«Электрондық үкімет» порталының іске қосылғанына тура алты жыл толды. Бүгінге дейін порталды пайдаланушылардың саны 154 120-ға жетті. Мұнда күніне 25 мыңға жуық адам кіреді.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мамандарының хабарлауынша, портал өзінің жұмысын 2006 жылғы 12 сәуірде бастады. Оны іске қосқан кезде әртүрлі мемлекеттік органдардың қызметін қамтитын 337 ақпараттық қызмет жүзеге асырылған болатын. Билік пен қоғамды байланыстыратын бұл портал шеңберінде 2000-нан аса ақпараттық, 219 интерактивті және транзакциялық қызмет ұсынылыпты. Бұл қызметтерді тәулігіне 25 мыңға жуық адам пайдаланады екен. Е-үкімет жұмыс істеген алты жыл ішінде 11,2 миллионнан аса электрондық қызмет, соның ішінде биыл 1,2 миллионнан аса қызмет көрсетілді. ҚР «электрондық үкіметінің» соңғы екі жылда қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту бойынша биыл жасаған әлемдік рейтингісінде ілгерілеуі. Мәселен, 2010 жылмен салыстырғанда Қазақстан бұл рейтингіде 46-дан 38-орынға, яғни сегіз позицияға көтерілді. Сонымен қатар желіде қызмет көрсету индексі бойынша 10 позицияға, телекоммуникация инфрақұрылымы индексі бойынша 14 позицияға озды. БҰҰ дайындаған рейтингі ұйымға мүше 190 мемлекеттің мәліметтерін салыстырған болатын. Сонымен қатар электронды қосылу индексі бойынша Қазақстан Сингапурмен бірге екінші орынды иеленді. Бұл көрсеткіш халықтың үкімет мүшелерімен желіде байланыс жасауы, блогтар мен әлеуметтік желілерде ақпарат алмасуы бойынша жасалды. Қазақстан е-үкімет жөнінен Орталық Азия өңірінде көшбасшы атанды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2012 жылдың соңында әлеуметтік маңызды қызметтердің 60 пайызы, соның ішінде лицензиялардың барлық түрі электрондық түрде берілуі тиіс. Осы тапсырманы орындау аясында лицензияларды беру қызметі электрондық форматқа көшірілді. Қазіргі мезгілде «электрондық үкімет» порталы арқылы 120 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, жылдың соңына қарай электронды сервис түрлерінің саны 143-ке дейін артады.
Электронды үкімет жөнінен Орталық Азияда көшбасшымыз
Последние статьи автора