Ел экономикасының бас бағыты – индустрияландыру

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Желтоқсанның аяғына таман Үкіметтік дәстүрге айналған шараның бірі ‑ Индустрияландыру күні. Мұны атқарушы биліктің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы алдындағы елдегі индустрияландыру саясаты бойынша беретін ресми де бейресми есебі деп бағаласа да болады. Байтақ бағдарлама аясындағы төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан шара елдік дамудың келбеті ғана емес, келешегіне деген нық сенімді айқындай түсетіндей. Өйткені дәл осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір арқылы ел аймақтарымен байланысып, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы дүниеге келтірген инвестициялық жобалардың тұсауын салтанатты жағдайда кеседі. Биыл да осы дәстүр жалғасын тапты.
Астанадағы Тәуелсіздік сара­йында индустрия­лан­дыру­­дың аяқалысы сараланды. Сонымен қатар Индустрияландыру күнінің және бір ерекшелігі ел дамуында ерен еңбегімен ерекшеленген үздіктер де еленеді, мұнда. Нақтырақ айтсақ, кеше ҚР Прези­ден­тінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық кон­курсының дипломаттары, сонымен қатар ҚР Прези­ден­тінің «Парыз» сый­лығының лауреаттары салта­нат­ты түр­де марапатталды.
Айта кетейік, «Алтын сапа» мен «Парыз» сый­лық­тарының өзі үшдеңгейлі. Ең жоғарғысын Мем­лекет басшысы өз қолымен Гран-при ретінде табыс­тайды. Ал мұның алдында еңбек пен өнім сапасы һәм әлеумет алдындағы парызы бойынша ерле­гендерді алдымен Үкімет басшысы Серік Ахметов, сосын осы индустрияландырудың басы-қасында жүріп, соған нөмірі бірінші жауапты ретінде белгі­лен­ген вице-премьер – индустрия және жаңа тех­но­ло­гиялар министрі Әсет Исекешев марапаттаған бо­­латын.
Атап айтқанда, Премьер-министр қолынан «Па­рыз» сыйлығының «Жылдың үздік әлеуметтік жо­басы» аталымында Қостанай облысының «Со­колов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ ма­рапат алып, лауреат атанды. Бұдан бөлек, «Үздік ұжымдық келісім» аталымында «Зенит» Орал зауыты» АҚ (БҚО) лауреат болды. «Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» ретінде KEGOC АҚ танылды, ал «Экологияға салған үлесі» аталымында «СолтүстікҚазЭнерго» АҚ марапатталды. Сонымен қатар «Алтын сапа» лауреаттары да сыяпатқа ие болды.

Соның ішінде «Өндірістік мақсаттағы үз­дік кәсіпорын» аясында ірі кәсіпкерлік су­б­ъектісі «Компания Нефтехим LTD» ЖШС (Пав­лодар облысы), «Қызмет көрсететін үз­дік кәсіпорын» аталымында «ҚазТрансГаз Аймақ», «Халық тұтынатын тауарлар шы­ға­ратын үздік кәсіпорын» бойынша «Хим­фарм» ЖШС (ОҚО) аталды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының Қобда ауда­нына қарасты Қобда ауылында 150 орын­дық «Нұрлы болашақ» атты көпфунк­цио­нал­ды балабақшаны салып, мемлекет мен­шігіне тегін беруіне байланысты «Ал­тын Қыран» компаниялар тобы «Үздік әлеуметтік жоба» аталымында «Парыз-2013» сый­лы­ғының жеңімпазы атанды. Сыйлықты ин­дус­трияландырудың майталман министрі Әсет Исекешев аталған компаниялар тобы ба­қылау кеңесінің төрағасы Исламбек Сал­жановқа табыс етті. Бұдан бөлек, биылғы жылы еңбегімен ғана емес, ер­лігімен, жігерімен де ел ықыласына бө­лен­гендер марапаттан кенде қалмады. Олар­дың арасында ұлт мақтанышы, Қазақстан һәм Еуразия барысы Бейбіт Ыстыбаев, Олим­пиада чемпионы Александр Ви­нокуров та та болды.
Елбасы Каспийге түсірілген екі кемені «Түркістан» мен «Бекет Ата» деп атады
Үздік озғандардың біразы ұлықталып бол­ғаннан соң, думанды-салтанатты жиын­ға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы келіп жайғасқан еді. Иә, айт­пақ­шы, Президент жиынға бас сұқпас бұрын Тәуелсіздік сарайындағы көрмені аралап, Қа­зақстанның соны жетістіктерімен де та­нысып шықты. Сосын әдеттегі дәстүр бо­йын­ша аймақтармен жалпыұлттық те­ле­көпір қосылды. Ең бірінші болып тікелей бай­ланысқа Маңғыстаудың Ақтау теңіз пор­ты қосылған болатын. Еліміздің тран­зиттік әлеуетін арттыру мақсатында «Қа­зақстан теміржолы» компаниясы Көк Туы­мыз­дың астында жұмыс істейтін, әр­қай­сы­­сының сыйымдылығы 5 мың тон­наны құрайтын екі кеме сатып алған екен. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Ақ­тау портына келіп жеткен ұлттық фло­ты­мыз­дың тұңғыш құрғақ жүк тасымалдау ке­месіне атау беруіңізді сұраймыз», – деді бай­ланысқа шыққан компания өкілі. Ел­басы мұны құп көрді. Алдымен мұның елі­міздің өміріндегі өте маңызды оқиға еке­нін, Қазақстан теміржол, автомобиль жол­­дары арқылы Батыс Қытайды қазақ даласы арқылы Каспий теңізімен Еуропаға жалғайтын мемлекетке айналып отыр­ға­нын айтты Елбасы. «Сондықтан да құрғақ жүк тасымалдау мәселесі біз үшін ма­ңыз­ды. Қазір біз суға қазақстандық кемелерді түсірдік. Мен барлық теңізшілерді және маңғыстаулықтарды осы зор оқиғамен құттықтаймын. Жалпы, ат беру қарапайым іс емес. Оның зор жауапкершілігі бар. Сондықтан да, егер қарсылық болмаса, кемелердің бірін мен «Түркістан», ал екіншісін «Бекет Ата» деп атар едім», – деді Президент. Екі есім де қаймана қазақ үшін киелі. Сондықтан да Елбасы «Ата-бабалар аруағы қолдай жүрсін!» дегенді сөз аяғында айтып қалды. Осыдан кейінгі байланыс кезегі оңтүстік өңірге тиді. Онда Елбасының «батасымен» «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының «Шымкент-Түркістан» учаскесінде жол қозғалысы жанданды. Нұрсұлтан Назарбаев осыған орай барша оңтүстікқазақстандықтарды айтулы шарамен құттықтай келе: «Жол құтты болсын! Жаңа ғана Каспийге түсіріл­ген екі кемеге ат бердік. Біреуінің аты – «Түр­кістан», Қожа Ахмет Ясауи - біздің ру­ха­ни қазынамыз. Екіншісінің аты – «Бе­кет Ата». Солардың аруағы бізді қолдап жүрсін дегім келеді. Рұқсат», - деді Мем­лекет басшысы. Айтпақшы, Индустрия­лан­дыру күнін оңтүстіктегі жұртшылық үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деуге де болады. Өйткені ендігіде Түркістан халқы отандық көгілдір отынның рақатын көре бастайтын болады. «Шымкент-Түркістан арқылы автокөлік дәлізі салынды. Темір­жол бар. Енді газ келді. Мұнан артық не істеуіміз керек сіздерге? Жақсылап жұмыс істеңіздер, табысты болыңыздар. Елімізге қызмет етіп, өз жағдайларыңызды, елдің жағдайын ойлайтын болыңыздар. Газ құбырын ағытуға рұқсат», – деді Мемлекет бас­шысы. Айта кетейік, таяуда ғана қо­сылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құ­быры арқылы еліміздің оңтүстігіне отан­дық газ келе бастады. Соның нә­ти­жесінде 200 мыңнан астам халқы, 40 мың тұрғын үйі бар Түркістан қаласы экологиялық отынға қол жеткізіп отыр.
Бұдан бөлек, Президент «стартымен» тағы бірқатар нысандарға жан бітті. Айталық, жалпыұлттық телекөпір арқылы Қапшағай күн электр стансысы салтанатты жағдайда іске қосылды. Күн электр стан­сы­сының қуаты 2 МВт құрайды. Бұл 600 үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге же­теді. Елбасы бұл нысанды еліміздің «жа­сыл экономикаға» көшуіндегі алғашқы қарлығаштардың бірі ретінде атап өттті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы Ал­маты облысы Панфилов ауданындағы Жар­кент крахмал-сірне зауытына да іске сәттілік тіледі. Айтпақшы, Елбасы дәл осы Жар­кент зауытының өнім өңдеудегі орнын ерек­ше атап, бұрнағы жылдары Қазақ­стан­дағы «жүгерінің Отаны» саналатын өңірге айрықша маңыз арта сөйледі. «Пан­фи­лов ауданы өзінің жүгері сұрыптары ар­қылы бүкіл Одаққа аты шыққан, мақ­та­ныш­қа ие өңір-ді. Алайда бұл дәрежеден соңғы уақытта айырылып қалдық. Оны қай­тадан қалпына келтіруге тиіспіз. Сон­дықтан да жүгеріні терең өңдеуге кіріс­кен­деріңіз қуантады», – деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының батасымен Қарағандыдағы темір-бетон бұ­йымдарын өндіретін нысан, Қос­та­най­дағы мұрыпты прокат зауыты, «Химфарм» АҚ жаңа өндірістік қуаты, Маңғыстау жол битумын өндіру зауыты, «Номад» авто­кө­лік өндірістері жұмысқа кірісті. Индус­трия­лан­дыру шарапатымен осындай жоба­лар­ға «іске сәт» деп рұқсатын берген Елбасы, ны­сандардың өңірлер экономикасына қан жүгіртетіне сенімді екенін айтты.
Индустрияландырудағы ендігі бесжылдық өңдеуші саланың нақты міндетін шешетін болады
Сонымен, биыл индустрияландыру сая­­саты­ның төртінші жылы қорытынды­ла­нып отыр. Бесжылдық индустрияландыру­дың 2010-2013 жылдары аралығында 600-ден астам жоба іске қосылыпты. Оның 125-і ағымдағы жылы пайдалануға бе­­ріл­ген. Индустрияландыруға қатысушы кәсіп­орындар 2,5 трлн теңгенің өнімін шы­ға­рыпты. Бұның өзі Қарағанды мен Павло­дар се­кілді индустриялық облыстардың өні­міне тең көрсеткіш. Индустрияландыру кар­тасының объектілеріне 60 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орындарымен орна­лас­қан. Әлем алмағайып күй кешіп, дағда­рыс­тан күйбең тірлігі кері кетіп отырған тұста қазақстандық көрсеткіш шынымен-ақ мақтанарлық. Салтанатты шара бары­сында осындай көрсеткіштерге мән бере сөйлеген Елбасы бұрын елімізде мүлдем болмаған өндіріс пен тауарлар іске қо­сылғанын да тілге тиек етті. Cосын сөз ара­сында Президент индустрияландыру аясындағы ілкі жобаларға тоқтала келе, мұнда ел тарихында бұрын болмаған жо­ба­лардың жүзеге асып жатқанын алға тарт­ты. «Бұл – біздің, барша қазақстан­дық­­тар­дың ортақ жеңісі. Сонымен қатар мұ­­ның барлығы экономикамыздың бәсе­кеге қа­білеттілігін арттыруға, қазақстан­дық­­тарды лайықты жұмыспен қамтамасыз етуг­е, жұрттың өмірі сапасы мен тұрмысын жақсартуға бағытталып отыр. Жүзеге асып жатқан осы жобалардың арқасында 2013 жылдың қорытындысы бойынша эконо­ми­ка өсімі 6 пайыз деңгейінде күтіледі. Әлемнің барлық мемлекеттері жапа шегіп отырған жаһандық дағдарыс жағдайында бұл аса маңызды көрсеткіш», – деді Н. На­зар­баев. Президенттің айтуынша, биылғы инфляция 5 пайыздан аспайды, ал жұ­мыс­сыздық 5,2 пайыздан өспейді. Бұл да же­ңіс­ке лайық көрсеткіш. Ал ендігі міндет не­шік? Президент осы тұста индустрия­лан­дыру бағдарламасының келесі бес­жыл­дығы бірқатар өңдеуші саланың нақты міндеттерін шешуі керектігіне тоқталды. «Біздің өнімдеріміз сапалы, сұранысқа сай болғанда ғана бәсекеге төтеп бере аламыз. Біз өндірісті дамытудың 2020 жылға де­йінгі екінші бесжылдығын жүзеге асыратын боламыз. Істеген жұмысымыздың барлы­ғын сараптап, жеткен жетістігімізге риза бо­лып, болашаққа бет бұратын шақта отыр­­мыз», – деді Н. Назарбаев.Осыған орай, Елбасы бірінші бесжылдық тәжіри­бесін ескере отырып, алдағы қадамдар нақ­ты есептеліп, екшелген болуы керектігін қаперге салды. «Екінші бесжылдықтың мін­деттерін, жоспарларын даярлау бары­сында сапаға, тиімділікке, жоспарлардың бір-бірімен байланыстылығына баса мән беруге тиіспіз. Үкіметтің ішкі, сыртқы және мемлекеттік инвестиция тартудағы нақты жоспары болуы шарт», – деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы екінші бесжылдыққа енетін әрбір жоба барлық критерийлермен терең зерделенуі тиістігін атап өтті.
Президент бизнесті заңсыз тексеретіндерге соңғы ескерту жасады
Сөз арасында шағын және орта биз­несті дамыта түсу жайында да көп айтыл­ды. Сосын бұл жолы да Нұрсұлтан Назар­баев биз­нестің қамқоршысы ретінде біраз жайт­тың басын ашып, біраз жайтты ат­қа­рушы биліктің бетіне басып айтты. Со­ның ішінде әлі де болса тыйылмай келе жат­қан заңсыз тексеруге ойысып, Елбасы соңғы ескерту жасағандай болды. «Заңсыз тек­серу егер де тыйылмаса, бірқатар тек­се­ру­ші органдарды тарату туралы шешім қа­был­­да­уым да мүмкін. Барлық ми­нистр­­лік­тер бү­гінде тексерудің қысы­мын­да жүр. Олар қайдан шығып жатыр? Бізде Пар­ламент жанындағы Есеп пала­та­сы бар. Оның міндеті – кеңестік ана­хро­низм­мен ай­налысу емес, аудит жүргізу. Жа­сы­рын арыз қаралмасын. Өйткені өз­де­рі арыз жа­зып алады да, өздері тексе­реді. Мұндай жол­мен кете берсек, мен Қа­зақ­стандағы бір­қатар тексеруші орган­дар­ды тарату ту­ралы шешім қабыл­дай­мын», – деді Ел­басы.
Бұл ғана емес, енді бизнесті заңсыз тек­серген шенеуніктерге жаза қатаңда­ты­лады. «Бизнесті заңсыз тексергені үшін ше­неу­ніктерге жазаны қатаңдату бойынша ша­ралар қабылдау маңызды болып табы­лады. Бұл мәселеде Бас прокуратура өз міндетін әлі де болса аяғына дейін орын­дап отырған жоқ», – деді Мемлекет бас­шысы. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың тоғыз айының ішінде ғана 140 мың заңсыз тек­серу жүргізілсе, соның жартысынан астамы жоспардан тыс, яғни мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған ақ­параты негізінде орын алған екен. «Біз на­рықтық экономика құрушы елміз. Бізде іс жүр­гізіп, адамдарға жұмыс, жалақы беретін бизнес пен бизнесмендерді қолдау өткір назарда болуы тиіс. Мен Қазақ­стан­дағы шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болатын нормаларды алып тастау үшін біздің заңнамаға тез арада ауқымды тексеру жүргізу қажет деп санаймын. Бұл тұрғыда, жетекші рөл Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Елбасы құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға тез арада заң­намаға тиісті өзгертулер енгізуді тап­сыр­ды. Онда өзгерістерді Парламент те созбақтатпай қарап шығуы керек. «Жалған негіздерге сүйеніп, заңсыз тексеруді жүзеге асы­ратындар сыбайлас құқық бұзу­шы­лықпен теңестірілсін. Менің білуімше, заңсыз тексеруге келгендер қандай да бір пайда көруді тіміскілеп отырады. Олар тым болмағанда мейрамханаға отырып, тегін тамақтануды жөн көреді екен. Ұят. Мем­ле­кеттік қызметшінің жалақысы жет­кі­лікті емес пе? Мемлекеттік қызметте іс­те­гің кел­месе, бизнеске барып еңбек­тен», – деді Н. На­зарбаев.
Түйіндей айтқанда, Елбасы шағын жә­не орта бизнесті «Қазақстан – 2050» стра­те­гиясындағы міндеттерді алға сүйрейтін басты мәселе ретінде қарайтынын жеткізді. «Әлемнің дамыған мемлекеттерінің эко­но­ми­касында шағын және орта бизнес тұтас ұлт­тық өнімінің тең жартысын немесе басым бөлігін өндіреді. Германияда орта жә­не шағын бизнес саласында еңбекке қа­білетті халықтың 60%-ы жұмыс істейді. Бұл сектор ұлттық табыстың 50%-ын қам­тамасыз етіп отыр. Шағын кәсіпкерлік са­ласында Ұлыбританияның ересек тұр­ғын­дарының 48%-ы еңбек етсе, Жапонияда бұл көрсеткіш 70%-дан асып жығылады. Шағын және орта бизнес Канаданың ЖІӨ-нің 46%-ын құрайды, ал Италияда ол –  70%-дан астамы. АҚШ-та олардың үлесі 97%-ды құрайды. Біздегі көрсеткіш – ша­мамен 25%. Әрине, бұл соншама аз бол­мағанымен, дегенмен біз алдымызға 30 дамыған ел қатарына кіру мақсатын қойып отырмыз. Мен жаңа атаған мемлекеттер осы озық отыз ел қатарында. Ендеше, со­лар­ға қарай ұмтылу қажет», – деді Мем­лекет басшысы.
Үздіктер өз марапаттарын тапты
Думанды салтанатты жиынның ша­рық­тау шегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрге сай «Алтын сапа», «Қазақстанның ең үздік тауары» және «Парыз» конкурстарының Гран-при жүл­де­сін иеленгендерді құттықтауымен жал­ғасын тапты. «Сіздердің марапаттарыңыз отандық кәсіпкерлер үшін үлгі боларлықтай жоғары жетістік. Бұл Сіздердің Қазақ­стан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына қос­қан зор үлестеріңіз, халықтың әл-ауқа­тын арттыруға жасаған септіктеріңіз. Мен баршаларыңызды осындай лидерлікке ұм­тылуға шақырамын. Көшбасшы деп та­ныл­ғандар да жетістікпен тоқтап қалмасын. Біздің Отанымызды бірге гүлдендірейік!» деген Елбасы өз миссиясын орындап, жүл­дегерлерге марапаттарды табыс етті.
Айтпақшы, «Бизнестің әлеуметтік жа­уап­кершілігі» атты республикалық «Парыз» сый­лығының бас жүлдесі Шығыс Қазақ­стан облысындағы «Өскемен титан-магний ком­бинаты» АҚ-ға бұйырды. Ал Прези­денттің арнайы сыйлығы «2013 жылдың өн­дiрiстегi үздiк инновациялары» атты «Ал­тын сапа» жүлдесін Ақтөбе облысын­дағы «ҚазХром» АҚ» трансұлттық компа­ния­сы ен­шіледі. «2013 жылдың үздiк ин­дус­трия­­л­ық жо­басы» атты ҚР Президентiнiң екiн­шi ар­на­йы сыйлығымен Қостанай об­лы­­сындағы «Номад» автокөліктерін шы­ғара бас­таған «Сарыарқа АвтоӨнеркәсiбi» ЖШС марапатталды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста