлекеттік қызметке жауапты), халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы мен мамандары, білім беру мекемелеріндегі көрсетілетін мемлекеттік қызметке жауапты мамандары және «Оңтүстік -Жарық» мекемесінен маман, БАҚ-ның өкілдері қатыстырылды.
Семинардың басты мақсаты туралы мәлім еткен әкім аппаратының басшысы Жәнібек Наушабайұлы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің автоматтандырылуы туралы айтып өтті.
«Электронды үкімет порталының» жетілдірілген мүмкіндіктері туралы №1 халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Әбдікәрім Құндызай Әбдірахманқызы «Е-gov mobile» жаңа мобильдік қосымшасы қолжетімділігі туралы жан-жақты баяндады. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының ресми өкілі Амантай Егембердиев «Е-gov mobile» жаңа мобильдік қосымшасын пайдаланудың жолдарын семинарға қатысушыларға жан-жақты түсіндіріп берді.
Енді ұялы телефон арқылы 50-ден астам электрондық қызмет пен сервисті пайдалануға болады. Жаңа қосымша Қазақстан халқын қолсозым жерде электрондық үкімет порталының ең танымал қызметтерімен қамтамасыз ету үшін құрастырылған.Қосымша Android пен iOS операциялық жүйесіндегі смартфондар үшін қолжетімді.
Мобильді бағдарламада 50 қызмет пен мобильдік жеке кабинетті пайдалануға мүмкіндік бар. Жеке кабинетте әр азамат өзі туралы мемлекеттік деректер қорларында сақталатын дербес мәліметтерін ала алады. Ағымдағы жылдың аяғына қарай мобильдік форматқа тағы 20 жаңа қызметті ауыстыру жоспарланған.
Алдағы уақытта бүгінгі семинарға қатысқан барлық жауапты мамандар мемлекеттік қызмет алушыларға аталған мобильді қосымшаны пайдалануды түсіндіріп, насихаттап әрі үйрететін болады.